Accessibility links

Петропавлда "тәуелсіздігін" жариялаған "халық кеңесінің" үш мүшесі қамауға алынған


Солүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы "Петропавл халық кеңесі" деп аталған топтың үш мүшесінің үстінен "сепаратизм" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын және олар қамауға алынғанын хабарлады. Бұл адамдар "тәуелсіздігін" жариялайтыны туралы мәлімдеме жасап, қоғамда резонанс тудырған еді.

Облыстық прокуратура хабарына қарағанда, тергеу барысында 2023 жылғы 19 наурызда Солтүстік Қазақстан университеті колледжінің ғимаратында "халық кеңесінің" 20 мүшесі қатысқан жиналыс өткені, онда топ өздерін "СССР-дың ізбасары" деп есептейтінін мәлімдегені белгілі болған.

"Жиналыс барысында олар Қазақстаннан тәуелсіз "Петропавл қаласының халық кеңесін құру" ниетін білдірген және "Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласының халық кеңесі декларациясын" қабылдаған, онда олар Қазақстанның мемлекеттігін және легитимдігін мойындамаған, оның конституциялық құрылысына қол сұғып, тәуелсіздігін, жерінің тұтастығын жоққа шығарып отыр" деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы.

Саясаттанушы мен басқа да мамандардың қатысуымен жасалған сот-психологиялық-филологиялық сараптама қорытындысы "сепаратизм белгілері бар екенін" көрсеткен.

Қылмыстық іс материалдары негізінде "халық кеңесінің" үш мүшесінің әрекеті Қылмыстық кодекстің 180-бабы 2-бөлігі бойынша ("Қазақстан Республикасының біртұтастығы мен тұтастығын ыдыратуды насихаттау немесе оған жария түрде бұқаралық ақпарат құралдарын және телебайланыс желілерін шақырумен материалдарды тарату") және 179-бабы бойынша ("мемлекеттің қауіпсіздігін ыдыратуды үгіттеу") сараланған.

"Аталған тұлғалар Қылмыстық-процестік кодекстің 128-бабы тәртібімен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жиналысқа қатысқан басқа тұлғалардың әрекетіне жан-жақты құқықтық баға беріледі" деп жазылған прокуратураның хабарламасында.

Биыл наурыздың аяғында әлеуметтік желіде Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында "халық кеңесі құрылғаны" жөнінде видео тараған соң, Солтүстік Қазақстан облыстық полициясы тексеріс бастағанын хабарлаған.

Петропавлдағы "халық кеңесі" деп аталған топ Instagram-парақшасында "Информ Вест" басылымының атрибуты бар хабарламаның көшірмесін жариялаған еді. Онда 19 наурызда Петропавлда "еңбекшілердің жиыны" өтіп, онда "қалалық халық кеңесі қайта құрылғаны" жазылған. Жиында "төраға" сайланып, "декларация", "жарғы", "таңба мен мөр" жобасы бекітілген. Шешім "хаттамамен" бекітілген. Жиынға 19 адам қатысқан деп айтылған, бірақ олардың аты-жөні көрсетілмеген.

"Халық кеңесі" туралы ақпарат елде парламент сайлауының нәтижесі сыналып жатқан шақта жарияланды. "Халық кеңесі" туралы жазбалар жергілікті телеграм-арналарда қызу талқылана бастаған. Кейбір қолданушылар топтың әрекетін "сепаратизмге шақыру" деп бағалаған.

Көп ұзамай Петропавлдағы топ мүшелері ұсталып, олардың түсініктемесі әлеуметтік желіге жарияланды. Топ өкілдері Қазақстанның тұтастығына қол сұқпағанын, өзге елдердегі тыйым салынған қауымдастықтарға қатысы жоғын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG