Accessibility links

Жұмыссыз қалған жаңаөзендіктер Астанаға келіп, энергетика министрлігіне барды


Жаңаөзеннен келгендер энергетика министрлігінің алдында тұр. 10 сәуір, 2023 жыл.
Жаңаөзеннен келгендер энергетика министрлігінің алдында тұр. 10 сәуір, 2023 жыл.

Жаңаөзендегі "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорнының жұмыстан қысқарған 82 жұмысшысы бүгін, 10 сәуірде Астанаға келіп, энергетика министрлігіне барды. Олар министрліктен жұмыс мәселесін шешуді талап етеді. Жұмыссыз қалған жаңаөзендіктер мәселеміз шешілмесе, министрлік алдынан кетпейміз дейді.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, министрлік алдында полиция мен арнайы жасақтың автозактары тұр. Жаңаөзеннен келгендерге министрліктен ешкім шықпады.

"Өзенмұнайгазға" еншілес "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорнында жұмыс істеген 100-ден астам мұнайшы 1 сәуірден бастап табыссыз қалғанын айтып, тұрақты жұмыс талап етіп келеді. Олар алдымен Жаңаөзен әкімдігіне және "Өзенмұнайгаз" компаниясына барып, бірнеше күн наразылық білдірген. Кейін мәселе шешілмеген соң, 80-нен астам жұмысшы пойызбен Астанаға жолға шыққанын хабарлаған.

Биыл сәуірде "Өзенмұнайгаз" компаниясы тендер жариялап, бұл тендерді "Кезби" серіктестігі жеңіп алды. Ал "Өзенмұнайгаз" бен "БерӘлі Маңғыстау Company" компаниялары арасындағы келісімшарт тоқтаған. Осыдан соң Жаңаөзенде 100-ден астам адам жұмыссыз қалды.

Қазақстанның батысында мұнайшылар жұмыс беруді, жалақы өсіруді сұрап, жиі ереуілге шығады. Жергілікті билік оларға ереуіл заңсыз екенін айтып, жиі ескерту жасайды әрі лидерлерін полицияға шақырады. Мәселелері шешілмеген жағдайда кейбірі аштық жариялайды, кейбірі Астанаға баруға мәжбүр.

Батыс өңірлерде бірнеше компанияның жұмысшылары ереуілдің арқасында жоғары жалақыға, жақсы еңбек шартына қол жеткізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG