Бүгін, 20 ақпанда Алматыда Нөкістегі оқиға мен қамаудағы қарақалпақ белсенділеріне қатысты баспасөз мәслихатында құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов Өзбекстанға жасаған сапарының қорытындысын жариялады. Баспасөз мәслихатына Өзбекстандағы конституциялық өзгеріске қарсы наразылыққа шыққаны үшін сотталған адвокат әрі журналист Дәулетмұрат Тәжімұратовтың қарындасы Мария Тәжімұратова да қатысты.
Нөкіс пен Бұхара қалаларына барып, осы оқиғаға байланысты сот процесін бақылаған Liberty құқық қорғау ұйымының жетекшісі Ғалым Ағелеуовтің айтуынша, көтеріліс кезінде қаза болғандар ресми мәліметтегіден әлдеқайда көп.
"Қазірге дейін 50 адамның аты-жөні мен мекенжайы анықталған, жеке дерегі табылмағандар да бар. Өзбекстан үкіметінен, бас прокуратурасынан, адам құқықтары жөніндегі комиссиясынан ақпарат сұраймыз. Адам құқығына нұқсан келтіретін сәттерді анықтау керек. Келешекте тағы қайталанбас үшін өзбек билігінің өзі де бұған мүдделі болуға тиіс" деді ол.
Өзбекстан билігі Қарақалпақстандағы наразылықты басып-жаншу кезінде кемі 21 адам қаза болғанын хабарлаған. Ғалым Ағелеуовтің айтуынша, қаза тапқандар туралы өзбек билігі өзге ақпарат таратпаған.
"Құқық қорғаушы ретіндегі мақсатымыз – адам құқықтары бұзылған-бұзылмағанын анықтау, қаза тапқандарды, жараланғандар мен хабар-ошарсыз кеткендердің нақты санын көрсету" дейді Ағелеуов.
"Нөкіс оқиғасын ұйымдастырушылардың бірі" деген айыппен 16 жылға сотталған қарақалпақ азаматы Дәулетмұрат Тәжімұратовтың қарындасы Мария Тәжімұратова сот шешіміне келіспейді. Ол ағасы Өзбекстан Қылмыстық кодексінің бес бабы бойынша тағылған айыптың біреуін ғана мойындайтынын, қалғанын негізсіз дейтінін айтты.
"Ағамның Бұхарада өткен сотына бардым. Ол өзін толық ақтады, бірақ неге 16 жылға сотттағанын білмеймін" дейді ол.
Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуовтің сөзінше, Дәулетмұрат Тәжімұратовқа заңсыз айып тағылған. "Ел қызметінде" ("Эл хызметинде") газетінің адвокаты Дәулетмұрат Тәжімұратов "Өзбекстанның конституциялық құрылымын бұзу немесе билікті басып алу мақсатында сөз байласу" және "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" баптарымен айыпты деп танылып, 16 жылға сотталған.
2022 жылғы 1-2 шілде күндері Қарақалпақстан автономия республикасының астанасы Нөкіс қаласының тұрғындары Өзбекстан конституциясына енетін кейбір өзгерістерге қарсы наразылыққа шыққан. Жаңа заң жобасында Қарақалпақстанның егемендік мәртебесі мен республика құрамынан өз еркімен шығу құқығы алынып қалған еді. Халық толқуынан соң, Ташкент даулы өзгерістерден бас тартқан.
Өзбекстан күш құрылымдары Нүкістегі наразылықты күшпен басқан. Өзбек билігінің мәліметінше, Нүкістегі наразылық кезінде 21 адам өліп, 243 адам жараланған, 500 адам қамауға алынған.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Өзбекстанды оқиғаны тәуелсіз зерттеуге, билік органдарының халыққа күш қолдануын тексеруге шақырған. Human Rights Watch (HRW) мәліметінше, өзбек күш құрылымы "қаруды негізсіз қолданған".
Қазір Өзбекстанда Нүкістегі оқиғаға байланысты айыпталған белсенділер соты жүріп жатыр. Бұған дейін прокурорлар "конституциялық құрылысқа нұқсан келтірді" деп айыпталған белсенділерді 18 жылға дейін соттауды сұраған.
Былтыр жазда Қарақалпақстанда Ташкенттің Конституцияны өзгерту туралы бастамасына қарсы наразылық болған. Түзетулер арасында Қарақалпақстан автоном республикасын Өзбекстан құрамынан шығу құқығынан айыратын пункт болды. Жаппай наразылықтан соң даулы түзетулер жобадан алынды.
ПІКІРЛЕР