Орал қаласының қылмыстық істер жөніндегі сотында "сепаратистік әрекет жасады" және "алауыздық қоздырды" деп айыпталған жергілікті екі тұрғынға үкім оқылды. Олар Chatroulette видеочатында Қазақстанға қарсы "арнайы операция" (Ресей Украинаға соғысын осылай атайды) басталса, Ресейді қолдайтынын мәлімдеген.
6 маусымда судья Варвара Дмитриенко Денис Рудных пен Кристина Кольченконы кінәлі деп таныды. "Сепаратизм" және "алауыздық қоздыру" баптары бойынша айыпталған Рудных бес жыл екі айға, "сепаратистік әрекет" бойынша айыпталған Кольченко бес жылға бас бостандығынан айырылды.
Осыған дейін интернетте Рудных пен Кольченконың "Пан Василь" атты қолданушымен видеочаты жарияланған. Әңгіме 11 ақпанда жазылған. Әңгімелесуші адам Кольченко мен Рудныхтан Ресейге қатынасы мен азаматтығы туралы сұрайды.
Оларға "Құдай оның бетін ары қылсын, бірақ алда-жалда арнайы операция басталса, сіздер бізді [ресейліктерді] қолдайсыз ба, әлде қазақтарды ма?" деген сұрақ қойылған.
Кольченко мен Рудных "орыстарға болысамыз" деп жауап берген.
Олар "Орал әрдайым Ресей қаласы болған" деп айтқан. Бұған қоса, Павлодар, Өскемен, Семейді де "орыстардың қаласы" деп атаған.
Видео жарияланып, дау туындағаннан кейін Рудных пен Кольченко ұсталған. Рудных камера алдында кешірім сұраған.
"Ер адам маған арандату сипатындағы сұрақтар қойды, мас болғандықтан, ол сұрақтарға дұрыс жауап бермедім" деді Рудных видеода.
Үкімнің қорытынды бөлігіндегі ақпаратқа қарағанда, екі сотталушы 25 сәуірден бері қамауда отырған. Сот үкіміне сәйкес, олардың изоляторға отырған уақыты жаза мерзімі ретінде есептеледі.
Сот үкімі күшіне енген жоқ. Тараптар оған шағым түсіре алады.
Рудных пен Кольченконың адвокаты Сергей Сальников Азаттыққа сотталушылар үкімге келіспейтінін айтты. Бірақ үкімді апелляцияға беретін-бермейтіні белгісіз.
Бұл – кейінгі күндері қазақстандықтардың Chatroulette-те айтқандарына байланысты шыққан екінші үкім. 6 маусымда "сепаратизм" бабы бойынша Петропавл тұрғыны сотталған еді.