Украинаға қарсы соғыс ашқаны үшін Батыс елдерінің санкциясына ілігіп, экономикасы оқшау күйге түскен Ресейден кеткісі келгендер Қырғызстан азаматтығын алуға қызығып жатыр.
Ресейдің жеке компаниялары Қырғызстан төлқұжатын еркін саяхаттау, шетелде тұрып, білім алу мүмкіндігі ретінде жарнамалай бастады.
Былтыр Ресей әсері Украинаға басып кіргеннен кейін жүздеген мың ресейлік соғыстың экономикалық салдары мен Путин жариялаған ішінара мобилизациядан қашып, шетелге кеткен.
Жағдайы барлар Біріккен Араб Әмірліктері, Таиланд, Израиль сияқты мемлекеттерден кәсіп ашып, үй сатып алды.
Ал орта тапқа жататын ресейліктер негізінен көршілес Армения, Грузия, Өзбекстан, Қазақстан мен Қырғызстанды паналады.
Ресейлік "Ашық әлем" компаниясы орыс клиенттеріне 1500 долларға 18 айға дейін Қырғызстан төлқұжатын алып беруді ұсынады.
Осындай жекеменшік компаниялар қызметіне қанша азамат жүгінгені туралы нақты дерек жоқ.
Бішкек ұсынған ресми дерекке қарағанда, 2022 жылғы ақпаннан бастап Қырғызстан төлқұжатын алуға ниет білдірген ресейліктер саны төрт есе өскен.
Қырғызстандағы халықты тіркеу департаментінің дерегінше, 2022 жылғы қаңтардан қыркүйектің аяғына дейін қырғыз төлқұжатын алуға 1631 ресейлік өтініш берген. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 400 пайызға көп (ол кезде 385 азамат құжат алып еді).
Агенттік 2021 жылы 226 ресейлік, 2022 жылы 603 азамат Қырғызстан азаматтығын алғанын хабарлады.
ТАНЫС ЕСІМДЕР
Былтыр 26 қазанда азаматтық алғандардың тізіміне қарағанда, төлқұжатқа көбіне этносы қырғыз азаматтар мен ресейліктер өтініш берген. Тізімде Мәскеу, Санкт-Петербург, Челябинск және Ресейдің басқа да қалаларында туған орыс азаматтары көп.
Олардың арасында ресейлік шенеуніктер, кәсіпкерлер мен олардың отбасы мүшелері бар.
The Moscow Times басылымы қырғыз төлқұжатын алған азаматтардың жеке деректері ресейлік шенеуніктер, кәсіпкерлер мен олардың жақындарының аты-жөнімен сәйкес келетінін байқаған.
Мысалы, тізімде 1977 жылы туған Наталья Михайловна Барщевская деген кісі бар. Бұл Ресейдің мемлекеттік қайраткері, заңгер Михаил Барщевскийдің үлкен қызының аты-жөніне ұқсайды.
1962 жылы туған Дмитрий Зеленин де Тверь облысының бұрынғы губернаторын еске салады. Екеуінің де аты-жөні, туған жері мен күні бірдей.
Былтыр Қырғызстан төлқұжатын алған 35 жастағы Александр Валерьевич Задорин мен 45 жастағы Михаил Валерьевич Задорин ресейлік кәсіпкер Валерий Задориннің балалары сияқты. Задориннің өзі де, балалары да Бішкекте туған, кейін Ресейге көшкен.
БҰРЫН БӘРІ КЕРІСІНШЕ ЕДІ
2022 жылы Қырғызстанға 30 мың ресейлік көшіп барған. Бұл – ресейліктердің кейінгі 10 жылда тіркелген ең үлкен миграциясы. Мәскеу жетекшілік ететін Еуразия экономикалық одағына мүше Қырғызстанды Ресеймен тығыз саяси-экономикалық қатынастар байланыстырады.
Жүздеген мың қырғыз мигранты Ресейде жұмыс істейді. Олардың елге жіберетін ақша аударымдары көп қырғыз отбасының негізгі табыс көзі деп есептеледі.
Қырғызстан мен Ресейде қос азаматтық туралы пакт жоқ. Бірақ екі елдің де азаматтарына бірнеше төлқұжат алуға болады.
90-жылдары Қырғызстанның көршісі Тәжікстан Ресеймен қос азаматтық туралы пактіге қол қойған. Кейінгі жылдары Мәскеу демографиялық дағдарысқа қарсы күресу үшін постсоветтік мемлекеттерден келгендерге азаматтық алуды жеңілдеткелі мыңдаған тәжік Ресей төлқұжатын алған.
Бірақ Украинада соғыс басталғалы Тәжікстан азаматтығын алған ресейліктер туралы дерек жоқ.
Мәскеуден оңтүстік-шығысқа қарай 1500 шақырым жерде орналасқан Оренбург облысында тұратын Сатторовтар отбасының айтуынша, қос азаматтығы барлар бір кездері тиімсіз көрінген тәжік төлқұжатын аңсай бастаған.
Сатторовтар – 90-жылдары алғашқылардың бірі болып Ресейге қоныс аударған отбасылардың бірі. Олар 2016 жылға дейін азаматтық ала алмаған.
– Ресей төлқұжаты қатты бағаланатын. Өйткені құжатың болса, Ресейде емін-еркін жүріп, жұмыс істеп, мемлекеттен жәрдемақы алып, шетелге шыға аласың. Бірақ Украинада соғыс басталғалы бәрі өзгерді, – дейді отағасы Ахтам Сатторов.
Қаңтарда отбасы 16 жастағы ұлының мерзімі біткен тәжік төлқұжатын жаңартуға барған. Екі жылдан кейін Ахтамның ұлы әскерге жарайтын жасқа жетеді.
Ресейдегі көп адам сияқты Ахтам да басында Кремль "арнайы әскери операция" деп атаған соғыс бірнеше айға жетпей, Ресейдің жеңісімен ақталады деп ойлаған.
– Енді соғыс қашан аяқталатынын білмеймін. Қажет болса, ұлым Ресейден кетіп қалғанын қалаймын, – дейді ол.
Сатторовтар Ресейге алғаш келгенде жергілікті кәсіпкермен жақсы араласып, соның қолына жұмысқа тұрған. Кәсіпкер тәжік отбасын саяжайына алып, әлі күнге дейін көмектесіп тұрады.
– Жақында досымыз Тәжікстанның не Орталық Азиядағы басқа бір мемлекеттің төлқұжатын алуды ойлап жүргенін айтты. Бұл ақылға сыймайтын дүние болып көрінді. Жұмыс беруші орыс азаматы бізден тәжік төлқұжатын алу жолдарын сұрап жатыр. Бұрын бәрі керісінше еді, – дейді Ахтам Сатторов.
ПІКІРЛЕР