Accessibility links

Жаңаөзенде 100-ден астам мұнайшы "Өзенмұнайгаз" кеңсесі алдында тұрақты жұмыс талап етіп жатыр


"Өзенмұнайгаз" компаниясы алдында жұмыс талап етіп тұрған азаматтар. Жаңаөзен, 4 сәуір 2023 жыл.
"Өзенмұнайгаз" компаниясы алдында жұмыс талап етіп тұрған азаматтар. Жаңаөзен, 4 сәуір 2023 жыл.

4 сәуірде Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында "БерӘлі Маңғыстау Company" мұнай сервисі компаниясында жұмыс істеген 100-ден астам адам "Өзенмұнайгаз" компаниясының кеңсесі алдына жиналды. Жиналғандар арасында краншылар, көтергіш машина жүргізушілері, шеберлер, жерасты ұңғымаларына жөндеу жүргізетін операторлар бар. Олар өздерін "Өзенмұнайгаз" компаниясы мен оған еншілес мекемелерге тұрақты жұмысқа алуды талап етті. Көбі – тәжірибелі мұнайшылар.

"1 сәуірден бастап еңбек келісімшартының күші жойылып, Жаңаөзендегі жұмыссыздар қатарын толықтырып жатырмыз" деді мұнайшылардың бірі сейсенбі күні тараған видеолардың бірінде.

Жұмысшылардың сөзіне қарағанда, былтырғы наразылық пен ереуілден кейін "Өзенмұнайгаз" оларға өзіне еншілес "БерӘлі Маңғыстау Company" компаниясынан жұмыс берген. Алайда кейінгі айларда тендерде "Кезби" компаниясы жеңіп шығып, мекеме жұмысшылары жұмыссыз қалған.

"Бізге жеке кәсіпорындар керек емес. Шаршап кеттік. Бұл – біздің төртінші ереуіліміз. Денсаулығымыз бар, ашығын айтсақ, отбасымыздың шырқы бұзылып жатыр. Жеке компанияға істеп шаршадық. Біресе ақша, біресе жалақы үшін күресіп, әбден мезі болдық" дейді 4 сәуірде жұмысшылар үндеуін оқыған мұнайшылардың бірі.

Жанында тұрған адамдар оның сөзін қуаттап, "Талап етеміз!" деп айқайлайды.

Жұмысшылар жіберген видеодан шамамен 100 адам "Өзенмұнайгаз" компаниясы алдында тұрғаны көрінеді.

Наразылардың бірі, бригада шебері Есенжан Әбдірахымұлы 4 сәуірде кешкісін Азаттыққа 200-ден астам адам жұмыссыз қалғанын, бірақ олардың кейбірі "Өзенмұнайгаз" кеңсесі алдына келе алмағанын айтты.

Ол мұнайшылар талаптары орындалмаса, тарқамайтынын жеткізді. "Біз тарамаймыз. Осында тұра береміз. Бізге тұрақты кәсіпорыннан жұмыс керек" деді ол.

Тағы бір жұмысшы Нұрсұлтан Нұрымұлы жұрт тарамай тұрғанын растады. "Мәселеміз шешілмейінше, осында тұра беруге бекіндік" деді ол.

Компания директорының өндіріс мәселелері жөніндегі орынбасары Нұрлан Жүзбаев Азаттыққа 31 наурызда еңбек келісімшартының күші жойылғанын растады. Оның сөзіне қарағанда, "БерӘлі Маңғыстау Company" мекемесі тендерде жеңіліп, жұмыс ала алмай қалған.

"250 адам жұмыссыз қалды. Оларға бұйрық тапсырылды. Тендер болды. Жеңімпаз деп танылған кәсіпорын төмен баға ұсынған. Біз де барынша төмен баға ұсынуға тырыстық, алайда нәтижесінде жеңіліп қалдық" деді "Өзенмұнайгаз" компаниясына жерасты ұңғымаларын жөндеу бойынша қызмет көрсететін мекеме басшысының орынбасары Жүзбаев.

Азаттық әзірге "Өзенмұнайгаз" компаниясы өкілдерінен наразылыққа қатысты түсініктеме ала алмады.

"Өзенмұнайгаз" компаниясының құрамына 16 өндірістік мекеме кіреді. Компанияның ресми сайтындағы ақпаратқа қарағанда, кәсіпорында 9 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Компания Өзен және Қарамандыбас кеніштерін игерумен айналысады.

2021 жылы жазда және күзде "Кезби" компаниясының жұмысшылары бірнеше рет ереуіл жасап, жалақы өсіруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен. 2023 жылы мамыр айында 26 жұмысшы Астанаға барып, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен "ҚазМұнайГаз" компаниясы ғимараттарының алдында екі апта қонған. Жұмысшылардың бір бөлігі жұмыстан шығарылып, олар тамыздан бері "БерӘлі Маңғыстау Company" мекемесіне жұмысқа орналасқан.

XS
SM
MD
LG