Тіркелмеген "Ел тірегі" партиясының жетекшісі, бұрынғы мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев екі айға қамалды. Бұл жөнінде "Информбюро" сайты жазды. Оған бұлтартпас шарасын қолдану туралы сот 9 маусым түнде өткен.
Кейінгі күндері билікті сынап жүрген саясаткер 7 маусымда ұсталған еді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ол "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтен аса ірі мөлшерде пара алды (135 мың доллар) деген күдікке ілініп отырғанын хабарлаған.
Тергеудің болжамынша, "заңға қайшы әрекет" 2018-2020 жылдары болған. Агенттік Әлтаев "Мырзахметовтің мүддесі үшін әрекет етті", "мемлекеттік тапсырыстарды алуына ықпал етіп, жалпы қамқоршылық көрсеткен болуы мүмкін" деп болжап отыр.
Ал жақтастары Әлтаевқа қозғалған істі "саяси тапсырыс" деп атап, бірқатар лауазымды тұлғалардың аттарын атаған.
9 маусымда саясаткердің онлайн сотына қатысқан кейбір белсенділер отырыс кезінде Әлтаев "лауазымды тұлғалардың қоқан-лоқысы туралы" айта бастаған кезде Zoom-ның "тегін сесссиясы бітіп қалғанын" жазды.
Жергілікті ақпарат құралдарында аттары аталған лауазымды тұлғалар әзірге түсініктеме бермеді.
Бірнеше жыл бұрын мәжілістен қуылған Нұржан Әлтаев кейінгі кезде "Ел тірегі" партиясын құруға әрекеттеніп, билікті жиі сынай бастаған. Соңғы парламент сайлауында өзін-өзі ұсынушы ретінде мәжіліске өтпеген Әлтаев сайлаудағы заңсыздықтар туралы айтқан "Халық парламентіне" мүше болған.
"Атамекеннің" бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметов мамырдың ортасында қамауға алынған. Ол "алаяқтық жасады", "кәсіпкерді оның туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға жәрдемдескені үшін аса ірі көлемде пара беруге итермелеген" деген күдікке ілінген.
ПІКІРЛЕР