Accessibility links

C5+Пекин. Си Цзиньпин мен Орталық Азия лидерлері Қытайдағы саммиттен не күтеді?


Қытай мен Орталық Азия басшылары биыл қаңтарда өткен виртуал саммитке қатысып отыр.
Қытай мен Орталық Азия басшылары биыл қаңтарда өткен виртуал саммитке қатысып отыр.

Қазақстан Қытай азаматтарына визасыз режим енгізбек. Бұл шараға Қырғызстан да қосылуы мүмкін. Мұндай өзгерістердің артында не тұр? Визасыз режим өңірге қалай әсер етеді?

Қытай үш жыл бойы COVID-19 шектеулерін қатаң сақтағаннан кейін экономикасын ашып, дипломатиялық қатынастарын қалпына келтіре бастады. Сарапшылар Пекин Орталық Азияға баса назар аударып отыр дейді.

Пекин мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы сауда байланыстары жанданып жатыр. Қытай басшысы Си Цзиньпин 18-19 мамырда Сианьда Орталық Азия президенттерімен саммит өткізеді.

Қытай саммит барысында екіжақты қарым-қатынастарын нығайтып, өңірдегі кей мемлекеттермен визасыз режим орнатады.

Осы айда Қытай мен Қазақстан арасында қос мемлекет азаматтарына 30 күнге дейін визасыз жүруге мүмкіндік беретін келісім жасалмақ. Осыған дейін Өзбекстан қытай туристеріне екі аптаға дейін визасыз жүруге рұқсат берген еді. Қырғызстан өз азаматтарының Қытайға визасыз кіруіне жағдай жасау үшін Пекинмен келіссөз жүргізіп жатыр. Бішкек осы арқылы трансшекаралық сауда, инвестиция салу мен туризм деңгейін көтеріп, экономикасына жаңа серпін бергісі келеді.

"Виза мәселесін, әсіресе жүк көлігі жүргізушілерінің еркін қозғалу мүмкіндігін талқыладық. Енді біздің тарапымыздан атқарылуы керек шаруалар бар. Жалпы алғанда, Қытай диалогқа ашық" деді Қырғызстанның сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев 3 мамырда парламентте өткен жиында.

Қырғыз жүк көліктері Қытай шекарасындағы кезекте. Архив.
Қырғыз жүк көліктері Қытай шекарасындағы кезекте. Архив.

Орталық Азия елдерінің "қонақжайлығына" Қытайдың көпмиллиардты "Бір белдеу – бір жол" жобасын жандандыру ниеті себеп. Қазір Пекин елдің батысындағы Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен шекаралас Шыңжаң өңіріндегі жағдайды реттеуге тырысып жатыр. Қытай Орталық Азияны Еуразияға арналған ұзақмерзімді экономикалық стратегиясының бір бөлігі көреді. Қытайдың ішкі экономикасы пандемиядан кейін жаңа қарқынмен дамып жатыр, сарапшылар Пекин өңір мемлекеттеріне осындай белгі беріп отыр дейді.

– Пандемия кезінде Қытай Орталық Азия елдерімен шекарасын жауып тастап, өз беделі мен сауда қатынастарына нұқсан келтіріп алды. Бұл байланыстар экономикалық пайда әкелуі мүмкін. Бірақ бұл – Қытай бизнеске дайын, ал Орталық Азия елдері Пекинге ашық деген белгі, – дейді Сингапурдағы С.Раджаратнам атындағы халықаралық зерттеулер мектебінің аға ғылыми қызметкері Рафаэлло Пантуччи.

ЖАҢА БӨЛІМ

Қытайда COVID-19 кезінде енгізілген, трансшекаралық сауданы азайтқан қатаң шектеулерден бөлек, Шыңжаңда ұйғырлар мен басқа да мұсылман халықтарға қарсы көпжылдық қуғын-сүргін аясында шекарадағы бақылау қатаңдады. Шыңжаңда мұсылмандарды саяси қайта тәрбиелеу лагеріне жауып, мәжбүрлі еңбекке жегіп, тууды шектеген. 2022 жылы БҰҰ бұл шараларды адам құқықтарын бұзу деп тауып, Батыс мемлекеттерінің кейбірі Пекинді "геноцид жасады" деп айыптаған.

Шыңжаңдағы қуғын-сүргін Орталық Азиядағы белсенділікті күшейтті. Көбінің туыстары сол жақта тұрады. Қоғамдық көңіл-күйге Қытайдан қашып, Қазақстаннан пана сұраған қазақ этносы өкілдерінің хикаясы да әсер етті.

Қытайда қамауда отыр деген туыстарын босатуды талап еткен қазақстандықтар Алматыдағы Қытай консулдығы алдында наразылықта. 2 наурыз 2021 жыл.
Қытайда қамауда отыр деген туыстарын босатуды талап еткен қазақстандықтар Алматыдағы Қытай консулдығы алдында наразылықта. 2 наурыз 2021 жыл.

Қазақстан үкіметі мен Орталық Азия елдерінің билігі Қытайға қарсы наразылықты басып тастауға тырысады. Туыстары Шыңжаңда қамауда отырған, хабарсыз кеткен азаматтар әлі күнге Қытай елшілігінің алдына барып, наразылық білдіріп жүр.

Орталық Азия елдері Қытайдың шекарасын ашқанына қуанып, Пекинмен сауда байланыстарын жаңғыртып, экономикалық пайда көруді көздеп отыр.

13 сәуірде визасыз режим туралы заң қабылданған кезде Астанадағы стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Әділ Каукенов "Бұл қазақстандық бизнестің бейімділігін және жергілікті нарықты ғана емес, Орталық Азия, Еуразия мен Қытай нарығын да қажет тауарлармен қамтамасыз ету қабілетін арттырады. Инвестициялық мүмкіндік те көбейеді" деп жазды.

Қазақстан үшін Шыңжаң өте маңызды. Ресми статистикаға сәйкес, Қазақстан-Қытай саудасының 40 пайызы осы өңірмен арада жасалады.

Пандемияның салдарына қарамастан, Қытайдың Орталық Азиядағы экономикалық ықпалы артып келеді. 2020 жылдың аяғында Қытайдың өңірге құйған жалпы инвестициясының көлемі 40 миллиард доллардан асып кеткен. 2022 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 70 миллиард долларға жетті.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға келген Қытай президенті Си Цзиньпинді қарсы алып тұр. 2022 жылғы қыркүйек.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға келген Қытай президенті Си Цзиньпинді қарсы алып тұр. 2022 жылғы қыркүйек.

Қытай капиталының негізгі бөлігі Қазақстанға салынған. Қазақстан-Қытай саудасына құйылған инвестиция 33 пайыз өсіп, 2022 жылы 24 миллиард долларға жетіп, жаңа рекорд орнатты. Жергілікті билік инвестиция көлемін тағы да арттыруды көздеп отыр.

Наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Коммунистік партиясының хатшысы Ма Синжуй мен Астанаға келген сауда делегациясын күтіп алды. Кездесу барысында қос мемлекет арасында құны 565 миллион доллар болатын жаңа келісімшарт жасалды.

Қазақстан Қытайдан Еуропаға тауар тасымалдайтын транзиттік дәліз рөлін атқарғысы келеді. Қазір көп компания санкция қаупіне байланысты Ресейді айналып өту жолдарын қарастырып жатыр.

Қазақстан, Әзербайжан, Грузия мен Түркия инвестиция көлемін арттырып, Транскаспий халықаралық дәлізіне назар аударғысы келеді. Бұл жол Шығыс Еуропа мен Еуропаны Орталық Азиямен және Кавказбен байланыстырады.

– Қытайдың Орталық Азиямен қарым-қатынасы аса өзгере қойған жоқ. Пекин өңірді Шыңжаңның қауіпсіздігі мен дамуының ажырамас бөлігі көреді. Си Цзиньпин Орталық Азияда өзін еркін сезінеді және аймақ елдерімен қарым-қатынасын нығайтқысы келеді, – дейді Пантуччи.

Өңірлік инфрақұрылым және Қытаймен байланысты дамыту мәселесі назардан түспейді. Өйткені Си Цзиньпин Сиань қаласында Орталық Азия президенттерімен кездескелі жатыр.

Қытай басшысы Совет Одағы тарағалы Орталық Азиядағы бес мемлекет басшысын бірінші рет жинайды.

Қытайдың өкілетті тұлғалары саммит қос тараптың арасындағы сауда байланыстары күшейіп келе жатқанын көрсетеді деп есептейді. Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Ван Вэньбинь 8 мамырда журналистерге берген сұхбатында "Саммит әріптестіктің жаңа дәуіріне жол ашады" деді. Ол Қытай мен Орталық Азия арасында маңызды саяси құжатқа қол қойылатынын айтты.

Ван саммитте талқыланатын мәселелер туралы ашып айтқан жоқ. Бірақ бұл шара басты назарда болары анық. Орталық Азия Ресейдің Украинаға қарсы соғысынан экономикалық және саяси зардап шекті. Фростберг университетінің профессоры, Қытайдың Ресеймен және Орталық Азиямен қарым-қатынасын зерттеумен айналысатын ғалым Хайюн Ма осылай дейді.

Ма әзірге визасыз режимнен қандай экономикалық пайда келетінін нақты білмейді. Бұл Қытай Ресеймен байланысын нығайтқанымен, Орталық Азиядағы мүддесін ұмытпағанын, өңірдегі ықпалы артып келе жатқанын көрсетеді. Ресей жылдар бойы Орталық Азиядағы рөлін қызғыштай қорып келіп еді.

Украинадағы соғыс Орталық Азия елдеріне ауыр тиді. Олар басқа мемлекеттермен ұзақмерзімді экономикалық байланыс орнатып, Мәскеудің әлсіздігін пайдаланып, Кремльден алшақтағысы келген.

Бірақ Мәскеудің беделі төмендесе де, өңірдегі ықпалы азайған жоқ.

9 мамырда Орталық Азиядағы бес мемлекеттің басшысы Путиннің шақыртуымен Мәскеуге әскери парадқа барды. Сарапшылар мұны Кремльдің қысымы деп бағалады.

Ма Пекин Орталық Азия елдеріне олардың саяси тәуелсіздігін қолдайтынын айтып, Қытай басымдыққа ие болатын жаңа экономикалық шеңбер құруға тырысады деп болжайды.

– Бұл – бір оқпен екі қоян ату стратегиясы. Бір жағынан, Ресейді әлсіретеді, екінші жағынан, Орталық Азияны өзіне жақындатады, – дейді сарапшы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG