Accessibility links

Орталық Азия басшыларының Кремльге адалдығы, Мырзахметовтің ұсталуы және Құлыбаев үшін "қолайсыз уақыт"


Мәскеудегі әскери парадқа барған Орталық Азия елдерінің басшылары Ресей президентімен бірге гүл қою рәсіміне қатысып жатыр. Мәскеу, 9 мамыр, 2023 жыл.
Мәскеудегі әскери парадқа барған Орталық Азия елдерінің басшылары Ресей президентімен бірге гүл қою рәсіміне қатысып жатыр. Мәскеу, 9 мамыр, 2023 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Орталық Азиядағы бес елдің басшылары 9 мамыр күні Мәскеудегі әскери парадқа не үшін барғанын талдады. Одан бөлек, Батыстың санкциялар туралы ескертуінен кейін Қазақстан өз аумағы арқылы Ресейге жөнелтілетін параллель импортқа тосқауыл қоюға талпынып жатқанын жазды. Сонымен қатар экс-президенттің күйеубаласы, "Тимур Құлыбаевқа жақын" "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы жетекшісі Абылай Мырзахметовтің миллиардер үшін өте қолайсыз уақытта ұсталғанына назар аударды.

АЙМАҚ БАСШЫЛАРЫ МӘСКЕУДЕГІ ПАРАДҚА НЕ ҮШІН БАРДЫ?

Орталық Азиядағы бес елдің басшылары 9 мамыр күні Мәскеуде өткен өткен әскери парадқа қатысып, Кремльге адалдығын көрсетті деп жазады Globalvoices платформасы.

Бұрынғы Совет Одағының Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісін атап өтетін Мәскеудегі әскери парад қарсаңында "Путинге кім барады?" деген сұрақ тұрды. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров парадқа баратынын 31 наурызда-ақ растаған. 8 мамырдың кешіне дейін Жапаров парадқа баратын жалғыз шетелдік басшы болды.

Ал Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон, Түркіменстан жетекшісі Сердар Бердымұхамедов пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев парадқа бір күннен аз уақыт қалғанда Мәскеуге баратынын мәлімдеді. Олармен бірге Мәскеуге Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен Беларусь басшысы Александр Лукашенко да барды.

Ресей және Қазақстан мен Өзбекстан басшылары әскери парадта тұр. Мәскеу, 9 мамыр, 2023 жыл.
Ресей және Қазақстан мен Өзбекстан басшылары әскери парадта тұр. Мәскеу, 9 мамыр, 2023 жыл.

Мақала авторы Нұрбек Бекмырзаевтың жазуынша, Орталық Азия басшыларының парадқа қатысуы олардың Кремльге саяси адалдығының соңғы сынағына айналды. Сапар туралы соңғы сәтке дейін хабарламау бұл шешім оңайға соқпағанын көрсетеді.

Украинаға басып кіру Ресейді оқшауда қалған мемлекетке айналдырды, одақтастар Мәскеумен саяси байланысын қайта сүзгіден өткізді. Ресейді қолдаудың арты Батыс елдерінің санкциясына ұласуы мүмкін. Ресей аймақтағы экономикалық, саяси ықпал тетіктерін қысым көрсету құралы ретінде пайдаланады. Сондықтан аймақ Ресей қысымына тап болғанына қарамастан, бейтарап болып қалуы қажет.

Орталық Азия елдері Ресейге экономикалық және саяси жағынан тәуелді. Ресей − Орталық Азия үшін ең алдымен қауіпсіздік кепілгері. Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстан Ресей бастаған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше.

Ресей Қырғызстан астанасы Бішкектен алыс емес жердегі Кант әскери әуе базасын басқарады. Тәжікстанда Ресейдің шетелдегі ең ірі 201-әскери базасы жұмыс істеп тұр. Нұрбек Бекмырзаевтың жазуынша, бұл базалар қағаз жүзінде Ауғанстандағы лаңкестік топтардан қорғау мақсатын көздегенімен, шын мәнінде, аймақ Ресейдің ықпалында дегенді көрсетеді.

Аймақ Ресейге экономика жағынан да тәуелді. Аймақтың Түркіменстаннан басқа елдері үшін Ресей – ең ірі сауда серіктесі. Украинаға басып кірген Ресейге Батыс елдері санкция салған соң, Мәскеу мен Орталық Азия елдері арасындағы сауда айналымы айтарлықтай өсті. Қазақстан мен Қырғызстан Армения, Беларусь пен Ресей кіретін Еуразия экономика одағына мүше.

"Орталық Азия елдерінің басшылары 9 мамырдағы парадқа барғаны үшін әжуаға қалды. Аймақ тұрғындары намыстанып, өз президенттерін Мәскеуге бармауға үндеді". Еуроодақ Орталық Азия елдері президенттеріне Ресейге соғыста көмектеспеуді ескертіп, санкциямен қорқытты. Аймақ елдері соғыс басталғалы ұстараның жүзімен жүр. "Олар [Мәскеуге бару туралы] шешімді ұлттық мүддені ойлап қабылдады ма, әлде жеке қалауы ма – қалай болғанда да, сапар елеусіз қалмады және бұл олардың алдынан шыға бермек".

АСТАНА "ПАРАЛЛЕЛЬ ИМПОРТТЫ ТЕЖЕУГЕ КӨШТІ"

АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Астана екінші қайтара салынатын санкцияларға ұшырамау үшін өз аумағы арқылы санкцияларды айналып өту әрекетіне шектеу қоя бастағанын жазды. Ресей тауардың меншік иесінің рұқсатынсыз үшінші елдер арқылы параллель импортты заңдастырды, Қазақстан бұған тосқауыл қоймақ.

Мәскеу Украинаға басып кірген соң, Samsung, LG, Apple, Bosch тәрізді компаниялар Ресейге тауар сатуды тоқтатты. Алайда мұндай тауарлар Қазақстан мен Өзбекстанда емін-еркін сатылатындықтан, осы елдер арқылы жеткізіліп жатқан болуы мүмкін. Financial Times Қазақстаннан Ресейге экспортталатын кір жуатын мәшинелер 2021 жылы нөл болса, 2022 жылы жүз мыңға жеткенін жазған.

Мақала авторы Кэтрин Путц наурыз айында Eurasianet сайтына шыққан мақалаға қайырылады. Онда Қазақстан сәуірден бастап елге кіретін және шығатын бүкіл тауарды бақылайтын онлайн жүйені енгізетіні жазылған.

Осы аптада Ресейдің "Коммерсантъ" басылымы Қазақстан сәуір айынан бастап бақылаудың жаңа жүйесін енгізгендіктен, шекарадағы шектеулерге байланысты Ресейдегі электроника мен тұрмыстық техника құны 10-12 пайызға қымбаттауы мүмкін екенін хабарлады. Басылымның жазуынша, Ресей санкцияға ілінген тауарды жеткізу үшін Қытай, Қырғызстан, Біріккен Араб Әмірліктері тәрізді басқа айналма жолдарды қолдана бастады.

Астана екінші қайтара салынатын санкцияға ұшыраудан сақтанып отыр. Сәуірдің аяғында Астанаға келген АҚШ қаржы министрінің көмекшісі Элизабет Розенберг пен сауда министрінің өкілі Мэтью Аксельрод Қазақстан арқылы Ресейге тыйым салынған тауар жеткізілгені анықталса, санкция салынуы мүмкін екенін ескерткен. Бұл ретте АҚШ шенеуніктері Украинада бейбіт тұрғындар мен әскерді жою үшін Ресей қолданатын зымыран мен дрондарда пайдаланылатын компьютер техникасы элементтерін тасымалдауды меңзеген.

Кэтрин Путц осы себепті параллель импортқа тосқауыл қою Астана үшін санкцияларға ұшырамаудың жолы дейді.

МЫРЗАХМЕТОВТІҢ ҰСТАЛУЫ ЖӘНЕ ҚҰЛЫБАЕВ ҮШІН "ҚОЛАЙСЫЗ УАҚЫТ"

Eurasianet басылымы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы жетекшісі, экс-президент Назарбаевтың миллиардер күйеубаласы Құлыбаевқа жақын Абылай Мырзахметовті "аса ірі көлемде пара алды" деген күдікпен ұстағанын жазды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратқан баспасөз хабарламасында Мырзахметов бір кәсіпкердің туысын қылмыстық жауапкершіліктен құтқаруға жәрдемдескені үшін ірі көлемде пара талап етті деген күдікке ілінгені жазылған. Мақала авторы Алмаз Куменов Мырзахметов ешқандай мемлекетте қызметте болмағандықтан, бұл көмекті кім ретінде ұсынғаны белгісіз екеніне назар аударады.

Мырзахметов 2013 жылдан былтырғы ақпанға дейін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы қызметін атқарды. Ол Тимур Құлыбаев "Атамекен" президиумы төрағасы қызметінен кеткеннен бір айдан соң отставкаға кетті. Құлыбаев пен Мырзахметов "Атамекеннен" 2022 жылдың басындағы Қаңтар оқиғасынан кейін кеткен болатын. Оқиғадан кейін президент Тоқаев экс-президент кезінде кең етек жайған тамыр-таныстықты жоюға күш салынатынын меңзеген.

Сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Атамекен" кәсіпкерлер ұлттық палатасының басшылары Абылай Мырзахметов пен Тимур Құлыбаевты қабылдаған сәті. Астана, 23 қаңтар, 2017 жыл.
Сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Атамекен" кәсіпкерлер ұлттық палатасының басшылары Абылай Мырзахметов пен Тимур Құлыбаевты қабылдаған сәті. Астана, 23 қаңтар, 2017 жыл.

Автор Мырзахметовтің ұсталуы туралы хабар Құлыбаев үшін қолайсыз уақытта таралғанына назар аударады. Тоқаев Назарбаев тұсында байыған ірі бизнесмендердің байлығы ел игілігіне жұмсалады деген уәдесіне қарамастан, Құлыбаевтың дәулеті өсе түсті.

Forbes Kazakhstan түзген Қазақстандағы ең бай адамдардың тізіміндегі Құлыбаевтың дәулеті кейінгі жылда 400 миллион долларға артып, 4,3 миллиард долларға жетті. Ол елдегі ең ірі банк – "Халық банкіне" иелік етеді, мұнай компанияларында, жанармай құю станциялары желісінде, бір әуекомпанияда және алкоголь өндіретін кәсіпорында үлесі бар.

Мырзахметов 2021 жылы Forbes Kazakhstan басылымының елдегі ең ықпалды 50 бизнесмен тізіміне кірген. Сол уақытта ол медицина бұйымдарын шығаратын зауыт пен алтын кен орнын барлайтын инвестициялық компанияға иелік етті.

2003 жылы Жоғарғы сот Мырзахметовке "ақша жымқырды", "алаяқтық" және "жалған құжат жасау" деген баптармен бес жыл шартты жаза кесті. Ол бұл заңбұзушылықтарды "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының жетекшісі қызметін атқарғанда жасады делінді. Басылым сол жылы бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктер – Мұхтар Әблязов пен Ғалымжан Жақиянов жемқорлыққа байланысты айыппен ұсталғанын еске салады. Алайда сарапшылар сол кезде прокурорлар Әблязовпен және Жақияновпен салыстырғанда Мырзахметовке жеңілдікпен қарады, себебі олардан айырмасы Мырзахметов оппозициялық топтарды қаржыландырмаған дескен. "Назарбаев режиміне адал болғаны сонша, ол 2005 жылы президент жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі болып тағайындалды, кейін сауда-өнеркәсіп палатасының президиумын басқарды".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG