Accessibility links

Аймақта "ықпалын күшейтіп жатқан" Пекин және Ресей мен Қытайдың "үнсіз бәсекесі"


Орталық Азия – Қытай саммитіне қатысушы елдердің басшылары. Сиань, Қытай 19 мамыр, 2023 жыл.
Орталық Азия – Қытай саммитіне қатысушы елдердің басшылары. Сиань, Қытай 19 мамыр, 2023 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Қытайдың Сиань қаласында өткен Орталық Азия – Қытай саммиті Пекиннің аймақтағы ықпалы артып жатқанын көрсетті деп жазды. Сонымен қатар аймақта Қытай мен Ресей арасында бәсеке мен ықпалға талас бар ма деген сұраққа жауап іздеді. Бұдан бөлек, Мәскеу Орталық Азия мен Кавказ елдері арқылы Батыс технологияларына қол жеткізіп жатқанына тоқталып, жанама санкциялардың қаупі арта түскенін талдады.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ + ҚЫТАЙ САММИТІ НЕ КӨРСЕТТІ?

"Си Цзиньпин Орталық Азиядағы бес ел басшылары қатысқан саммитті Ресей ұзақ уақыт бойы үстемдік құрған аймақта Қытай ықпалы өсіп жатқанын көрсету үшін пайдаланды" деп жазады АҚШ-тағы Wall Street Journal басылымы.

Сиань қаласында 18-19 мамыр күндері өткен саммитте Орталық Азиядағы бес елдің президенттері мен Қытай басшысы алғаш рет түгел жүзбе-жүз бас қосты. Саммит кезінде Қытай басшысы Си Цзиньпин Орталық Азиямен қарым-қатынасты дамытудың "үлкен жоспарын" жария етті. Ол инфрақұрылым салудан бастап, сауданы арттыруға дейінгі саланы қамтиды. Пекин аймақ елдеріне 3,8 миллиард доллар көлемінде қаржылай көмек пен грант беретін болды.

Сауда-саттықпен бірге Си Цзиньпин Қытай аймақтағы қауіпсіздікке мүдделі екеніне тоқталды. Ол Пекин Орталық Азия елдерінің қорғаныс қабілетін күшейтуге көмектесуге дайын деп мәлімдеді.

"Көпшілік Орталық Азияда Қытай мен Ресей арасында еңбек бөлінісі бар, Ресей қауіпсіздікке, ал Қытай экономикаға жауапты деп есептейді, алайда, шын мәнінде, олай емес, − дейді Карнеги Еуразия орталығының ғылыми қызметкері Темур Умаров. – Қытай 90-жылдары-ақ Орталық Азиядағы қауіпсіздікке басымдық берген".

Ресейге әскери жаттығуға барған қытай әскері. Приморье өлкесі, Ресей, 29 сәуір, 2022 жыл.
Ресейге әскери жаттығуға барған қытай әскері. Приморье өлкесі, Ресей, 29 сәуір, 2022 жыл.

"Қытайдың аймақтағы мүддесінің өсуі – Ресей үшін күтпеген нәрсе емес. Мәскеу "мұндай бәсекені ұсына алмайтынына көндіккен. Орталық Азия елдері балама болғанын қалайды" дейді Сингапурдағы Раджаратнам атындағы мектептің аға ғылыми қызметкері Рафаэлло Пантуччи.

Мақала авторы Остин Рэмзидің жазуынша, аймақта Қытай ықпалы өскенімен, Ресей ықпалы жойылған жоқ. Сарапшылар Пекин Мәскеудің аймақтағы позициясына нұқсан келтіруге тырысып жатқан жоқ дейді. Украинаға басып кірген соң, Батыс санкция салып, оқшауда қалған Ресей Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасты күшейтуге талпынып жатыр. Былтыр Ресей президенті Владимир Путин аймақтағы бес елдің әрқайсысына сапарлады. Бес елдің басшылары 9 мамыр күні Екінші дүниежүзілік соғыста фашистік Германияны жеңу күніне орай өткен Мәскеудегі әскери парадқа барды.

Умаровтың пайымдауынша, Пекин Орталық Азияда Мәскеумен араздасқысы келмейді, себебі Қытай үшін аймақта басымдыққа ие болудан гөрі Ресеймен қарым-қатынас маңыздырақ. "Орталық Азияда Мәскеу мен Пекин арасындағы серіктестік біз ойлағаннан анағұрлым үлкен" дейді Умаров.

Сиань қаласында өткен саммитті талдаған АҚШ-тағы CNN телеарнасы Ресей Украинада соғыспен жүргенде, Пекин ұзақ уақыт бойы Мәскеудің ықпал аймағы деп саналатын Орталық Азияда белсенділігін арттыруға талпынып жатқанын жазды.

"Бұл саммиттің маңызды тұсы – ол Украинада соғыс жүріп жатқанда және аймақтағы Ресейдің болашақ міндеті, рөлі мен ықпалы белгісіз шақта өтті. Орталық Азия әрқашан Ресей ықпалындағы аймақ болды, Қытай аймақтағы ықпалын арттырып жатыр, Қытай мен Орталық Азия қарым-қатынасында жаңа бағыт пен бұрын болмаған мүмкіндіктер пайда болды" дейді Вашингтондағы Stimson сараптама орталығының Қытай бағдарламасының директоры Юн Сун.

ПЕКИН МЕН МӘСКЕУДІҢ "ШЕКСІЗ ДОСТЫҒЫНА" ТҮСКЕН СЫЗАТ

Орталық Азия – Қытай саммитіне тоқталған Ұлыбританиядағы Financial Times басылымы аймақта Пекин мен Мәскеу арасында "үнсіз бәсеке" бар екенін жазған.

"Қытай қысқа мерзім ішінде Орталық Азиядағы Ресейдің рөлін баса алады деп ойламаймын, бірақ [ықпалға талас] басталып кетті. Олар үнсіз бәсекелестер" дейді Тайваньның ұлттық қорғаныс және қауіпсіздік институтының ғылыми қызметкері Чиэнью Ши.

Сарапшылар Қытай аймақтағы Ресейдің әскери белсенділігінің орнын басуға тырыспаса да, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейтуі мүмкін деп болжайды. Қытай Шыңжаң өлкесіне терроризм, қару-жарақ пен есірткінің таралуын болдырмау үшін бұл бағытта Тәжікстанмен серіктестікті бастап кеткен.

"Қытай бұл мәселе (қауіпсіздік саласына араласу) Ресей шымбайына бататынын біледі, сондықтан Сидің бұл бағытта қаншалық ұзап кете алатынын көру қызық болар еді" дейді Вашингтондағы әскери-теңіз мәселелерін талдау орталығының ғылыми қызметкері Элизабет Вишник.

Сарапшылардың айтуынша, Орталық Азия халқы Қытай ниетіне күмәнмен қарап, Пекин алдындағы қарыз өсіп жатқанына алаңдайды. Ал Франциядағы Қытай елшісінің "Совет Одағының бұрынғы мемлекеттерінің халықаралық құқыққа сәйкес мәртебесі жоқ" деген сөзі аймақтағы Қытай позициясына нұқсан келтірді. Пекин бұған түсіндірме бермеді, дипломатты жұмыстан шығармады. "Орталық Азия барометрі" зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Юнис Шарифли аймақ жұрты Қытай инвестициялары мен технологиясын қалағанымен, Пекин белсенділігіне алаңдайды деп есептейді.

Биыл үшінші мерзімге сайланған Қытай басшысы Си Цзиньпин алғашқы сапарын Ресейден бастаған. Мәскеу, 21 наурыз, 2023 жыл.
Биыл үшінші мерзімге сайланған Қытай басшысы Си Цзиньпин алғашқы сапарын Ресейден бастаған. Мәскеу, 21 наурыз, 2023 жыл.

Вишниктің ойынша, Ресей әлі де аймақта басымдыққа ие әрі ол – бәлкім, көпшілік көбірек қалайтын ойыншы.

АҚШ-тағы Washington Post басылымы Қытай саммитте Орталық Азияға "Ресейге емес, бізге сенім артыңдар" деген сигнал бергенін жазды.

Автор Мэган Тобин Си Цзиньпин аймақ елдеріне миллиардтаған доллар қаржылай көмек, қауіпсіздік пен қорғаныс жоспарын ұсынып, өзін "жомарт және сенімді серіктес" ретінде көрсетті дейді. Тобиннің пайымдауынша, бұл тәсіл Пекин мен Мәскеудің "шексіз достығына" сызат түскенін көрсетті.

Саммит Си Цзиньпин АҚШ жалғыз алып держава болмайтын көпполюсті әлем құруға тырысып жатқанын көрсетті. "Бір жыл бұрын аймақта Орталық Азия басқа ойыншыларға ойысуы керек пе, Батысқа қарауы қажет пе деген пікірталас жүрді. Осы апта аймақ қайда қосылуға бел буғанын көрсетті" дейді АҚШ-тағы Atlantic Council зерттеу орталығында сырттай жұмыс істейтін ғылыми қызметкер Нива Яу.

ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ТАУАРДЫ РЕСЕЙГЕ ЖЕТКІЗУ ЖӘНЕ ЖАНАМА САНКЦИЯ ҚАУПІ

АҚШ-тағы Wall Street Journal басылымы постсоветтік кеңістіктегі бірқатар ел санкция салынған тауарды – АҚШ пен Еуропада шыққан компьютер чиптерін, лазер мен азаматтық және әскери саладағы басқа да өнімдерді Ресейге жеткізетінін жазды.

АҚШ пен Еуроодақтың Армения, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстанға тауар экспорты 2021 жылы 14,6 миллиард доллар болса, былтыр 24,3 миллиард долларға жеткен. Ал бұл елдер Ресейге экспортын былтыр 50 пайыз өсіріп, 15 миллиард долларға жеткізген.

Еуропадағы шенеуніктер бұл айналма жолдың қарқынды дамуы Ресей Батыс санкцияларына қарамастан, тыйым салынған тауарды сатып алудың амалын тапқанын көрсетеді дейді. Бұл жаңа жол Мәскеуге соғыста қолданылатын Батыс технологияларына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

"Электроника ұшақ шығару, зымыран, танк пен беренді техниканы басқару жүйесі мен байланыста қолданылады" дейді Ресейдің әскери өнеркәсіп кешені бойынша сарапшы Павел Лузин.

Вашингтондағы Silverado Policy Accelerator зерттеу орталығының атқарушы директоры Сара Стюарт бірқатар ел тыйым салынған тауардың шағын көлемін ғана жіберген күннің өзінде бұл Мәскеудің шетел технологияларына қол жеткізуіне елеулі үлес қосады деп есептейді.

Мәскеу былтыр параллель импортқа − тауарды меншік иесінің рұқсатынсыз үшінші елдер арқылы жеткізуді заңдастырды. Ресейде тыйым салынған тауарды басқа елдер арқылы жеткізуді ұсынатын компаниялар емін-еркін жұмыс істейді. Мысалы, Мәскеудегі Standard Group кеден брокері өзінің сайтында Армениядағы еншілес ұйым арқылы АҚШ немесе Еуропадан тауар сатып алып, кеденде рәсімдейтін процесті бастан-аяқ жазып шыққан.

Батыстағы компаниялар тауарды Ресейге тікелей сатып жатқан жоқ, ал оны Ресейге жөнелтіп жатқан Кавказ және Орталық Азия елдері санкция салынған елдер тізіміне кірмейді. Батыс шенеуніктері санкцияларды айналып өтетін көлеңкелі жолға тосқауыл қоймақ. Еуроодақ Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектесіп жатқан елдерге жанама санкция салып, кейбір тауарларды сол елдерге экспорттауға тыйым салатын тетікті қарастырып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG