Жаңаөзенде "Өзенмұнайгаз" компаниясының алдында тұрақты жұмыс талап етіп тұрғандарға 20 сәуірде прокурорлар келіп, "жиналып тұрғандары заңсыз екенін" айтып, әкімшілік жауапкершілік көзделгенін ескертті. Бұл туралы Азаттыққа мұнайшылар хабарлап, прокурорлар келген сәттің видеосын жолдады.
Прокурорлардың бірі "Астанада мәселелерің қаралып жатыр, араларыңнан қалған адамдар бар. "ҚазМұнайГаз" да қатысып жүр. Бірақ бірнеше күн өтті, нақты нәтижеге келген жоқ" дейді.
"Біз тәртіп жасап тұрмыз ба?" деген сұраққа әкімдіктен келген адам нақты жауап бермейді.
Жаңаөзенде әкімдік алдында наразылық жасап тұрған жұмыссыз тұрғындар да бейсенбі күні өздеріне прокурорлар келіп, таратуға тырысқанын айтты. Тұрғындар жіберген видеода жиналғандардың бірі прокурорларға "ОМОН" жібересіңдер ме?" десе, енді бірі "бір ай бойы жұмыссыз жатып көр" деп ашуланды.
Прокурорлар жиналып тұрғандарға ескерту айтып, кетіп қалды.
Сәуірде Жаңаөзенде "ҚазМұнайГазға" сервистік қызмет көрсететін "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорны тендерде жеңіліп, 100-ден астам адам жұмыссыз қалған. 10 сәуірде олар Астанаға барып, биліктен "ҚазМұнайГазға" тиесілі "Өзенмұнайгаз" сынды ірі компаниялардан тұрақты жұмыс талап еткен еді.
"ҚазМұнайГаз" жұмысшыларға тендерде жеңген "Кезби" және Ai-Bis жеке компанияларынан бұрынғыдай жалақы алатын жұмыс ұсынған. Бірақ жаңаөзендіктер "аз уақыттан соң қайта тендер болып, тағы жұмыссыз қаламыз" деген.
11 сәуірде кешкісін арнайы жасақ оларды ұстап, басым бөлігін 12 сәуірде Жаңаөзенге қайтарған. Астанада қалған он шақты мұнайшы мен билік арасындағы келіссөз әлі нәтиже берген жоқ.
Астанадан Жаңаөзенге оралған мұнайшылар "Өзенмұнайгаз" компаниясына күнде келіп, жұмыс мәселесін шешуді талап етіп жүр.
Мұнайшылардан бөлек, Жаңаөзенде тағы бір наразылық әкімдік алдында болып жатыр. Жергілікті тұрғындар өздері мен отбасы мүшелерін тұрақты жұмысқа орналастыруды талап етіп отыр.
ПІКІРЛЕР