Авторитар елдердің көбінде демократия көрсеткіші төмендеп, азаматтық қоғам тұншықтырылып жатыр. Соғысқа қарамастан, Украинада демократия ахуалы жақсарса, Ресей құлдыраған үстіне құлдырады, ал Орталық Азиядағы бес елдің барлығы "орныққан авторитаризм" категориясымен рейтингінің соңында тұр. Freedom House халықаралық демократия және адам құқықтары ұйымы Еуропа мен Орталық Азияның бұрынғы коммунистік лагерь елдеріндегі демократия көрсеткіштерін бағалайтын жылдық есебінде осындай қорытынды жасады.
Freedom House жылдағы дәстүрмен Орталық Еуропа, Балқан және Еуразиядағы коммунистік идеология астында болған 29 елдегі жағдайды ұлттық демократиялық басқару, сайлау процесі, азаматтық қоғам, тәуелсіз медиа, жергілікті демократиялық басқару, жемқорлық сияқты категориялар бойынша бағалап, нәтижесін қорытты. Әр категория бойынша 1 мен 7 арасында баға қойып, орташа шаманы шығарған. Мұндағы 7 – ең жоғары, ал 1 – ең төмен көрсеткіш. Бұл жолы сол елдердің сегізі "орныққан авторитар режим" деген ең нашар категория аясында қалды. Олардың арасында Орталық Азия республикаларымен бірге Беларусь, Әзербайжан және Ресей бар.
Жылдық есептегі төмендеген көрсеткіштердің жартысынан астамы осы "орныққан авторитар елдерге" тиесілі. "Олардың үкіметтері халықтың бас қауіпсіздігін қорғау деген әр мемлекеттің мойнындағы негізгі міндетті ұмытып, керісінше, көп азаматтың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қатер төндірді" делінген есепте.
Freedom House наразылықты басып-жаншу, қуғын-сүргін ұйымдастыру "орныққан авторитар режимдердің" "ең басты ерекшелігі" болғанын жазады.
"Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанда азаматтық кеңістік айтарлықтай тарылғаны байқалды, ал билік кейбір жағдайда наразылық білдірушілер мен ұсталғандарды азаптауға жол берді. Түркіменстан мен Әзербайжан азаматтары билеуші элитаның непотизмі мен сыбайластығынан әлі де зардап шегіп келеді. Ал соғысқа наразы халыққа бағытталған Ресейдегі алапат қуғын-сүргіннің кесірінен бұл есепті әзірлеудің 30 жылдық тарихында рейтингіде ең қатты құлдыраған ел осы болды".
"Орныққан авторитаризмі" бар сегіз елдің алтауында демократия көрсеткіші былтырғыдан төмендеген. Соның ішінде Қазақстан да бар. Бірде-бірінде ешбір көрсеткіш бойынша ілгерілеу болмаған. Рейтингінің ең төменгі орындарында тұрған Әзербайжан (1,07 балл) мен Түркіменстанда (1,00) "демократия белгілері мүлде жоқ десе де болады".
"АВТОКРАТИЯНЫҢ ТҰЙЫҚ ШЕҢБЕРІ"
"Басқа өңірлерден айырмасы – Орталық Азия елдерінде автократияның тұйық шеңберін нығайтуға ішкі жағдайлар әсер еткен" дейді FH сарапшысы. Бұл тұйық шеңберге биліктің бір қолға шексіз шоғырлануы, халықтың өкпе-назына құлақ аспау, наразылықты күшпен басып тастау және жалған уәдемен алдарқату кіреді. Соның кесірінен биліктегі теңгерме және тежеме жүйе жойылып, үкімет өз мүддесін ойлайтын шешімдерді ғана қабылдайды, ал наразылық білдіргендерді қыспаққа алып, қудалайды, азаматтық қоғамды, еркін баспасөзді шектейді, орындалмайтын уәде береді.
"Бұл елдердегі билеуші элиталар ондаған жыл бойы байлық пен билікті қолына шоғырландырды, ал бұл қоғамның наразылығына себеп болды. Азаматтардың өкпе-назы әдетте жергілікті жерде бастау алады, мұның соңы қоғамның жаппай қарсылығына ұласады және бұл режимге төнген қауіп деп бағаланады. Наразылық себебіне тікелей үңілудің орнына, билік жаппай ұстау, азаптау, тіпті өлтіру арқылы наразылықты басып тастауға тырысады. Ең батыл белсенділер тыныштандырылған соң, режим дағдарыс біткенін білдіру үшін бітім жасағандай болып, аздап шегініске барады. Бірақ наразылықтың түпкі себебі қала береді, бұл процестің қайталануына негіз болады" делінген есепте.
ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ ЖӘНЕ БОЛМАҒАН "ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН"
Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдай былтыр аймақта толық көрініс тапқан. Соның ерекше мысалы – Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы. Бірақ билік одан кейін берген уәделерін де орындай алмады, оған елде өткен сайлаулар куә. Наразылық елдің батысындағы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газ бағасының күрт қымбаттауына қарсылық ретінде басталып, бірден саяси бағытқа ауысты.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығына сүйенген билік оқ атып, 238 адам қаза тапты. Зорлық-зомбылық басылған соң, Тоқаев анағұрлым демократиялық "Жаңа Қазақстан" қалыптастыруға уәде берді, бірақ содан бергі өзгерістер бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасын билік пен экономиканың ұшар басынан алып тастаған "назарбаевсыздандыру" деген процесті ғана көрсетеді. 2022 жылғы қарашада президентті, 2023 жылғы наурызда қатаң бақылаумен өткен парламентті сайлау Қазақстанның демократиялық институттарында көп ілгерілеу болмағанын білдіреді" делінген Freedom House есебінде.
"Өтпелі елдер рейтингісіндегі Қазақстанның көрсеткіші былтырғы 1,36 балдан төмендеп, биыл 1,32 балл деңгейіне түскен. Барлық категория бойынша елдегі демократия көрсеткіші ең төменгіге жақын. Сөйтіп, Қазақстан 2020-21 жылдардағы көрсеткішіне қайтып келді. Қазақстан ғана емес, Орталық Азияның барлық елінде төмендеу байқалады. Мәселен, аймақ бойынша ең алда тұрған ел – Қырғызстан 1,75-тен 1,68-ге түссе, Тәжікстан 1,11-ден 1,04-ке, Өзбекстан 1,25-тен 1,21-ке құлдилаған.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ҮШ ҚАНТӨГІС
Тәжікстан мен Өзбекстандағы наразылықтар авторитар режимдердің билікті автономиялық аймақтардан орталыққа шоғырландыру әрекетінен туындады дейді FH. Себебі олар "режимнің басшы-қосшы тәртібіне толық бағынбайтын жергілікті көшбасшыларды жақтырмайды".
Мәселен, Тәжікстанда полиция Таулы Бадахшан автономиясында жергілікті тұрғын Гүлбиддин Зиобековті өлтіргеннен кейін 2021 жылдың аяғында басталған наразылық 2022 жылы да жалғасты. "Үкімет күш қолданып, наразылықты басып тастады, соның кесірінен ондаған адам қаза тапты".
Freedom House былтыр жазда Өзбекстанның Қарақалпақстан автономиясында болған қанды оқиғаны да мысалға келтіреді. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев ұсынған Конституцияны өзгерту жобасында ел құрамындағы Қарақалпақстанның автономия статусын алып тастау көзделген. Бұған наразылық білдіріп, көшеге шыққан халыққа да аймақтағы басқа елдердегіге "ұқсас жауап қайтарылды". "Үкімет ұсынған өзгерістерді алып тастады, дегенмен 10-ға жуық қарақалпақ қаза тауып, жүздеген адам жарақат алды".
Есеп авторы "Орталық Азияның үш елінде болған қанды оқиғалардың ұқсастығы – тәуелсіз тергеу тоқтап, белсенділер қудаланғаны" дейді: "Билік пікір айтқан адамдарды қудалап, олардың үнін өшіруге сот жүйесін қару ретінде пайдаланды. Оның үстіне, қоғамның ашуын басу үшін орынсыз реформалар ұсынылды, бұл жаңа наразылыққа негіз болды. Мәселен, 2023 жылғы сәуірде Жаңаөзенде наразылар жұмыссыздыққа байланысты тағы митинг ұйымдастырған, қауіпсіздік күштері оларға көмектесудің орнына қудалап, ондаған адам ұсталды".
"МӘСКЕУ БАСТАҒАН СОҒЫСТЫҢ" ДЕМОКРАТИЯҒА ҚАУПІ
Есеп авторының тұжырымы бойынша, Мәскеудің Украинаға шабуылы "Ресейде демократияны жоюдың соңғы қадамы" әрі ол "өтпелі елдердің" барлығының "көзін ашқан" оқиға болды. "Бұл демократиялық елдерді тығыз экономикалық қатынас не адам құқықтары ахуалын аздап сынау арқылы авторитар көршілерден төнетін қауіпті сейілту иллюзиясынан біржола айырды. Демократиялық реформалар жоқ болса, автократиялық елдермен мұндай байланыс мәнсіз, ал өзара экономикалық тәуелділік қауіпті" дейді есеп авторы Майкл Смельцер.
Бұған қоса, бұл соғыс бүкіл аймақтағы демократияға, бейбітшілік пен еркіндікке "Қырғиқабақ соғыстан бері болмаған" қауіп төндірді: "Украиндер елін аман сақтап қалу үшін империялық амбициясы, геноцид жасау мақсаты бар авторитар режимге қарсы соғысып жатыр, ал бұл соғыстың салдары "Өтпелі кезеңдегі елдер" есебіндегі Орталық Еуропадан Орталық Азияға дейін созылып жатқан аймақтағы 29 елдің барлығынан байқалды" деп жазылған ұйым есебінде.
Оның үстіне, бұл соғыс Ресейдің жаңа саяси блок құру жоспарын да күл-талқан етті деп есептейді автор. Бұл жағдайда аймақ елдері "империялық үстемдіктен ада" Еуропа одағы сияқты ұйымдарға ұмтылады. Еуроодақ өз аумағындағы "автократиялық және иллиберал режимдермен" күресіп қоймай, "сырттағы еркіндіксүйгіш халыққа" да көз салуы керек.
Шабуылға ұшырап, қалалары бомбаланып жатқанына қарамастан, Украинаның демократия көрсеткіштері жақсарып келеді. Ресей Қырым түбегін басып алған 2014 жылдан бері елдің демократия көрсеткіші 3,07 балдан 3,39-ға балға өскен.
Есесіне Ресей "орныққан авторитаризм тұңғиығына" құлдырап барады. 2005 жылдан бері елдің демократия көрсеткіші 2018 жылы бір рет қана сәл көтерілген және ол да Ресей азаматтық қоғамының "мемлекеттік қуғын-сүргінге айрықша қарсылығының арқасында болған". Биыл Ресейдің демократия көрсеткіші 1,32-ден 1,11 балға бірден құлдыраған. Қазір ол бұрынғы СССР елдерінің арасында Өзбекстаннан да төмендеп, Әзербайжан, Тәжікстан мен Түркіменстаннан ғана алда тұр. Беларусьтің көрсеткіші де Ресейдікімен бірдей.
ПІКІРЛЕР