Төтенше жағдайлар министрлігі 14 маусымда кешкісін сағат 9-да Абай облысындағы орман өрті оқшауланғанын хабарлады.
"2023 жылғы 14 маусымда сағат 21.00-дегі әуеден барлау және жедел жағдайды бағалау қорытындысы бойынша, Абай облысындағы "Семей орманы" табиғи резерватының аумағындағы табиғи өрт оқшауланғаны анықталды" деп жазылған министрліктің хабарламасында.
Ведомство енді жекелеген от ошақтарын сөндіруге және жаңаларының пайда болмауына күш салатынын хабарлады.
"Семей орманы" резерватындағы өрт 8 маусымда басталған. Өрттің жалпы ауданы бір аптаға жуық уақыт ішінде 60 мың гектардан асқан. Өрт кезінде 15 адам қаза болды, 14-і – орман шаруашылығының қызметкері. Елде 12 маусым өрт кезінде қаза болғандардың рухына тағзым ету күні деп жарияланды.
Кей мамандар өрт болған аумақтағы орман қалпына келуі үшін жарты ғасырдан астам уақыт керек болады дейді.
Өткен аптада өрттен 14 орманшы қаза болғаны анықталғаннан кейін және аптап ыстықта өрт жайылып, кейбір елді мекендерге қауіп төнгеннен кейін елде төтенше жағдайлар министрі ауысқан. Юрий Ильиннің орнына Сырым Шәріпханов тағайындалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа сөгіс жариялады.
Абай облысындағы өртке байланысты "екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу" және "салғырттық" баптары бойынша екі қылмыстық қозғалды. Бас прокуратура өкілі бір күн бұрын осы іс аясында өзге тұлғалармен қатар жоғары лауазымды тұлғалар да тергелетінін, оның ішінде Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, экология министрі Зүлфия Сүлейменова, бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннен жауап алынатынын айтқан.
ПІКІРЛЕР