"НОРМАЛАРЫ НАҚТЫ ЖАЗЫЛМАҒАН ҚҰЖАТ"
– Қоғам белсенділері мен кейбір депутаттар біраз бабын сынға алса да, "Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң жобасына айтарлықтай өзгеріс енгізілмеді. Дәл осы қалпында қабылданып кетсе, елдегі олигополиямен күреске күші жете ме?
– Сот жүйесі дамыған елдердің соттары қуатты. Оларда судья шешім қабылдайтын кезде кең ойлайды, мүмкіндігі де зор. Ал Қазақстанда сот жүйесі ондай күшті емес. Судьялар жоғары жақпен ақылдаспай, өз бетімен шешім шығаруы екіталай. Заң жобасының қиын жері сол – нормалары нақты жазылмаған, ауқымы тым кең. Сондықтан судья бұл заңды қолданар кезде жоғары жақтан нұсқау күтеді. Сонда ғана заң жұмыс істейді, әйтпесе, соған ғана сүйеніп, бір тоқтамға келу қиын.
– Заң жобасының қандай кем тұсы бар?
– Мысалы, тәркіленетін мүлік 1990 жылдардың басында сатып алынды ма, жоқ әлде бес жыл бұрын ба, 10 жыл бұрын ба – заңда нақты мерзімі көрсетілмеген. Мүлікті жекеге өткеннен соң 10 жылдан кейін, 2000 жылдары сатып алған болсам, жағдайым қалай болады? Иә, ол мүлікті бұрын үкімет мүшесі болған адамнан сатып алдым, 10 жылдан бері пайдаланып жүрмін. Қазіргі заң жобасына қарасақ, ол мүлікті де менен сөзге келместен тартып алуы мүмкін. Себебі ол мүлік мен алғанға дейін заңды түрде жекешеленбеген болуы мүмкін. Сондықтан заңсыз алынған болуы мүмкін деген активті кейін сатып алған меншік иесінің құқығы қорғалмаған. Сол жағы белгісіз болып тұр.
Тағы бір қауіп – заң дәл осындай түсініксіз, бұлыңғыр күйінде қалса, елдің инвестициялық климатына нұқсан келеді. Себебі Қазақстандағы бизнеске инвестиция жасамақшы болып жүрген тұлғалар ондай ойдан бас тартуы не оны біраз уақытқа кейінге қалдыруы мүмкін. Мысалы, біреу мұнай өңдеу зауытына ақша салғысы келді делік, бірақ жаңа заң қабылданса, ол актив басқа біреудің меншігіне өтіп кетуі мүмкін деген қауіп туады. Себебі зауыт орналасқан жер бұрын кімдікі болған, заң оған қалай қолданылады, онда меншік құқығы қорғала ма, осындай қауіптен қорыққан инвесторлар тәуекелге бармауы мүмкін.
– Бұл заң болмаса, прокуратура немесе басқа мемлекеттік органдар қолданыстағы заңдарға сүйеніп, "заңсыз" алынған активтерді қайтара алар ма еді? Жаңа заң қабылданса, қандай артықшылық береді?
– Біреудің мүлкін мемлекеттік бюджет есебіне тәркілеу үшін азаматтық соттың немесе қылмыстық соттың шешімі қажет. Активтерді қайтару туралы арнайы заң болмаса, мүлікті тек қылмыстық іс қозғап тәркілеуге болады. Ол бір жылдан бес жылға дейін созылуы мүмкін. Ол кезде прокуратура қалай болғанда да, мүлік заңсыз жолмен алынғанын сотқа дәлелдеуге тиіс. Ал жаңа заңның артықшылығы сол – мүлік заңды жолмен алынғанын сотта жауапкер дәлелдеуге тиіс. Мысалы, біреу 90-жылдардың басында мемлекеттік лауазымын пайдаланып, бір зауытты заңсыз жекешелендіріп алды делік. Бұл жағдайда 30 жылдан кейін сол зауытқа заңды негізде ие болғанын дәлелдеу қиын. Себебі 30 жыл өтіп кетті, куә болатын адам қалған жоқ, құжаттар жоқ. Сол үшін прокуратураға мүлік заңсыз алынғанын қолданыстағы заңға сүйеніп дәлелдеу қиынға соғады. Ал жаңа заң арқылы билік бұл жауапкершілікті жауапкерге жүктейді. Жауапкер сотта мүлік өзіне заңды жолмен өткенін дәлелдесе, мүлкі өзінде қалады, дәлелдей алмаса, мемлекетке қайтарады. Сонда жаңа заңның мақсаты – заңсыз алынған мүлікті мемлекетке қайтару жолын жеңілдету.
Мәжіліс "заңсыз активтер" жөніндегі заң жобасын сенатқа жіберді (14 маусым, 2023 жыл)
"СОТЫ ЖАЛТАҚ, ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖАЙЛАҒАН ЕЛДЕ ҚОЛДАНЫЛУЫ ҚИЫН ЗАҢ"
– 2020 жылы Ұлыбританияның қылмысқа қарсы ұлттық агенттігі Қазақстанның бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева мен жиені Нұрәлі Әлиевтің Лондондағы сарайларын бұғаттауға ордер берді. Агенттік сарайлар "қылмыстық жолмен келген" қаражатқа сатып алынды деген. Лондон соты Қазақстанның Бас прокуратурасына осы туралы сұрау жіберген. Бас прокуратура мүлік заңды жолмен алынды деген анықтама берді. Сотта Назарбаевтар жеңді. Енді жаңа заңды қолдана отырып, Бас прокуратура Лондонға қайта қайырылып, "бұл мүлік заңсыз алынған" десе, ағылшын соты сене ме?
– Мүлік заңсыз алынғанын негіздейтін дәлел болса, Лондон соты шешімін қайта қарастыра алады. "Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң қабылданса, соның негізінде Қазақстанда не шетелдерде сот істерін бастап, аталған активтердің тағдырын шешуге тырысып көруге болады.
– Өзбекстан, Қырғызстан сияқты көрші елдердің тәжірибесіне қарасақ, олар шетелге заңсыз шығарылған активтерге қылмыстық іс қозғалғаннан кейін ғана қол жеткізді. Қылмыстық іс қозғалмай, тып-тыныш қайтарған жағдайлары сирек. Ал Қазақстанда мүлікті иесі өз еркімен қайтарса, қылмыстық іс қозғалмайды. Сонда мемлекет мүлкін "заңсыз" жолмен алған адам жауапкершіліктен босап кете ме?
– Мұны заң жобасында солай қарастырған. Мемлекет активін заңсыз иемденген болуы мүмкін деген тұлғалар тізімі жасалады ғой. Заң бойынша, сол тізімдегі тұлғалар мүлікке заңды түрде ие болғанын дәлелдейтін декларация тапсырады. Дәлел көрсете алмай, активті өз еркімен қайтарса, қылмыстық талап қойылмайды. Меніңше, ешбір бизнесмен меншігіндегі активті мемлекетке оп-оңай аудара қоймайды. Заңдағы өз еркімен қайтару деген норма өмірде қаншалықты іске асатынын білмеймін. Бірақ ондай жағдай көп болады деп ойламаймын.
Жалпы, осы жаңа заңның арқасында көп актив қайтарылады дегенге де күмәнім бар. Тізімге енетін тұлғалардың аты-жөні билікке бесенеден белгілі сияқты. Заң нақты, белгілі бір адамдарға арнап жасалғандай. Өйткені Қазақстанда 100 миллион доллардан көп активі бар адамдар санаулы ғана. Сол үшін де сондай шек қойған сияқты. Әдетте мұндай істер өте қымбатқа түседі. Көптеген білікті заңгерді жұмысқа алу қажет болады, үйлестіру жұмыстары бар. Мұның бәрін қаржыландыру мемлекет бюджетіне ауыр тиеді.
– Сонда заң жобасы заңсыз алынған активке нені жатқызады?
– Заң жобасының ең қиын жері – нақтылық жоқ. Онда қандай ақша немесе қандай байлық "заңсыз" деп танылатыны анық көрсетілмеген. Тіпті, меніңше, мұны әдейі солай қалдырған да сияқты. Заң жобасын жазған адамдар "мүлік заңсыз не заңды жолмен алынғаны істің барысында, нақты жағдай кезінде өзі шешіледі" деп ойлаған сияқты, яғни басқа түскенін көрерміз дегендей. Бірақ мұндай көзқарас судьясы тәуелсіз, соты күшті елде ғана дұрыс жұмыс істейді. Ал судья қорқақ, біреуге тәуелді, сыбайлас жемқорлыққа жақын болса, бұл заңды қолдану қиын болады. Өйткені онда нормалар нақты көрсетілмеген соң, бір норманы біреуге қолданып, біреуге қолданбай кетуге де болатын сәттер бар.
ПІКІРЛЕР