Accessibility links

Қазақстан Ресейге реэкспортты жіті бақылауға алмақ. Санкцияларды айналып өту тыйыла ма?


Ресеймен шекарада тұрған жүк көліктері. Батыс Қазақстан облысы, 22 қыркүйек, 2022 жыл.
Ресеймен шекарада тұрған жүк көліктері. Батыс Қазақстан облысы, 22 қыркүйек, 2022 жыл.

Келесі айдан бастап Қазақстанда тауар қозғалысын шекарадан шекараға дейін онлайн режимде бақылап, Мәскеуге салынған санкциялардың бұзылмауын қадағалайтын жүйе іске қосылуы мүмкін. Астанадағы ақпарат көзіне сүйенген Батыс басылымдары осылай жазды. Бұл Қазақстанның Ресейге қарсы санкцияларды бұзбауға мүдделі екенін Батыс мемлекеттеріне көрсетуге талпынысы болса керек. Бірақ бұл санкцияларды айналып өту тыйылады дегенді білдіре ме?

Ресей Украинаға басып кіргелі бір жыл бір айдан асты. Әлем елдерінің басым көпшілігі Ресей агрессиясын сынап, Еуроодақ пен АҚШ санкциялар ауқымын бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізді: көп кәсіпорын мен шетелдік бренд Ресейге тауар жіберуді тоқтатып, елдегі дүкендерін жапты. Ресей банктері SWIFT жүйесінен ажыратылды.

Былтыр сарапшылар Ресей экономикасы көп ұзамай күйрейді деп болжаған. Бірақ олай болмады: 2022 жылдың қорытындысы бойынша, Ресейдің жалпы ішкі өнімі 2,1 пайыз ғана төмендеген, ал шикізаттың қымбаттауына байланысты көмірсутек экспортынан бюджетке кейінгі 27 жылдағы рекордты табыс – 384 миллиард доллар түскен. Бұл санкцияға дейінгі 2021 жылмен салыстырғанда 43 пайызға көп.

Әлемдегі ірі өндірушілер Ресейге тауар жіберуді тоқтатқанымен, ресейлік дүкендер сөресі босап қалған жоқ. Ресей халқы әлі де шетелдік смартфондар, компьютерлер, тұрмыс техникасы мен автокөліктерді өндірушінің рұқсатынсыз жүретін параллель импорт арқасында еш қиындықсыз сатып алып отыр. Ресей билігі мұндай импорт түрін толық заңдастырып қойған. Мәскеуге санкцияларды айналып өтуге Орталық Азия, БАӘ, Түркия мен Қытай көмектеседі.

СҮТ ТАРТАТЫН ҚҰРЫЛҒЫ, АҒАШ ПЕН КӨЗДЕУІШ

2022 жылы Батыс және жергілікті ақпарат құралдары Қазақстан мен Ресейдің сауда айналымы күрт артқанына назар аударды. Жекелеген санаттар бойынша тауар жеткізу бірнеше есе өскен. Мысалы, теледидар, монитор мен проектор экспорты 312 есе, компьютер 215 есе, телефон экспорты 88 есе артқан. 2021 жылмен салыстырғанда, Астана Мәскеуге 2,5 есе көп алюминий тотығын, былтырғыдан 2,1 есе артық өңделмеген мырыш және бұрынғы көлемінен 2 есе жоғары мөлшерде уран сатқан.

Дүкен сөресіне қойылған теледидардан сөйлеп жатқан Ресей президенті Владимир Путиннің бейнесіне қарап тұрған адам. Мәскеу, Ресей.
Дүкен сөресіне қойылған теледидардан сөйлеп жатқан Ресей президенті Владимир Путиннің бейнесіне қарап тұрған адам. Мәскеу, Ресей.

Bloomberg басылымы былтыр қазанда Қазақстанда туу көрсеткіші 8,4 есе төмендегеніне қарамастан, Еуропа одағынан елге омырау сүтін тартатын құрылғы импорты 633 есе артқанын жазған. 2022 жылы тамызда Қазақстан Еуропадан 21,4 миллион долларға тоңазытқыш сатып алған. Бұл былтырғы сондай кезеңмен салыстырғанда үш есе көп. Қазақстан үкіметі ұсынған деректер де тоңазытқыш, кіржуғыш мәшине мен электр сепаратор (сүт тартатын құрылғы) импорты артқанын дәлелдейді.

Ағылшын журналистері импортталған тауар Ресейге жіберіліп, онда тұрмыс техникасының бөлшектері әскери мақсатқа пайдаланылуы мүмкін деп күдіктенген.

2023 жылғы наурыздың басында Bloomberg агенттігі 2022 жылы Қазақстан Ресейге 3,7 миллион долларға микрочиптер пен жартылай өткізгіштер сатқанын жазды. Бір жыл бұрын бұл тауар бойынша сауда көлемі 12 мың доллар ғана болатын.

Ресейдің Тәжікстанмен, Өзбекстанмен және Қырғызстанмен де сауда айналымы артқан. Factcheck.kg басылымының журналистері Қырғызстаннан Ресейге мыңдаған газ плитасы мен жылыту пеші жіберілгенін, бұрын қос мемлекет арасында мұндай тауар саудасы болмағанын анықтаған. Мәскеу Бішкектен сондай-ақ Қытай, Жапония мен АҚШ-тан жеткізілген кемі 471 көздеуіш сатып алған.

2022 жылы Қазақстан мен Қырғызстан Еуропа одағына көп көлемде ағаш жіберген. Қос мемлекеттің де аумағының 6 пайызын ғана орман алып жатыр. Еуроодақ 2022 жылғы 10 айда Қазақстан мен Қырғызстаннан шикізат импортын 2020-2021 жылғы 445 мың еуродан 30 миллион еуроға дейін өсірген.

Еуроодақ ағашты бұрын Ресей мен Беларусьтен алатын. Ресейге санкция салынып, сауда байланыстары тоқтаған соң, Қазақстан мен Қырғызстанға көшті. Журналистер санкцияға ілінген кәсіпорындар шектеулерді айналып өтіп, ағаш Беларусьтің қоймасында жатса да, құжатқа тауарды Орталық Азиядан алдық деп рәсімдеуге көшкенін айтады.

Бірақ Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2019 жылы шетелге ағаш тасымалдауға тыйым салынғандықтан, 2022 жылы экспорттың бұл түрі мүлде жасалмағанын мәлімдеді.

"СЦИЛЛА МЕН ХАРИБДАНЫҢ АРАСЫНДА"

Ресеймен арада сауда айналымы артқанына қарамастан, Қазақстан билігі Мәскеуге санкцияларды айналып өтуге көмектесіп отырғанын жоққа шығарады. Мысалы, 2022 жылы маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбаттарының бірінде Ресейдің әскери агрессиясын қолдамаған ел Ресей үкіметімен одан әрі жұмыс істеп, санкцияларды бұзбай-ақ қажет келісімдерге қол жеткізіп жатыр деген.

"Санкцияның аты – санкция. Оны бұзуға болмайды. Оның үстіне, санкциялар бұзылған жағдайда Батыс елдері экономикамызға "жанама санкция" салады. Өте қиын әрі нәзік жұмыс жүріп жатыр. Мұны Сцилла мен Харибданың арасынан өтуге теңер едім" деген Тоқаев.

Bloomberg дерегінше, үшінші мемлекеттердің арқасында Ресей импортының көлемі соғысқа дейінгі көрсеткіштерге жетіп қалды. Осы себептен АҚШ пен Еуроодақ санкциялық тауарды Орталық Азия арқылы Ресейге реэкспорттау мәселесіне жіті назар аударып отыр. Еуроодақ өкілдері Түркия, БАӘ мен Қазақстаннан жоғары технологияларға экспорттық бақылауды күшейтуді талап етті.

Ақпанның аяғында Астанаға ресми сапар жасаған АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен де осы мәселені көтерді. Ол Орталық Азия мемлекеттерінің аумағы арқылы Ресейге санкцияға ілінген тауар жеткізілуі мүмкін деп алаңдады.

Блинкен АҚШ санкциялардың сақталуын жіті қадағалап, Орталық Азия елдерінің өкілдерімен бұл шектеулерді бұзудың қандай экономикалық салдары болатынын үнемі талқылап отыратынын ескертті. Блинкен өңірге санкцияның әсерін жұмсарту үшін 25 миллион доллар бөліп, Ресеймен серіктес болған компанияларға қызметін тоқтатып, ол байланыстарды үзуге уақыт беру үшін арнайы лицензия таратуды ұсынды.

АҚШ мемлекеттік хатшысымен кездесуден кейін Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияров Ресей мен Қазақстан арасында кедендік шекара жоғын, қос мемлекет те Еуразия экономика одағына мүше екенін, сондықтан еркін сауда процесін басқару оңай емесін түсіндірді.

6 наурызда Смадияров журналистер сұрағына жауап беріп, Қазақстан билігі Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектеспейді деп мәлімдеді.

22 наурызда ағылшынша жазатын Еurasianet.org сайты үкіметтегі ақпарат көздеріне сілтеп, 1 сәуірден бастап Қазақстанда жанама санкциялардың алдын алу үшін елге кіріп-шығып жатқан тауарды бақылауға арналған онлайн жүйе іске қосылады деп жазды. Жүйе туралы толық ақпарат жоқ. Еurasianet.org Қазақстан онлайн жүйені іске қосу арқылы Батыстың Ресей экономикасын әлемнен оқшаулау жоспарына келіскенін көрсеткісі келеді деп есептейді.

"Үкімет Ресеймен саудада ешқандай санкция мен шектеуді қолданбаймыз деп бірнеше рет қайталады. Бірақ Қазақстан Батыс санкцияларын айналып өтетін алаңға айналмайды. Жанама санкциялардың қаупін түсінеміз, сондықтан барлық серіктесімізбен екіжақты сауда қатынастарымызды жіті бақылап отырмыз", – деді аты-жөні аталмаған шенеунік.

23 наурызда ұлыбританиялық Financial Times іскерлік басылымы Қазақстан Ресейге параллель импортты шектейді деп хабарлады. Автор "Еуроодақпен тығыз сауда байланысы бар Астана өз мүддесі мен Мәскеудің қалауының арасында тепе-теңдік сақтап, дипломатиялық қылкөпір үстінен өтуге мәжбүр" деп жазды.

"ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙДЕН АЛШАҚТАЙ АЛМАЙДЫ"

Ресейге қарсы санкция салынғанына бір жыл толды. Қазір Батыс шенеуніктері үшін бұл санкциялар қаншалық тиімді болғанын саралайтын уақыт келді. Сондықтан Батыс Ресейге реэкспорт мәселесіне бұрынғыдан да қатаң қарай бастады.

– Енді қай санкциядан пайда болғанын, қайсысы Ресей экономикасына еш әсер етпегенін бағалайтын кез келді. Тиімсіз санкцияларды алып тастап, әсері бар шектеулерді одан әрі күшейтеді. Санкцияларды айналып өту мүмкіндіктерін біртіндеп жаба бастайды. Ал Ресейге көмектесіп отырған мемлекеттерге бұзақылық жасаған оқушыны тәртіпке шақырғандай саусақ безеп, "Бұлай жасауға болмайды!" деп қорқытып қояды, – дейді Бейсембаев.

Қазақстанның Ресеймен шекарасындағы бақылау пункті.
Қазақстанның Ресеймен шекарасындағы бақылау пункті.

Экономист Айдар Әлібаевтың пікірінше, Ресей санкциялық тауарға мұқтаждығын негізінен Қазақстан, Қытай, Түркия мен Грузия арқылы өтеп келген. Сарапшы реэкспортқа Қазақстанның мемлекеттік құрылымдары қатыспайды дейді.

– Реэкспортпен жекеменшік бизнес айналысады. Оларға қазір осы тиімді, өйткені Ресейде тұрмыс техникасы мен электроникаға, смартфондар мен басқа да заттарға сұраныс жоғары. Қазақстандық кәсіпкерлер бұдан жақсы ақша тауып отыр. Бірақ бұл ұзаққа бармайды. Батыс мұны әлдеқашан байқаған, көптен бері бақылап отыр, – дейді Әлібаев.

Сарапшы Арман Бейсембаев реэкспорттың басым бөлігін қазақстандық шағын және орта бизнес жүзеге асырып отыр деген пікірге келіседі. Бірақ ол бұл саланы бақылауға алу қиын екенін, Еуразия экономика одағының ережесіне сәйкес, тауар шекарасыз, еркін қозғалатынын айтады.

– Бұл процесті 100 пайыз бақылауда ұстап, реэкспортты біржола жауып тастау мүмкін емес деп ойлаймын. Қазақстан әлі де көп тауар мен қызмет түрі бойынша Ресейге тәуелді. Экономикалық тұрғыда Ресейден алшақтап кете алмаймыз. Көп тауарды сол жақтан сатып аламыз. Қажет тауарымызды экспорттап, оларға керегін қалай сатпай қоямыз? Мұны елестете алмаймын. Бұл – екіжақты процесс қой, – дейді Бейсембаев.

Сарапшы шектеулер енгізілгеннен кейін оларды да айналып өту жолы табылады деп алаңдайды.

– Чиптер мен жартылай өткізгіштерді таза күйінде сата алмайтын шығармыз. Бірақ омыраудан сүт тартатын құрылғы сатсақ, ішінен осы чипті алуға болады. Тоңазытқыш, кіржуғыш мәшине, смартфондарды да дәл осылай бөлшектерге ажыратып, керегін алады. Чиптерді декларацияда басқаша жазуы мүмкін. Шекарада да неше түрлі сызбалар бар, – дейді ол.

РЕСЕЙ ОҚШАУ МЕМЛЕКЕТ БОЛЫП ҚАЛА МА?

Арман Бейсембаев пен Айдар Әлібаев Батыс елдері Қазақстанға мемлекет ретінде санкция салмайды дейді. Қос сарапшы да шектеулер енгізу қажет болса, тізімге коммерциялық компаниялар мен заңды тұлғалар енетінін айтады.

– Мұндайға бармайды деп ойлаймын, өйткені Батысқа бұл керек емес. Оған Қазақстан керек. Біз олар үшін де транзиттік аумақпыз. Қазақстанды жауына айналдырып, Ресейге жақындатқысы келмейді. Бәрін жақсы түсініп отыр. Бұл процесс жалғаса береді, шектеулер қояды, ескерту жасайды, жекелеген компанияларға санкция да салар. Осындай режимде жүреді деп ойлаймын, – дейді Әлібаев.

Арман Бейсембаев жекелеген санкциялардан пайда жоғын айтады. Өйткені заңды тұлғаны қайта тіркеп, басқа директор тағайындай салуға болады.

– Санкциядан шығу прецеденті бар: ресейлік "Сбербанктің" қазақстандық еншілес компаниясы санкциядан сытылып кетті. Жай ғана иегерін, тіркеуін ауыстырды. Қағаз жүзінде Ресеймен байланысы үзілген соң, санкцияларды алып тастады. Осындай "сәтті" кейс бар, – дейді Бейсембаев.

Экономист Айдар Әлібаев Батыс елдері қалыптасқан жағдайға қарамастан, Қазақстан билігін Ресей мен өз арасында таңдау жасауға мәжбүрлеп, ультиматум қоймайды деп сенеді.

– Батыс елдері Қазақстанға осындай қиын шарт қойса, бізді ыңғайсыз жағдайға қалдыратынын біледі. Сондықтан бұған жеткізбеуге тырысады. Экспорт арта берсе, әсер ету жолдарын табады. Түптеп келгенде, бұл – бізде өндірілген тауар емес қой. Басқа елдерден, мысалы, Түркиядан келеді. Олар осы каналды жабуға тырысады, – дейді сарапшы.

Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаевтың пікірінше, Батыс шенеуніктерінің санкцияларға бақылауды күшейтуі – бір реттік акция емес, Ресейдің сауда серіктестеріне қысым күшейе береді.

– Сыртынан тон пішудің қажеті жоқ. Блинкен бекер келмеді. Байқасаңыз, Түркияға да қысым көрсетіп жатыр. Оған да шарттарды орындауға тура келіп отыр. Жақында Түркия Ресейге экспортын тоқтатып тастады. Бәрі бір күнде болды. Түркия бұл ережелерді қабылдады. Ары қарай да осылай қала ма, білмеймін, бірақ әзірге қысым барын көріп отырмыз. Бұл қысым бізге ғана емес, барлық елге жасалып жатыр. Батыс елдері Ресейді оқшаулауға бел буған сияқты, – дейді сарапшы.

Анкара Мәскеуге санкцияға ілінген тауар транзитін тоқтату жоспарын жариялағаннан кейін Ресей компаниялары қазақстандық серіктестеріне жармаса кетті. Наурыздың ортасында Reuters агенттігі осылай жазды. Ресейге ұшақ бөлшектерінен бастап, сирек кездесетін металдарға дейін әртүрлі тауар керек. Reuters агенттігіне аноним сұхбат берген қазақстандық кәсіпкерлердің бірі ресейлік компания Австралиядан сирек кездесетін металл жеткізуге 1 миллион доллар ұсынғанын айтқан.

Қазақстан үкіметі Reuters материалы, Ресейде тауарға сұраныстың артуы және реэкспортты бақылайтын онлайн жүйенің іске қосылуы туралы пікір білдірмеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG