12 мамырда Астанада полиция белсенді Асқар Сембайды ұстап әкетті. Сенбі күні адвокат Мейіржан Досқараев полицияның белсендіні 405-бап бойынша уақытша қамау изоляторында ұстап отырғанын хабарлады.
"Әлі қамауға санкция берген жоқ. Бүгін не ертең қамайтын сияқты" деді адвокат Азаттыққа.
Белсендінің ұсталуына қандай оқиға түрткі болғаны белгісіз. Полиция әзірге түсініктеме бермеді.
Адвокаттың айтуынша, полиция белсенді Айдар Сыздықовты да ұстап отыр – ол 12 мамырда Сембаевты ұстау кезін түсірген кезде ұсталған. Саяси қудалау туралы жазатын Tirek.info сайтының мәліметінше, полиция екі белсендіні түсіндірместен және құжаттарын көрсетпестен ұстап алып кеткен.
Facebook-тағы #БелсенділерЭкстремистЕмес тобы бір күн бұрын Айдар Сыздықовтың "өзін полиция ұрлағаны туралы" айтқан видеосын жариялаған. Видео Астананың Сарыарқа аудандық полиция бөлімінде түсірілгенге ұқсайды. Онда Сыздықов полицияның Асқар Сембайды ұстағанын түсіріп жатқан кезде өзін де ұстап әкеткенін айтады.
Tirek.info сайтындағы мәліметке қарағанда, Асқар Сембай 2019 жылдан бері азаматтардың құқықтарын талап еткен бейбіт жиындарға қатысып, бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылған. 2020 жыл тіркелмеген "Көше" партиясына байланысты тергелген. Астана соты "Көше партиясы" мен "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалыстарын "экстремистік ұйым" деп танығанмен Еуропарламент оларды "бейбіт оппозициялық ұйым" деп таныған.
Қазақстанда бұған дейін жүздеген белсенді осы екі ұйымның ісіне қатысы бар деген айыппен сотталған. Олардың көбін құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған.
ПІКІРЛЕР