Accessibility links

"Тағы бір наразылық бұрқ ете қалуы мүмкін". Қаңтар оқиғасын зерттеген АҚШ журналисімен сұхбат


Алматыдағы наразылық. 5 қаңтар 2022 жыл.
Алматыдағы наразылық. 5 қаңтар 2022 жыл.

"Қаңтар оқиғасына түрткі болған мәселелер жойылған жоқ, өрт кез келген сәтте тұтануы мүмкін" дейді Қаңтар оқиғасын Қазақстанға келіп зерттеген америкалық журналист, жазушы, Fulbright бағдарламасының стипендиаты Шерил Л.Рид.

2022 жылдың қаңтарында Қазақстанда бейбіт басталған наразылық қалайша зорлық-зомбылыққа ұласты? Билік оқиғаны халықаралық зерттеуден неліктен бас тартты? Қаңтар оқиғасы қоғамның билікке көзқарасын қалай өзгертті? Азаттық бұл туралы үздік журналистік зерттеу авторына берілетін Голдсмит сыйлығының иегері Шерил Л.Ридпен сөйлесті.

Шерил Л.Рид былтыр қаңтардың басында жұрт наразылыққа шыққан Қазақстан аймақтарын төрт ай бойы аралап, оқиғадан хабар таратқан жергілікті журналистермен сұхбаттасты. Ридтің Қаңтар оқиғасын журналистердің көргенімен баяндаған мақалалар сериясы АҚШ-тағы Diplomat басылымында өткен аптада жарық көрді.

ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫН ЗЕРТТЕУ: ЖУРНАЛИСТЕРМЕН СҰХБАТ, ҰҚҚ-НІҢ АҢДУЫ

Азаттық: Бір жыл бұрын Қаңтар оқиғасында шын мәнінде не болғаны әрқилы түсіндіріледі. Тоқаев елге "террористік шабуыл жасалды" деп мәлімдеді. Сонымен қатар ол жоғары лауазымды тұлғалардың "мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғанын" хабарлады. Жақында мәжілісте бас прокурор Берік Асылов та осылай деді. Қазақстан халқының арасында "элита ішінде күрес жүрді" деген сөз бар. Бұл мемлекеттік төңкеріс әрекеті ме, әлде тез тұтанып, бейберекетке ұласқан халық наразылығы ма? Сіздің ойыңызша, шын мәнінде не болды?

Америкалық журналист Шерил Л.Рид
Америкалық журналист Шерил Л.Рид

Шерил Л.Рид: Мен сұхбаттасқан адамдардың барлығы дерлік − үкіметтік емес ұйымдарды басқаратын беделді адамдар, белсенділер астыртын сөз байласу теорияларын алға тартты. Мен АҚШ-танмын, ондай астыртын сөз байласу теориялары маған қызық емес. Өз елімде астыртын сөз байласу теориясы көп, олар ешқашан дәлелін тапқан жоқ. Сондықтан ондай теорияларға сенбеймін.

Бір қызығы, мен сөйлескен шетелдік журналистердің ешқайсысы астыртын сөз байласу теориясына сенбейді, ал жергілікті журналистердің бәрі керісінше, сенеді. Ондай астыртын айла-шарғылар қалай іске асуы керек еді дегеннің мен үшін мән-мағынасы болмады. Бәлкім, мен бұл елде тұрмағандықтан шығар. Қазақстанның саясатын жақсы түсінемін деп есептеймін, бірақ мұндайға сену қиын.

Бұл жобада негізінен журналистер сөз бостандығы туралы не дейді, олар өте қиын шақта, бүкіл жұрт елде не болып жатқанын білуі керек уақытта, көпшілік [интернет өшкендіктен] ақпараттық вакуумда қалғанда [адамдармен] қалай сөйлесті, соған назар аудардым. Полиция наразылыққа шыққандарды ғана емес, журналистерді де тоқтатып, жұмысын тежеуге тырысты. Сондықтан журналистер қалай хабар таратты, полиция мен биліктің қуғын-сүргініне қалай қарсы тұра алды, қандай қауіп-қатерге бас тіккенін түсінді ме, ол туралы не дейді, ол уақытта қандай сезімде болды, бұл қауіп-қатер олар үшін не білдіреді, осыны білгім келді.

Азаттық: Қазақстанда адамдармен сөйлесіп, деректер жинау кезінде ең қиын нәрсе не болды?

Шерил Л.Рид: Ұлттық қауіпсіздік комитеті мені аңдыды, мені видеоға түсіріп жүрді. Менің, аудармашыларымның және мен сұхбат алған адамдардың ізіне түсті, осы оқиғаның картинасын жасап шығуыма кедергі келтірді.

Бір қызық жайтты айтып берейін. Ақтөбеде өзім тұрып жатқан қонақ үйдің кішкентай үйшігінде журналистен сұхбат алып отырдым. Бір жігіт ары-бері өтіп жүріп, бізді ашықтан-ашық түсіре бастады. Мен тәуелсіз журналиспін, ондайға етім үйреніп кеткен. Сол кезге дейін мені көп адам ашық түсірген, бірақ бұл жолы менің ашуыма тиді. Сөйтіп әлгі жігіттің қасына барып, айғайлап ұрыстым. Ол мұндайды күтпеген сияқты, сол жерден кетіп қалды.

Олар мұның бәрін соншалықты ашық жасап жүрді. Үстеліміздің жанынан қалтасына камера салған бағбан өтеді. Немесе қонақ үйдегі үйшіктің ішіне ешкім кіре алмайтын еді, бірақ аяқ астынан терезе ашылып кетті. Кез келген жолмен бізді тыңдауға тырысты. Бір жағынан бұл күлкілі, екінші жағынан адамның шамына тиеді.

ОҚИҒА ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАЛАЙ ҰЛАСТЫ?

Азаттық: Зерттеуіңізге қайтып оралсақ, сіздің ойыңызша, Қазақстанның әртүрлі өңірінде сұйылтылған газдың қымбаттауы мен әлеуметтік мәселелерден басталған бейбіт наразылық қалайша зорлық-зомбылыққа ұласты? Ол әдейі ұйымдастырылды ма?

Шерил Л.Рид: Меніңше, Жаңаөзен мен Ақтауда наразылыққа қарапайым халық шықты. Кей адамдар осы жағдайды пайдаланып, өз мақсатына бұруға тырысты. Журналистер наразылық көп ретте бейбіт болғанын айтты. Бірақ полиция әрекет ете бастағанда, ол зорлық-зомбылыққа ұласты.

Осылайша наразылыққа шығуға болмайтын, жиналуға рұқсат етілмейтін елде 2000, 3000, 4000 адам көшеге шыққанда, полицияның есі шығып, мазасы қашты. Олар резеңке оқ пен қатты дыбыс шығаратын арнайы құрал қолданды. Сол мезетте наразылар оларға қарымта жауап қайтарды.

Жанып жатқан қала әкімдігінің қасында қалған өртенген автокөлік қаңқасы. 5 қаңтар 2022 жыл
Жанып жатқан қала әкімдігінің қасында қалған өртенген автокөлік қаңқасы. 5 қаңтар 2022 жыл

Яғни, полиция қалың бұқараны таратқысы келген сияқты. Бірақ сізге әлдебіреу оқ ата бастаса, мейлі ол резеңке оқ болса да, сіз қорғана бастайсыз. Сондықтан [полицияның әрекеті] адамдарды таратудың орнына ахуалды одан бетер ушықтырып жіберген сияқты.

Азаттық: Жұрт мұндай жағдайда жергілікті биліктің әрекетіне, өздерімен қалай сөйлескеніне қандай баға берді?

Шерил Л.Рид: Меніңше, кей өңірде, әсіресе Жаңаөзен мен Ақтауда басқалармен салыстырғанда оң бағалады. Нәтижесінде ол жақтарда адам қазасы болған жоқ. Яғни, жергілікті биліктің халық алдына шығып, коммуникацияға бармауы мен адамдар қазасы арасында тікелей байланыс бар.

Қызылордада әкім (сол кездегі облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықова – ред.) наразылар алдына шығып, сөйлеспек болды, бірақ одан ештеңе шықпады. Сондықтан халық ашуы көтерілген кей жағдайда [жергілікті биліктің халық алдына шығып сөйлесуінің] көмегі тиген жоқ. Журналистердің айтуынша, Алматыда наразылар ешкім олардың алдына шықпағанына ашуланды, олардың күшке жүгінуіне әкеп соқтырған себептердің бірі – сол.

Азаттық: Сіз сөйлескен адамдар президент Тоқаевтың "ескертусіз оқ ату" бұйрығы туралы не деді?

Шерил Л.Рид: Бұл туралы бірнеше адам айтты. Меніңше, мұны айтудан қорыққан сияқты, бұл өз аузына өзі қақпақ қоюға, шегінуге әкелді. Журналистер өздерін білетін полиция мен сарбаздар осы жағдайды пайдаланып, өздерін өлтіре ме деп қорықты. Көптеген белсенді адамдар кім екенін білместен оқ жаудырды деп бұл бұйрықты сынады.

ХАЛЫҚҚА ОҚ АТУ ЖӘНЕ ПРЕЗИДЕНТ ПЕН БИЛІКТІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

Азаттық: Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Еуропарламент оқиғаны халықаралық тергеуге шақырды. Дегенмен Қазақстан билігі халықаралық тергеуден бас тартты. Неліктен деп ойлайсыз?

Шерил Л.Рид: Қандай да бір нәрсені жасыратындар сырттан біреудің келгенін қаламайды. Президент рақымшылық жариялады. Осылайша ол кез келген тергеуді болдырмай тастады. Оқ атуға биліктің өз ішіндегі көптеген адам мен полиция жауапты. Бірақ бұл жауапкершіліктің шеті мен шегі қайсы? Президент ескертусіз атыңдар деді. Олай болса, [жауапкершілік] оның өзіне (президентке) тірелетін сияқты. Өйткені сарбаздар оның бұйрығын орындады.

Үкіметке наразылық білдіріп шыққан адамдар жиналған Республиа алаңында оларға қару кезеп тұрған әскери қызметкерлер. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл
Үкіметке наразылық білдіріп шыққан адамдар жиналған Республиа алаңында оларға қару кезеп тұрған әскери қызметкерлер. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл

Азаттық: Қаңтар оқиғасын қоғамдық талқылау негізінен Тоқаевтың ескертусіз оқ ату бұйрығы, оған жауаптылар мен оған қатысы бар тұлғалар төңірегінде өрбиді. Сіздің ойыңызша, оқиғаны қоғамдық талқылау басқа да тақырыптарды қамтуы керек пе немесе басқа қандай тақырыптарды қозғау керек деп ойлайсыз?

Шерил Л.Рид: Президент 20 мың террорист туралы айтты. Ол неліктен бұлай деді, бұл туралы теория мен талқы көп. Меніңше, әр қалада толқу болса, қалай әрекет етесің деген талқылау жүруі керек. Яғни, белгілі бір процедура болуы керек. Аумақты қоршауға аласыз ба? Әлде адамдарға өз пікірін айтуға рұқсат етесіз бе?

АҚШ-та көптеген наразылықтан хабар таратқан журналист ретінде айтарым, наразылыққа шығатын адамдар іштегісін шығарғысы келеді. Әдетте оларға наразылық білдіруге рұқсат етсеңіз, олар наразылықтан соң үйіне тарқап кетеді. Бас жарылып, көз шықпайды, кісі қазасы болмайды. Ал егер наразылықты тоқтатуға тырыссаңыз, одан түк шықпайды. Адамдарды ата бастаған сәтте, олар да қарымта жауап қайтарады.

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы көшесінде қару ұстап бара жатқан полицейлер. 5 қаңтар 2022 жыл
Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы көшесінде қару ұстап бара жатқан полицейлер. 5 қаңтар 2022 жыл

Меніңше, адамдар өзге жұртқа зиян тигізіп, дүние-мүлікті бүлдірмесе, митингілер сөз бостандығына, адамдарға іштегісін шығаруға мүмкіндік беруі керек. Оның бәрін бақылауға тырысудың арты жақсылыққа апармайды. Өйткені адамдар іштегі шерін, ашуын шығаруы керек.

Қаңтар оқиғасы туралы көп естіген нәрсе, наразылық қарапайым халықтан, төменнен басталды. Олардың шыдамы шегіне жеткені сонша, олар тіпті қамалуы мүмкін екеніне қарамастан наразылыққа шықты.

Елдің көп жерінде осы жағдайды байқасаңыз, онда проблемаға тап болдыңыз деген сөз. Иранға қараңызшы. Сөз бостандығы жоқ, бейбіт наразылыққа шығуға жол берілмейтін, жұрт азаматтық қарсылық көрсете алмайтын мемлекеттерде мұның арты ерте ме, кеш пе, толқуға ұласады. Адамдар бұл жағдайға қарымта жауап қайтарады әрі ол көп ретте бейбіт болмауы мүмкін.

Республика алаңында "Қарапайым халықпыз. Біз – террорист емеспіз!" деген жазу ұстап тұрған адамдар. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл. Фото авторы - Айдана Жанәділова
Республика алаңында "Қарапайым халықпыз. Біз – террорист емеспіз!" деген жазу ұстап тұрған адамдар. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл. Фото авторы - Айдана Жанәділова

Азаттық: Қаңтар оқиғасы – тәуелсіз Қазақстан тарихында билік халыққа оқ атқан екінші оқиға. Қаңтар оқиғасы қоғамның билікке көзқарасын қалай өзгертті? Сіз сұхбат алған адамдар бұл туралы айтты ма?

Шерил Л.Рид: Қарапайым адамдардан сұхбат алған жоқпын. Бірақ өзім сұхбат алған адамдардың бәрінен бұл оқиға елді қалай өзгерткенін сұрадым. Кей адамдар мүлде өзгертпеді деді, енді бірі бұл адамдарды даулы мәселелерді талқылауға ашық ете түсті, олар өздерін еркін сезіне бастады деді.

Бүкіл елді аралап, 20 мың миль (32 мың шақырым) жүріп өтіп, жұрттан сұхбат алған адам ретінде айтарым, тағы бір наразылық бола қалса, таңғалмаймын.

Себебі бұл наразылық қандай нәтижеге қол жеткізді? Көптеген адам ол ештеңе өзгертпеді, бәлкім, Тоқаев билігін күшейтіп, Назарбаев пен оның отбасын бақылаудан айырды деуі мүмкін. Кей жұрт бұдан ахуал мүлде өзгермеді деуі мүмкін.

Меніңше, Қаңтар оқиғасына түрткі болған мәселелер жойылған жоқ және өрт кез келген сәтте тұтануы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG