Accessibility links

"Тоқаевты сынаушыларды саяси қабілетсіз етіп көрсетуге талпыныс". Жаңа ереже бойынша өтетін парламент сайлауына саясаттанушы көзқарасы


Қазақстан президентін кезектен тыс сайлау күні Алматыдағы сайлау учаскесінің бірінде. 20 қараша, 2022 жыл.
Қазақстан президентін кезектен тыс сайлау күні Алматыдағы сайлау учаскесінің бірінде. 20 қараша, 2022 жыл.

Парламент сайлауына 29 бірмандатты округті қатыстыру – көзбояушылық және Ақорданың жаңа стратегиясының бір бөлігі. Саясаттанушы Димаш Әлжанов осылай дейді. Ол Азаттыққа берген сұхбатында бұл ережелер не үшін енгізілгенін, неге оларды демократизацияға талпыныс деп қабылдамау керек екенін және либерал көзқарастағы қоғам өкілдері сайлау науқанын қалай өз пайдасына асыра алатынын айтып берді.

"НАРАЗЫЛАР ДАУЫСЫН БӨЛУ"

Азаттық: Қаңтар оқиғасынан кейін президент Тоқаев бірқатар реформа жариялады. Олардың қатарында парламент сайлауына қатысты өзгерістер де бар. Жаңа ережелерге сәйкес, мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім, 30 пайызы бірмандатты округтер бойынша сайланады. Бұл 19 наурыздағы парламент сайлауы осыған дейінгі сайлауларға қарағанда әлдеқайда қызық әрі еркін болады дегенді білдіре ме?

Димаш Әлжанов: Жоқ. Басқа сайлаулардан айырмашылығы – Алматыдағы бірмандатты округтерден ұсынылған кандидаттар есебінен қызу бәсеке болып жатқандай көрінеді. Бірақ жаңа сайлау жүйесінің мақсаттарына қарайық. Біріншіден, тіркелген жеті партия парламенттің 70 пайызына немесе 69 орынға таласады. Олардың бәрі президентті қолдайды, арасында бірде-бір оппозициялық партия жоқ. Сәйкесінше, сайлау қалай жүрсе де, депутаттардың үштен екі бөлігі президентті жақтайтын кандидаттар арасынан таңдалады. Ақорда жүйе өзгермейтінін, Тоқаев парламентті бақылауда ұстай беретінін анық көрсетіп отыр.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов.
Саясаттанушы Димаш Әлжанов.

29 бірмандатты округтен тұратын мажоритар құрылымға келсек, қулық мынада: Тоқаевты сынап жүрген оппозициялық кандидаттар тіркеуден өткенімен, сайлауды бақылау және дауыс санау жүйесі өзгерген жоқ. Орталық сайлау комиссиясынан бастап учаскелік сайлау комиссияларына, яғни дауыс санайтын адамдарға дейін президентті жақтайтын жеті партиядан жиналады. Оған қоса, сайлауда әкімдік тағайындаған мемлекеттік қызметкерлер жүреді. Яғни президент әкімшілігі сайлау нәтижесін бақылап отыр. Ал режимнің ұйымдаспаған қарсыластарын сайлауға қатыстыру арқылы қызу бәсеке жүріп жатқандай көрсетуге тырысады.

29 сайлау округі аумағы мен сайлаушылар саны бойынша тым үлкен. Бұл округтерде тиімді сайлауалды науқан ұйымдастыру үшін көп қаржы мен ресурс керек.

Алматыда үш округ, басқа аймақтарда бір округ облыс аумағымен бірдей болуы мүмкін. Кандидатқа аз уақыт ішінде облыс аумағындағы электораттың басын қосып, штаб құрып, түсінікті сайлау науқанын жүргізуге тура келеді. Бұған бір кандидатқа бөлінген қаржыдан да көп ресурс керек. Заң сайлау науқаны қарапайым әрі уақыт пен қаржы жинауға қатысты шектеулерге байланысты қиын болатындай етіп жазылған.

Ақорда Алматыға үш округ бөліп, қоғамның оппозициялық көзқарастағы бөлігінің саяси өкілдігін мейлінше шектеуге тырысты. Тоқаевты сынап жүрген кандидаттар бір-бірімен бәсекеге түседі. Алматыдағы округтерге бәрін бірдей тіркей берген.

Мұның бәрі – стратегияның бір бөлігі. Билік әкімшілік және қаржылай ресурстарын пайдаланып, Тоқаевтың сыншыларын саяси қабілетсіз етіп көрсеткісі келеді. Бұрын кандидаттарды сайлаудан шеттетуге тырысса, қазір қарсыластарын жеңуге тырысады. Наразылар дауысын көп кандидат арасында бөлу арқылы Ақордаға өзіне адал "оппозиционерлер" мен журналистерді қолдау оңай болады. Олардың пікірінше, бұл ішкі аудитория мен халықаралық қауымдастықты сендіруі керек.

Қазақстан кезектен тыс президент сайлаған күні наразылық акциясына шыққан "Oyan, Qazaqstan" қозғалысы белсенділері. Алматы, 20 қараша, 2022 жыл.
Қазақстан кезектен тыс президент сайлаған күні наразылық акциясына шыққан "Oyan, Qazaqstan" қозғалысы белсенділері. Алматы, 20 қараша, 2022 жыл.

Азаттық: Бірақ Қазақстан сияқты елде бәрі аяқ астынан демократия жолымен жүріп кетеді, жүйелі оппозиция пайда болады, парламентке лайық азаматтың бәрі депутат бола алады деп сенудің қажеті жоқ. Демократияға жол бірнәрседен басталуы керек қой. Басы осы шығар, бәлкім?

Димаш Әлжанов: Саяси күреске араласқанда қарсыласыңыз бен оның ойын жақсы түсінуіңіз керек. Әйтпесе қарсыласу стратегиясын құру қиын болады. Мақсат пен нақты жоспар болмағаны, сонымен бірге сенгіштік қасиет қарсыласыңыздың пайдасына шешілуі мүмкін.

Қазір дәл солай болып жатыр. Тіркелмеген оппозиция өкілдері, жекелеген азаматтық белсенділер, танымал журналистер кандидат болып тіркелсе де, олардың саяси науқанды өз мақсатына пайдалануға қаржылай мүмкіндігі жеткілікті емес. Бұл әлсіз қарсыластарын пайдаланып, бәсеке имитациясын жасап жатқан режимге тиімді. Ол осы арқылы халыққа қарсыластары билік үшін күресуге қабілетсіз екенін көрсеткісі келеді.

Екінші жағынан, сайлау қоғамда саясатқа араласуға сұраныс барын көрсетті. Оппозиционерлер мен белсенділер өз науқандары арқылы осыны қоғамға жеткізіп, сайлауға қатысты дұрыс түсінік қалыптастыруы керек. Сонда жеңіске жетеді.

Азаматтардың көбі өзгеріске сұраныс барын, бірақ саяси жүйе мен Тоқаев оларды бұл мүмкіндіктен шектеп отырғанын түсінуі керек. Сайлау науқанының қорытындысы осы екі месседж болуға тиіс. Бұл сайлау – билікті ұстап қалу үшін жасалған кезекті манипуляция ғана. Біздің жағдайда демократияның жолы билікті ауыстырып, авторитар режимді құлатудан басталады.

"ЗАҢДАР, САЙЛАУ ЖҮЙЕСІ МЕН РЕСУРСТАР РЕЖИМНІҢ ПАЙДАСЫНА ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ"

Азаттық: Депутаттыққа үміткер болып тіркелген белсенділер мен журналистер туралы сөйлесейік. Олар жүйемен өз ережесі бойынша ойнап, жеңіске жетеміз деп ойлайтын ақымақ адамдар емес сияқты. Екіншіден, олардың артында үлкен аудитория тұр. Әрине, әлеуметтік желіге қарап баға беріп жатырмыз. Бірақ олардың көбін әлеуметтік желіден тыс жерде де халық танып, жақсы көріп, қолдауға, көмектесуге дайын тұрады ғой.

Димаш Әлжанов: Оппозицияны қолдайтын сайлаушылар бар, олар осы адамдардың басын қосып, учаскеге келіп, дауыс беруге шақыруы керек. Кандидаттарға бақылау, есеп жүргізу кезіндегі күрес немесе Беларусьтегідей қатар есеп жүргізу сияқты механизмдер ұсынып, олардың дауысын қорғау керек. Бұл үлкен ұйымдастырушылық ресурстарды қажет етеді.

Қазақстанда режим оппозицияның түбіне жеткен. Тоқаев саяси белсенді Жанболат Мамай мен "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының қалған бөлігін қудалап, қоғамды ұйымдасқан оппозициядан айырды. Жүйеден тыс кандидат сайлауға қатысып, әлеуметтік желідегідей қолдауға ие боламын деп ойламауы керек. Бұл – қате картина. Заң, саяси жүйе мен ресурстар Тоқаев режимінің пайдасына жұмыс істейтінін еске салғым келеді. Шектен тыс энтузиазм мен сенгіштік қоғамда қате көрініс қалыптастыруы мүмкін. Бұл жайт Ақорданың манипуляциясы нәтиже бергенін көрсетеді.

Азаттық: Бірақ бірмандатты тәуелсіз кандидаттар арасында жеңіске мүмкіндігі көп, билікшіл бәсекелестерін жолда қалдыратын тұлғалар бар.

Димаш Әлжанов: Мұндай жүйесіз кандидаттар адал сайлауда сөзсіз жеңіске жетеді. Ол үшін кандидаттарға дұрыс сайлау жүйесі мен тең мүмкіндіктер керек. Бірақ біз Қазақстан туралы айтып отырмыз, бұл жақта орта оларға қарсы ойнайды. Тоқаев бұл өзгерістерді билігін сақтап, парламентті бақылауынан шығармау үшін қабылдады.

Азаттық: Елді жақсы жаққа қарай өзгертуді армандайтын бірмандатты округтерден сайланған тәуелсіз кандидаттардың бір бөлігі депутат болды делік. Олар шынымен өзгерістерге әсер ете ала ма?

Димаш Әлжанов: Жүйеден тыс кандидаттарды Алматыда кездестіре аламыз. Басқа өңірлерде ондай жоқ. Бәрі әкімнің қолында, билікті децентрализацияламай, жергілікті биліктің өз саяси өлшемі пайда болмайды.

Қазақстандағы жүйе уытты болғаны соншалық, өңірлерде мықты саясаткерлерге жол ашылмай отыр. Бұған округтер аумағының үлкендігін, елді мекендердің бір-бірінен шалғай орналасқанын, саяси өмірдің жоқтығын қосыңыз.

Алматыда режимнің қарсыластарынан бөлек, Тоқаевқа адал, жемқорлықпен күресті алға тартқан, Қаңтар оқиғасынан кейінгі трендке ілесіп, Назарбаевты ашық сынап жүрген қоғам қайраткерлері мен саясаткерлер де барын ұмытпайық. Парламентке дәл осы кандидаттар өтіп кететін шығар. Алматыдан екі, Қазақстан бойынша үш-төрт депутат болуы мүмкін.

Бұл депутаттарда көп мүмкіндік пен тәуелсіздік болмайды. Өйткені олар билікке адал. Екіншіден, Қазақстанда депутаттарды орнынан алып тастау жүйесі енгізілді. Енді депутатқа қанша адам дауыс бергеніне қарамастан, 10 пайыз қол жинау арқылы оны қызметінен босатуға болады. Мұндай тәжірибе мандат тәуелсіздігі принципіне қайшы келеді және бақылау элементі болып есептеледі. Мысалы, әкім бастамашыл топ арқылы округтен қол жинап, мандатты тартып алуы мүмкін. Мұндай жағдайда депутаттан салмақты әрі тәуелсіз қызмет күту қиын. Олар көбіне келісімге келуге, билікпен ортақ шешім табуға тырысады.

Қазақстан президентін кезектен тыс сайлауға дауыс беріп тұрған адам. Алматы, 20 қараша, 2022 жыл.
Қазақстан президентін кезектен тыс сайлауға дауыс беріп тұрған адам. Алматы, 20 қараша, 2022 жыл.

Сондықтан парламент сайлауынан кейін Тоқаевтың режимі күшейіп, алдағы жылдары парламент құрамы туралы сұрақтар жойылып, депутаттар сөз еркіндігі мен медиа қызметіне байланысты жаңа шектеулерге кезігеді.

"КӨППАРТИЯЛЫҚ ПЕН ЖАҢАРУ ИМИТАЦИЯСЫ ҮШІН ҚҰРЫЛДЫ"

Азаттық: Қазақстанда Respublica және "Байтақ" жасылдар партиясы құрылды. Олар да партиялық тізім бойынша кандидаттарын ұсынды. Олардың өзін қалай көрсететінін білмейміз. Неге оларды саяси жүйені демократияландыруға көмектесетін күш ретінде қарастырмасқа?

Димаш Әлжанов: Бұл партиялар – президент әкімшілігінің өнімдері. "Нұр Отан", "Ақ жол" мен Қазақстан халық партиясынан көп нәрсе алдық па? Respublica мен "Байтақ" та көппартиялық пен жаңару имитациясын көрсету үшін ғана құрылған.

Олар адал адамдар шеңбері арқылы Тоқаевтың позициясын күшейткісі келеді. Тоқаев аталған партиялардың басшыларын марапаттаған. Олар президентке жақын. Партиялардың саяси тәуелсіздігі жоқ, яғни саясаттың жеке субъектісі бола алмайды.

Режим "Қазақстанның демократиялық таңдауы" сияқты шынайы қарсыластарын партия ретінде тіркемейді. Режим партия құруға мүмкіндік берсе, жарты жылдан кейін облыстарда олардың жақтастары мен филиалдары пайда болады. Екі жылдан кейін үлкен митингілерге шығып, Тоқаевқа қарсы көтеріледі. Осыны түсініп, автократтар тәуелсіз партиялардың құрылуына жол бермейді.

"ЕРТЕ МЕ, КЕШ ПЕ, ХАЛЫҚТЫҢ ТОҚАЕВТАН КӨҢІЛІ ҚАЛАДЫ"

Азаттық: Қаңтар оқиғасы мен президент уәде еткен демократиялық реформалардан кейін қоғамда "президент Қазақстанға оң өзгеріс әкеледі" деген пікір қалыптасты. Жаңа Қазақстаннан үміттілердің ортасында қазір не болып жатыр?

Димаш Әлжанов: Билігінен айырылу қаупі төніп, келісімге келуден басқа амал болмағанда ғана Тоқаевты демократизацияға көндіруге болады. Ол да – бұрынғы президент сияқты автократ, билігінен ажырағысы келмейді.

Ерте ме, кеш пе, халықтың Тоқаевтан көңілі қалады деп ойлаймын. Тоқаев көп уәде берді, бірақ орындамады, аз уақыт ішінде көп өтірік айтты. Бұған Қаңтарда халыққа ескертусіз оқ ату туралы бұйрығын және қантөгіске қатысты дұрыс зерттеу жүргізбегенін қосыңыз.

Тоқаевтың уақыты аз. Ол саяси карьерасына 69 жасында келді. Алдағы жеті жылда экономикадағы ықпалын арттыру үшін билігін мейлінше пайдалана алады. Ғалымдар авторитар елдерде басшы билікте неғұрлым аз уақыт отырса, соғұрлым жемқорлық пен активтерді елден шығару күшейетінін байқаған. Назарбаев меншігі мен активтерін қайта қарау науқаны осыған байланысты деп ойлаймын. Тоқаев саясаты соған баса мән беруі мүмкін.

Демократия реформаларын бастау үшін саясаткер жеке биліктен айырылуға, қоғам мүддесін қара басының қамынан жоғары қоюға дайын болуы керек. Бұл айтылғандардың Тоқаевқа қатысы жоғы түсінікті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG