Қазақстан мәжілісі Қаңтар оқиғасына қатысушылар мен құқық қорғау органы қызметкерлеріне "Рақымшылық жасау туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдап, сенатқа жіберді. Олар құжатты "гуманизм акті" дейді. Ал құқық қорғаушылар жобаны "оқ атқандарды жазадан жалтарту амалы" деп сынады.
"ЕШКІМ ЖАЗАЛАНБАЙ" МА?
Заң жобасының кіріспесінде рақымшылық "Қазақстанда 2022 жылғы 4-7 қаңтар аралығында "жаппай тәртіпсіздіктер" мен олардың жолын кесу кезінде құқық бұзушылық жасаған адамдарға қолданылады" деп жазылған. Құжат мәжіліс сайтында 12 қазанда жарияланды.
Жыл басында Маңғыстау облысындағы газ бағасының өсуіне қарсы митинг Қазақстанның ірі қалаларында жалғасты. Бейбіт наразылық соңы бірнеше қалада дүрбелеңге ұласып, кемінде 232 адам оққа ұшты. Қаңтар оқиғасынан соң мыңдаған адам ұсталып, қылмыстық істер қозғалған. Бүгінге дейін, ресми дерек бойынша, 1060 адамға үкім шыққан. Бірнеше қалада азаматтар аяусыз азапталып, кемінде алты адам тергеу кезінде көз жұмды.
Заң жобасының кіріспесінде құжат "қоғамдық келісімді сақтау мақсатында қабылданды" деп жазылған. Бірақ билік күткен жаппай келісім бола қоймады. Қазақстандық құқық қорғаушылар мен азаматтық қоғам белсенділері рақымшылыққа ілігетін бірнеше бапты сынға алды.
Оның ішінде қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезiнде жасалған адам өлтіру (102-бап), қылмыс жасаған адамды ұстап алу үшiн қажеттi шаралар шегінен шығу кезiнде адам өлтiру (103-бап) және абайсызда қазаға ұшырату (104-бап) сияқты баптар бар.
"Амнистия қарапайым азаматтарға арналған нәрсе емес-ау деген күдігім болатын, — деп жазды құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 18 қазанда Facebook парақшасына. — 238 адамның өліміне ешкім жазаланбайды. Ешкім! Қазақстанда президент бұйрығымен қарапайым адамдарды өлтіре беруге болады екен".
МӘЖІЛІСТЕГІ ҚОЛДАУ МЕН ҚАРСЫЛЫҚ
Заң жобасын 19 қазанда мәжілісте депутат Гүлнар Бижанова таныстырды. Ол депутаттардың "тергеу изоляторларына барып, ұсталғандармен, олардың туыстарымен кездескенін" айтты.
— Жастардың негізгі бөлігі қылмыскерлердің, тәртіпсіздік ұйымдастырушылардың қолшоқпары болғанына көз жеткізе алдық. Олар қатты өкініп, кінәсін мойындады. Президентіміз осы қайғылы оқиғаларды ұйымдастырушылардың айтқанына еріп, тура жолдан тайғандарға аяушылық танытуға шақырды, — деді Бижанова.
Заң күшіне енсе, депутат сөзінше, рақымшылық шарасы ұрлық, тонау, қарақшылық, билік өкілін қорлау, қорқыту сияқты жиыны елу төрт баппен істі болған 1500-ге жуық адамды қамтуы мүмкін. Рақымшылыққа ілінген адам "ақталмайды", күдікті кінәсін де "мойындауы керек".
— Террористерге, экстремистер мен рецедевистерге, тәртіпсіздік ұйымдастырғандарға, азаптағандарға рақымшылық жасалмайды, — деді депутат.
Құжатты талқылау кезінде мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин "қорғаныс не ұстау кезінде абайсызда адам өлтірген" полицей мен әскерилердің рақымшылыққа ілінетіні туралы сұрады.
— Біздің азаматтарды қорлаған, зорлаған азаматтар болды. Солардың бәріне рақымшылық жасаймыз ба? Бұл гумандық жағынан қалай болады? — деді депутат. — Бұл прецедент біздің құқық қорғау органдарының қолын ашып, ертең, құдай сақтасын, осындай жағдай болып жатса, олар ойланбастан өлтіре бере ме сонда? "Бізге ертең рақымшылық болады" деп, қайтадан осыған бармай ма?
Жаңбыршинның сұрағына Қазақстан Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев жауап берді.
— Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздік болып, жекеменшік мүлікті бұзғандар, өртегендер, ұрлағандар болды. Оны құқық қорғау қызметкерлері тоқтату үшін арнайы іс шара қолданды. Ал қасақана жасалған қылмыстар — адам өлтіру, азаптау, билікті асыра пайдалану баптары бұл заң жобасында жоқ, — деді прокуратура өкілі.
Шындалиевтің сөзінше, қазір құқық қорғау органдарының 49 қызметкері тергеліп жатыр. Олар азаптау, билігін асыра пайдалану және адам өлтіру баптарымен күдікке ілінген.
— 49 қызметкердің біреуіне ғана — қылмысты жасыру бабымен күдікке ілінген азаматқа ғана рақымшылық жасалуы мүмкін. Қалғандары ілікпейді, — деді прокуратура өкілі.
Шындалиевтің жауабына депутаттың бәрі бірдей разы болмаған сияқты. Заң жобасын мәжіліс залындағы 97 депутаттың 93-і қолдап дауыс берді. Үш депутат қалыс қалып, біреуі дауыс берген жоқ.
Депутат Самат Мұсабаев — қалыс қалғандардың бірі. Мәжіліс отырысынан соң Азаттық тілшісіне берген сұхбатында ол "заң жобасының түсініксіз жерлері болғанын" айтты.
— Көкейімде сұрақтар тұрды, — дейді депутат. — Оқ атқан адам қамаудан шығып кете ме, шықпай ма, істері қалай қаралады? [Талқылау] ашық болған жоқ. Халыққа оқ атқан, халықты қырған адамдар жауапкершіліктен құтылып кете беруі керек деп ойламаймын.
"ЖЕНДЕТТЕРДІ АҚТАУ"
Халықаралық және қазақстандық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасына халықаралық тергеу жүргізуге көптен бері үндеп келеді. Қазақстан президенті биыл сәуірде оның "қажеті жоғын" айтқан.
Бірнеше қалада наразыларға оқ атқан полиция мен әскерилердің аты-жөні анықталғанымен, олардың үстінен қозғалған қылмыстық істер тоқтатылды. Ал оққа ұшқандардың туыстары мен адвокаттары марқұмдар қазасын тергеу құпия өтіп жатқанына, істер баяу қаралатынына жиі шағынады.
— Қарапайым азаматтар қазасы бойынша қылмыстық істер неге әлі күнге дейін сотқа жетпегені түсінікті болды, — дейді құқық қорғаушы Төреғожина Азаттыққа. — Қазір өлтірілген 238 адамның біреуінің ісі ғана сотқа жетті. Ол — малын бағуға бара жатып, астындағы атымен қоса өлтірілген талдықорғандық Ерназар Қырықбаевтың ісі. Қалған істің бәрін созып жатыр. Амнистия туралы заң жобасына "абайсызда өлтіру", "ұстау кезінде абайсыз өлтіру" сияқты баптарды бекерден-бекер қоспағанына сенімдімін. Олар бейбіт азаматтарды өлтіргендерді жазадан алып қалмақ.
Құқық қорғаушы, азаматтық белсенді Инга Иманбай рақымшылыққа Қаңтар оқиғасынан соң қамалған саяси тұтқындар ілікпейтінін айтады.
— Заң жобасын билік өзін-өзі толықтай ақтап алу үшін жасаған, — дейді ол. — Амнистияға ілігетін баптарға қарасаңыз, адам өлтіруге қатысы бар баптар бар. Ал түрмеде отырған саяси белсенділерді босататын бап жоқ. Мәселен, Жанболат Мамай жаппай тәртіпсіздік бабының бірінші тармағымен істі болып отыр. Заң жобасында оған амнистия жүрмейтіні жазылған. Бұл шара — көзбояушылық. Билік өзінің жендеттерін, оқ атқан адамдарды ақтап алу үшін жасағаны анық.
Заң жобасын таныстырған соң журналистер сұрағына жауап берген Бас прокурор орынбасары Әсет Шындалиев жауапқа тартылып жатқан полицейлер туралы қарама-қайшы мәлімдеме жасады. Ол Азаттық тілшісіне әуелі "азаматтарға оқ атқан полицейлер рақымшылыққа ілікпейді" десе, кейіннен "полицияның бірде-бір қылмысы қасақана әрекет деп сараланбағанын" айтты.
"МИТИНГІЛЕР ҚАРСАҢЫНДА"
Қаңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылық жариялайтынын президент Тоқаев 1 қыркүйектегі "сайлауалды жолдауында" айтқан. Құқық қорғаушылар мұны "қоғамдағы шиеленісті басу амалы" деп бағалап еді.
19 қазанда Алматы облысында "жұртшылықпен кездесуі" кезінде президент Тоқаев Қаңтар оқиғасына тағы тоқталды. Президент дүрбелең туралы әуелгі риторикасынан жаңылмады.
"Белгілі бір күштердің жетегіне ерген және кішігірім қылмыс жасағандарға рақымшылық жарияладым. Ал бұзақыларды, кісі өлтірушілерді, тонаушыларды қолдауға тырысатындардан сақ болу керек. Олар халқымыздың түпкі мүддесіне мүлдем сай келмейтін жеке мақсатты көздейді. Жуық арада мемлекетке сатқындық жасағандар, екіжүзділік және қорқақтық танытқандар сот алдында жауап береді. Қайғылы жағдайға жол берген немесе арандатушылық әрекет жасағандардың істері бойынша тергеу жалғасады" деді.
Саясаттанушы Димаш Әлжанов "Тоқаевтың Қаңтар оқиғасына қатысушыларды қаралауға тырысқан әр ұмтылысы сәтсіз шығады" дейді.
— Ол өзінің қателігін ұқпай отыр. Өзіне жауапкершілік алмайды. Өз мүддесін сенімсіз риторика мен қорқыту арқылы іске асырмақ. Бұлай кете берсе, түптеп келгенде қоғам оның сөзін [экс-президент Нұрсұлтан] Назарбаев сияқты қабылдамай қояды, — дейді ол.
Амнистия туралы мәжіліс мақұлдаған құжатпен танысқан саясаттанушы заң жобасының "кезектен тыс президент сайлауы алдында қабылданып жатқаны бекер емесін" айтады.
— Тоқаев осылайша ықтимал митингілер бола қалса деп, күш құрылымдарын жұмылдыруға күш салып жатыр. Ол полицейлер мен әскерилерге "режимді қорғау үшін наразыларға оқ ату, азаптау сияқты заңсыз әрекеттерің жазаланбайды" деген сигнал беріп отыр. Қазір Тоқаев билігі солқылдап тұр және одан әрі нашарлай бермек. Ол бар күшін режимді тұрақтандыруға, элитамен қатынасты түзеуге жұмсады. Ал қоғамның саяcи-экономикалық реформалар туралы талабын елеусіз қалдырды, — дейді Әлжанов. — Қоғамда оның саясатына наразылық күшейіп барады. Тоқаевпен жағдай мүшкіл боларына көзі жеткендер көбейді.
Мақалаға Азаттықтың Астанадағы тілшісі Нұргүл Тапаева атсалысты.
ПІКІРЛЕР