Accessibility links

"Узбекистон хаво йуллари" құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуовті Бішкек – Ташкент ұшағына мінгізбеген


Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов.
Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов.

"Узбекистон хаво йуллари" әуекомпаниясы 22 мамырда Қазақстанның құқық қорғаушысы, қоғам белсендісі Ғалым Ағелеуовті Бішкек – Ташкент рейсіне мінгізбеген. Мұны Ағелеуовтің өзі хабарлады.

Құқық қорғаушының айтуына қарағанда, ол Ташкентке Нөкіс оқиғасы бойынша аппелляция сотын бақылау үшін бармақ болған. Әуекомпания өкілдері "Ташкент әуежайындағы шекара қызметі Ағелеуовтің Ташкентке келуіне тыйым салынғаны жөнінде хабарлағанын" айтқан.

– "Манас" әуежайына барып, рейске тіркелмек болдым. Сол жерде мені өзбек әуекомпаниясының басшысына апарып, Өзбекстан билігі мені визасыз режим бойынша өткізуден бас тартқанын, шекаралық бақылау мені Өзбекстанға өткізбейтінін айтты, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Қазақстандағы Өзбекстан елшісінің кеңесшісі Мұзафар Усмановтың Азаттыққа айтуынша, "құқық қорғаушының Өзбекстанға кіре алмауына байланысты жауап ақпарат құралдарында айтылған". Ал Ғалым Ағелеуовтің сөзінше, ешқандай ресми жауап немесе түсініктеме болмаған.

– Қандай да бір сұрақтарыңыз болса, Өзбекстанның Қырғызстандағы елшілігіне хабарласыңыздар, себебі оқиға сол жақта болды. Немесе Өзбекстан сыртқы істер министрлігінен сұраңыздар. Бұл жөнінде мәлімдеме жасайтындай құзіретім жоқ, – деді Мұзафар Усманов Азаттық тілшісіне.

Қазақстандағы Liberty құқық қорғау ұйымының жетекшісі, 57 жастағы Ғалым Ағелеуов Нөкістегі оқиғаны Венада орналасқан Freedom for Eurasia құқық қорғау ұйымындағы топпен бірге зерттеп жүрген. Ол бұған дейін Өзбекстанға екі рет барып, Нөкіс оқиғасы бойынша сот процестеріне қатысқан. Нөкіс оқиғасында зардап шеккендерден ақпарат жинап, қаза болғандар санын зерттеген. Өзбекстанға жасаған сапарының қорытындысынан соң Нөкіс оқиғасында өлгендер ресми мәліметтегіден әлдеқайда көп екенін айтқан.

Ғалым Ағелеуов қатыспақ болған сот процесінде "Нөкіс оқиғасын ұйымдастырушылардың бірі" деген айыппен 16 жылға сотталған қарақалпақ азаматы Дәулетмұрат Тәжімұратов бар.

Қаңтардың соңында Бұхара облысының соты былтыр шілденің басында Қарақалпақстан астанасы Нөкісте болған оқиғаға байланысты 22 адамға үкім шығарған. Тәжімұратовтан өзге тағы 17 адам үш жылдан сегіз жылға дейін бостандығынан айырылған. Төрт адам сот залынан босатылған.

Биыл 17 наурызда Бұхара облыстық соты Қарақалпақстандағы наразылық бойынша тағы 39 айыпталушыға үкім шығарды. Сот үкіміне сәйкес, 28 адам 11 жылға дейін бостандығынан айырылып, 11-і мерзімінен бұрын шартты жазамен бостандыққа шыққан.

Нөкіс оқиғасы кезінде кемі 21 адам өлген, оның төртеуі – құқық қорғау органдары қызметкерлері. 270-тен аса адам жараланған.

Нөкіс оқиғасы Өзбекстан билігінің Конституциядағы Қарақалпақстан мәртебесіне өзгеріс енгізу жөніндегі бастамасына байланысты туған. Жаңа Конституция жобасында Қарақалпақстанның егемендік мәртебесі мен Өзбекстан құрамынан шығу құқығы жойылатыны көрсетілген еді. Жаппай толқудан кейін Ташкент бұл ұсынысынан бас тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG