Ресей қорғаныс министрлігі “Вагнер” жалдамалы әскеріне мәлімдеме жасады
- Ведомствоның айтуынша, жалдамалы әскерді “Пригожиннің қылмыстық авантюрасы мен қарулы бүлігіне алдап тартқан”;
- Қорғаныс министрлігінің айтуынша, “Вагнердің” кейбір жауынгерлері “қателік жасағанын түсініп”, көмек сұраған.
- Ведомство “Вагнер” тобын ақылға келіп, Ресей қорғаныс министрлігі немесе құқық қорғау органдарына байланысқа шығуға шақырды.
Пригожинге жақын AP Wagner телеграм-арнасы “Вагнер” әскери тобы Воронеж қаласына кіргенін жазды. Әзірге бұл ақпараттың рас-өтірігі белгісіз.
Сәтпаев: Қазақстан солтүстік көршідегі кез келген сценарийге дайын болуы тиіс
Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, бұл демарш Ресейдің өз ішінде билік беделінің жоғалуына ықпал етеді. Мұнда соғысты қолдайтындар әлі де көп. Путинді әлі де “ұлы стратег” санайтындардың алдында бұл оның беделіне жасалған соққы деді сарапшы.
“Бірақ енді оның тіпті айналасындағылардың өзін бақылай алмайтыны белгілі болды” деді саясаттанушы.
Сарапшы “Қазақстан қазірден бастап солтүстік көршідегі кез келген сценарийге дайын болуы тиіс” деп жазды.
Ресейдің мемлекет арналарынан сөйлеген Путин “ресейліктерге, әскери және күштік құрылым өкілдеріне және алдау және қоқан-лоқы арқылы қарулы бүлікке тартылғандарға” үндеу тастады.
Ол “Вагнердің әрекетін “тұтқиылдан жасалған соққы” деп атап, оқиғаны “опасыздық пен мемлекетті сатуға” теңеді.
“Біз сатқындыққа кез болдық, шексіз амбиция Ресейге сатқындық жасауға итермеледі” деді Путин.
Ол қарулы бүлікке барғандар тиісті жазасын алады деді. Путин мәлімдемесінде Евгений Пригожиннің атын атамады.
ПІКІРЛЕР