Accessibility links

"Ашық бұрмалау". Кандидаттар сайлаудағы заңбұзушылықтар туралы дәлел жинаса да, сотқа сөзін өткізе алмай отыр


Әр өңірдегі мәжіліс пен мәслихат сайлауының нәтижесіне наразы кандидаттар дауыс беру кезінде заңбұзушылықтар болды деп есептейді. Олар дауыстарды есептеп, бюллетеньді топтап салу фактілерінің видеосын жариялап, хаттама алу қиын болғанын айтып жатыр. Кандидаттар комиссия мүшелері хаттаманы түзетіп, сайлау қорытындысын бұрмалады деп күдіктенеді. Азаттық тәуелсіз кандидаттар жинаған дәлелдермен танысып шықты.

"ДЕРЕКТЕР СӘЙКЕС КЕЛМЕЙДІ"

Өскемендегі № 3 округте Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатына депутат болуға бес адам таласқан. Экология мен қала инфрақұрылымы мәселелерін көтеріп жүрген жергілікті белсенді Александра Осипова мен билік партиясы "Аманаттан" ұсынылған кандидат Сергей Бежецкий қатар келе жатқан.

Дауыс саналғаннан кейін Осипованың штабы округтегі 15 сайлау учаскесінің хаттамасын жинап алған. Хаттамалар Александра Осипованың 67 дауыс айырмашылығымен озып шыққанын көрсеткен.

Бірнеше күннен кейін округтік сайлау комиссиясының қорытынды хаттамасына қол жеткізе алмаған Осипованың штабы сайлауда Қазақстандағы жалғыз уран отынын өндіруші, қаладағы негізгі кәсіпорын – "Үлбі металлургиялық зауыты" компаниясының басқарма төрағасы Сергей Бежецкий жеңіске жеткенін естіген. Сайлау учаскелері берген хаттамаларға сәйкес, 2083 дауыс жинаған кандидатқа қорытынды хаттамада тағы 100 дауыс қосылған.

– Мынаған назар аударыңыз: біздің округте ғана дауыс берушілер аз болды, өйткені бірнеше рет қатарынан дауыс беруге келгендерді анықтап, дауыс санау процесін видеоға түсіріп, қорытынды санақ жүргізуді талап еттік. Қалған учаскелерде осындай "белсенді" дауыс берілгендіктен, сайлаушылар үлесі де, жеңімпаздар дауысы да жоғары болды. Өз ауданымда дауыс беруге барғанымда, сайлаушылар тізімі жазылған журналдың беттері бос тұрған еді, – деп жазды Осипованың сенімді өкілі Роман Честных.

Роман Честных өзі ұсынып отырған сандарға сенімді екенін, округтік комиссия "Аманаттың" кандидатына 100 дауыс қосып бергенін айтады.

Александра Осипованың сенімді өкілі Роман Честных.
Александра Осипованың сенімді өкілі Роман Честных.

– Мұндай бұрмалаулар кезінде округтік комиссия "учаскелерден келген бюллетеньдерді артық санап жіберіпті" деп ақталуға үйренген. Осындай жағдай болмас үшін бақылаушыларымызды дауыс санауға кіргізуді талап еткіміз келген. Бірақ түнде бізді округтік комиссия ғимаратына кіргізбеді. Олар "қазір бюллетень келіп жатыр, бөтен адамдарға кіруге болмайды" деді. Заң бойынша, бақылаушылар хаттамаларды жіберу процесін бақылауға құқылы. Олар учаскелік комиссиялардың бірін хаттаманы өзгертуге мәжбүрлеген болуы да мүмкін. Сондықтан барлық учаскеде қайта санақ жүргізуді талап еттік. Заңға сәйкес, қайта санауды бір рет қана талап етуге болады, – дейді Честных.

Александра Осипова не болғанын білмейді, өйткені қорытынды хаттаманы әлі ала алмай отыр. Комиссия сайлау өткен күннен бастап 10 күн ішінде кандидатқа қорытынды хаттаманы тапсыруы керек. Комиссияның әрекетіне қарсы шағым беруге де 10 күн уақыт бар.

Сергей Бежецкийдің штабына хабарласу мүмкін болмады.

Азаттық Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясына хат жіберіп, сайлау учаскелерінен алған дерек пен қорытынды хаттама арасындағы айырмашылықтың сырын сұрады. Мақала жарияланғанға дейін редакция хатына жауап келген жоқ.

"ЕЛДЕН ЕРЕК" ЕКІ САЙЛАУ УЧАСКЕСІ

Сайлаудағы бұрмалау туралы басқа өңірлердегі кандидаттар да айтып жатыр.

Абай облысында мәслихат депутаттығы үшін сайлауға түскен семейлік белсенді Майра Әбенова № 7 округтің екі учаскесінде дауыс берушілер саны асыра көрсетілген деп есептейді. Округте 17 сайлау учаскесі бар. Алты учаскеден басқаларының бәрінде белсенді жеңіске жеткен.

Ресми дерек бойынша, сайлау қорытындысына Семейден 47 және 22 шақырым жерлерде орналасқан Талица және Өзеркі ауылдарындағы дауыс беру әсер еткен.

Семейлік белсенді, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат болған Майра Әбенова.
Семейлік белсенді, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат болған Майра Әбенова.

Осы екеуінен басқа учаскелердің бәрінде орташа есеппен алғанда, сайлаушылардың 25,4 пайызы ғана дауыс берсе, Талица мен Өзеркі ауылдарында бұл көрсеткіш 76,9 және 98 пайыз болған. Әбенованың қарсыласы, "Аманат" партиясының кандидаты Съезбек Ахметовке Өзеркі ауылында 914, Талицада 170 адам дауыс берген. Жалпы алғанда, Ахметов 3247, Әбенова 3035 дауыс жинаған.

Әбенова өз бетінше зерттеу жүргізген. Сайлаудан кейін дауыс берушілермен кездесу өткізген. Жиынға Өзеркі мен Талицадан екі тұрғын келген. Олар кандидаттың наразылығын түсінбейтінін, ауыл тұрғындары бұрыннан сайлауға белсенді қатысатынын, халық кімге дауыс беретінін өзі шешетінін айтқан.

Әбенова Өзеркі мен Талицаға барып, дауыс беруге қатыспаған тұрғындарды тапқан. Осыдан кейін аумақтық сайлау комиссиясына хат жіберіп, "Осы адамдар дауыс берді ме?" деп сұраған. Аумақтық сайлау комиссиясы дауыс беру құпиясын алға тартып, мұндай сұраққа жауап бере алмайтынын ескерткен. 24 наурызда Әбенова сотқа арыз беріп, аталған сайлау учаскелеріндегі бейнебақылау камерасының жазбаларын сұраған. Сол күні кешкісін сот Өзеркі және Талица ауылдарындағы мектеп директорлары сайлау учаскесіндегі камера істемейді деп жауап бергенін жеткізді.

Абай облыстық аумақтық сайлау комиссиясы Азаттықтың сайлаудағы ықтимал бұрмалау туралы сұрақтарына жауап бермеді.

ДАУЫС САНАУ, ВИДЕОЖАЗБА ЖӘНЕ БАСҚА ДА ДӘЛЕЛДЕР

Экономист Айман Тұрсынхан Алматы облысындағы № 11 округ бойынша мәжіліске кандидат болған. Ол да комиссия дауыс беруге келгендер санын асыра көрсетіп, бұрмалауға жол берді деп есептейді.

– Аумақтық сайлау комиссиясының дерегінше, Қонаев қаласында 22 мыңнан астам адам дауыс берген. Біздің қолымыздағы қала бойынша жиналған хаттамаларға сәйкес, 10 500-ге жетпейтін сайлаушы ғана келген, – деді Айман Тұрсынхан аумақтық сайлау комиссиясының төрағасымен әңгімеде.

Мәжіліс депутаттығына үміткер, экономист Айман Тұрсынхан.
Мәжіліс депутаттығына үміткер, экономист Айман Тұрсынхан.

Ол хаттамалар мен оларға жасалған талдауды жариялады. Айман Тұрсынханның айтуынша, комиссия дауыс берушілер үлесін 55 пайызға асырып көрсеткен. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, сайлаушылардың 68 пайызы, ал Айман Тұрсынхан штабының есебі бойынша, 13 пайыз сайлаушы дауыс берген. Экономист сайлауда дауыс берушілер санын арттыру үшін бюллетеньдерді топтап тастау, биліктің қолайына жағатын кандидатқа жеңіс әперу үшін хаттаманы өзгерту сияқты әдістер қолданылған дейді.

20 наурызда Орталық сайлау комиссиясы № 11 округте спортшы Ардақ Назаров 122 мың дауыспен жеңіске жетіп, мәжіліс депутаты болғанын жазды. Оның қарсыласы Айман Тұрсынхан мен журналист Рысбек Сәрсенбайұлы (2006 жылы әлдекімдер өлтірген оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының бауыры) сайлау қорытындысын мойындамады.

Айман Тұрсынхан жедел түрде тіркелген заңбұзушылықтарға реакция білдірмеді деп аумақтық сайлау комиссиясы мен прокуратураның үстінен сотқа шағым берді. 22 наурызда Алматы облыстық ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотында өткен отырыста судья Айман Тұрсынханның арызын қараудан бас тартты. Ол мұны сайлау комиссиясының үстінен жазылған арыздарды ауданаралық әкімшілік соттар емес, Жоғарғы сот қарайды деп түсіндірді. Айман бас прокуратураға арыз жазып, сайлау учаскесінде анықталған заңбұзушылықтарды санамалап көрсеткен.

Теміртау қалалық мәслихатына депутат болу үшін сайлауға түскен Святослав Радченко баспасөз мәслихатында (әр қалада осындай жиындар өтіп, кандидаттар биліктен сайлауды заңсыз деп тануды талап еткен) бір сайлау учаскесінен берілген үш түрлі хаттаманы көрсетті.

– Қолымда бір сайлау учаскесінен алынған, қол мен мөр қойылған үш түрлі хаттама бар. Үшеуінде үш түрлі сан көрсетілген. Бұл – таза бұрмалау, – дейді кандидат Радченко.

Қарағанды облысындағы ықтимал заңбұзушылықтар туралы басқа кандидаттар да айтқан. Аумақтық сайлау комиссиясы бұл жағдайға қатысты пікір беруден бас тартып, әр кандидат бойынша сәйкес сайлау учаскелерінен жауап алуға кеңес берді.

Қарағанды облысынан кандидат болған азаматтар сайлау қорытындысын мойындамайтынын мәлімдеп жатыр. Теміртау. 22 наурыз, 2023 жыл.
Қарағанды облысынан кандидат болған азаматтар сайлау қорытындысын мойындамайтынын мәлімдеп жатыр. Теміртау. 22 наурыз, 2023 жыл.

Мәжіліс депутаттығына үміткер болған заңгер Батыр Адайбаев Алматыдағы № 4 округ бойынша сайлауға түскен. Ол "дауыс беру қорытындысы туралы хаттаманы бермеу сайлауда бұрмалау болғанын дәлелдейді" дейді.

– Басты дәлел – тәуелсіз бақылаушыларға дауыс беру қорытындысы туралы хаттамаларды бермеу. Сайлау туралы заңға сәйкес, дауыс беру аяқталған соң, тәуелсіз бақылаушылардың қолына қорытынды хаттама берілуі керек. Екі күннен кейін есептегенімізде, қолымызда бақылаушылар болған учаскелердің 80 пайызының хаттамасы болмады. Бұл сайлау заңын қатаң бұзуға жатады, мұндайды бұрын-соңды көрген емеспіз. Өзім де тәуелсіз бақылаушымын, бұл – алтыншы сайлауым. Бірінші рет осындай бейберекеттікке куә болып отырмын. Ортақ чаттан бір бақылаушы таңғы 7-де сайлау учаскесіне барып, ертеңіне таңғы 8-де бір-ақ шыққанын, сонда да хаттамаға қол жеткізе алмағанын оқыдым. Сонда бақылаушы бір тәуліктен көп уақытын сайлау учаскесінде өткізген. Сайлауды осындай деңгейге түсіріп жіберді. Назарбаевтың кезінің өзінде мұндай болған емес, ең кеш дегенде хаттаманы таңғы 4-те алатынбыз, – дейді кандидат.

Адайбаевтың айтуынша, бақылаудың негізгі мақсаты – дауыс беру хаттамасын алып, оны аумақтық сайлау комиссиясы ұсынған ресми деректермен салыстыру. Осылай сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижесін бұрмалағанын тексеруге болады.

Алматыдағы № 3 округ бойынша мәжіліс сайлауына түскен кандидат Инга Иманбай дауыс беру нәтижесін жоюды талап етті. Ол баспасөз мәслихатында комиссия мүшелері хаттаманы бергісі келмей, бақылаушыдан қашқанын айтады.

– Менің сенімді өкілім таңғы 5.30-да хаттама алу үшін комиссияны соңынан қуған. Комиссия мүшелері хаттама мен бюллетеньдерді алып қашқан. Видеода "Қапшықпен қашып бара жатырмын, мені алып кетіңдер" дейді. 30 жылда бірде-бір рет ашық, әділ сайлау көрмедік. Бірақ осындай ауқымдағы бейберекеттік болады деп ойлаған жоқпыз, – дейді Инга Иманбай.

Кандидаттар мен бақылаушылар сайлаудағы заңбұзушылықтарды видеоға түсіріп алған. Осындай видеолардың бірінде сайлау комиссиясының мүшелері бюллетень толтырылған жәшікті құлатып жібереді. Кейін бақылаушы көрмей тұр деп ойлап, үстел астындағы сөреден дайын тұрған бюллетеньдерді қоса бастайды. Бұл жағдай Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласындағы № 161 сайлау учаскесінде болған.

Сайлауға өзін-өзі ұсынған кандидат, журналист Лұкпан Ахмедияров бұл учаскеде сайлаудағы қарсыласы Абзал Құспанның пайдасына бюллетень тасталды деп есептейді. Мәжіліс депутаты атанған Құспан бұл пікірге келіспейді және журналистің сөзін "негізсіз шабуылға" жатқызады. Ол сайлауда әділ жолмен жеңіске жеткеніне сенімді.

– Бюллетень толтырылған жәшік құлағанда, ішіндегі қағаздардың бір бөлігі үстелге, қалғаны еденге түскен. Осы кезде сайлау комиссиясы мүшесінің кінәсінен үстелдің төменгі сөресінде тұрған, қолданылмаған бюллетеньдер араласып кеткен. Комиссия мүшелері дереу шара қолданды. Дауыс санау кезінде таза бюллетеньдер есепке алынған жоқ. Бақылаушылар ескерту жасамады, акт те толтырылмады, – деді видеоға қатысты пікір білдірген сайлау комиссиясы.

Басқа видеода бақылаушы сайлау комиссиясы мүшесінен сөмкесін көрсетуді сұраған. Сөмкенің ішінен қол қойылмаған бюллетеньдер шыққан. Бұл Алматы облысы Талғар қаласындағы № 470 сайлау учаскесінде болған. Аумақтық комиссия бұл оқиғаға реакция білдірмеді.

БИЛІКТІҢ ОРЫНДАЛМАҒАН УӘДЕСІ

Орталық сайлау комиссиясы да заңбұзушылықтарға көз жұма қарап отыр. 20 наурызда өткен баспасөз мәслихатында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері бұл тақырыпта пікір білдірмеді.

21 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауды "ауқымды өзгерістердің лайықты жалғасы" деп атады. Сарапшылар Конституцияға түзету енгізу жөніндегі былтырғы референдум мен президент сайлауынан кейінгі парламент сайлауымен Тоқаевтың бар билікті өз қолына шоғырландыру процесі аяқталды, Ақорда тағы да өзіне адал парламент құрамын жасақтап алды деп есептейді.

Бас прокуратура сайлаудан кейін бірді-екілі заңбұзушылық болғанын мойындағанымен, "дауыс беру қорытындысына әсер еткен салмақты фактілер жоқ" деп мәлімдеді. Прокурорлар сайлау заңын бұзудың 20-ға жуық фактісі анықталғанын, олар көбіне бір адамның басқа азаматтың атынан дауыс беруіне қатысты екенін хабарлады. Дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссиялары 18 адамға айыппұл салған.

Кандидат Батыр Адайбаевтың сөзінше, Қазақстанда сайлау кезіндегі заңбұзушылықтар үнемі елеусіз қалады. Бірнеше жыл тәуелсіз бақылаушылар ұйымында істеген заңгер өз тәжірибесіне сүйеніп, сайлаудағы заңбұзушылықтар туралы арыздар қаралмайтынын айтады.

– Бір сайлау науқаны кезінде 50 шағыммен жұмыс істедім. Бірде-бірін жеңе алмадық. Сайлау комиссиясының мүшелері бейнекамераны байқамай, еш ұялмастан бюллетень салып жатыр. Соттар видеода көрініп тұрған фактілерге сенбейтініне етім үйреніп кетті, – дейді Батыр Адайбаев.

Адайбаев биліктің "Жаңа Қазақстан" құрамыз деген уәдесінен кейін өзгерістер болады деп үміттенген.

– Қатты көңілім қалды. Бізді демократиямен ойнатқандай болды. Қанша ақшамыз кетті, сайлау жарнасын төлеуге достарым, туыстарым көмектесті. Сайлау жарнасының өзі – аз ақша емес. Одан бөлек, үгіт-насихат жұмыстарының шығындары бар. Бәрі босқа кетті. Одан да "Ақша жұмсап, әуре болмаңдар, сайлауды осыған дейін қалай ұйымдастырып келсек, дәл солай, тіпті одан да нашар етіп өткіземіз" деуі керек еді. Сонда ойланар едім. Бізге үміт берді, ақымақ басымыз сеніп қалдық. Сайлауға деген сенімнен айырылдық, – дейді ол.

XS
SM
MD
LG