3 наурыздан бері Қазақстанда "Жеке тұлғалардың банкроттығы" туралы заң күшіне еніп, осы уақыт аралығында өзін банкрот деп тануға 49 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Оның тек 6 мыңы қарастырыла бастаған. Ал қалғаны, яғни 65 пайыздан астамы кері қайтарылған. Бұл жөнінде қаржы министрлігінің өкіліне сүйенген жергілікті БАҚ хабарлады.
– Екі ай аралығында 50 мыңға жуық [өтініш], меніңше, бұл – жақсы көрсеткіш және қаржылай ахуалды жақсартудың жаңа мүмкіндігі... 6 мың өтінішті қарастырып жатырмыз және жарты жыл ішінде олар банкрот болып танылады, – деді қаржы вице-министрі Ержан Біржанов сенат ғимаратында.
32 мың өтініш кері қайтарылған. Оған басты себеп – қарыз көлемі мен өтініш берушінің бірнеше несиесінің болуы. Заң бойынша, банкроттыққа өтініш берушінің қарызы 5,5 млн теңгеден аспаған болуы керек.
Ол сонымен бірге банкроттыққа өтініш бергендердің кейбірі ипотекалық несиесін өтеуді жалғастырғаны анықталғанын айтты.
– Көп өтініш берушінің мүліктері, жер телімдері, көліктері бар, бұл соттан тыс қаралатын банкроттыққа қатысты. Өтініштердің 70 пайызы кері қайтарылды, бірақ бұл – қалыпты практика, себебі біз өзге елдердің тәжірибесін қарадық, – деді Біржанов. Оның сөзінен ҚазТАГ агенттігі үзінді келтіреді.
Өтініші кері қайтарылғандар үш айдан кейін қайта өтініш бере алады.
3 наурызда елде "Азаматтардың төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттық туралы" заң күшіне енген. Сол күннен бастап несие өтей алмаған азаматтардың өзін банкрот деп тануға өтініш беруге мүмкіндігі бар.
Қаңтардың аяғында қаржы министрлігі банкроттық процедурасын 1,1 млн адам пайдалана алады деп болжаған.
Мұндай заң елде инфляция көрсеткіші ұлғайып (жылдық инфляция 20 пайызға көбейген), несие алған қазақстандықтар көбейген шақта қабылданған.
Осындай заң қажеттігі бірнеше жыл бұрын айтыла бастаған. Үкімет 2016 жылы заң жобасын әзірлеп, 2018 жылы парламентке жіберген. 2022 жылы 30 желтоқсанда заңға президент қол қойған. Үкіметтегілер "заң қаржылай қиындыққа тап болған азаматтардың мәселесін шешуге мүмкіндік береді" деп есептейді.
Қазақстанда азаматтар қарызға әбден батқаны жөнінде жиі айтылады. Бірінші несие бюросының мәліметінше, 2023 жылы 1 қаңтарда кепілдіксіз тұтыну несиесі портфелі 7,4 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 28,3 пайыз ұлғайған.