Accessibility links

Ресей әскери элитасы "Пригожин бүлігінен" кейін қалай өзгерді? Ұтқан кім, ұтылған кім?


Ресей президенті Владимир Путин қауіпсіздік күштерінің басшыларымен кездесуде сөз сөйлеп отыр. Мәскеу, 27 маусым 2023 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин қауіпсіздік күштерінің басшыларымен кездесуде сөз сөйлеп отыр. Мәскеу, 27 маусым 2023 жыл.

"Вагнер"бүлігінен соң әскери топ басшысы Евгений Пригожин Беларуське кетті. Оның соңынан "Вагнер"жауынгерлері де көрші мемлекетті паналауы мүмкін. Бірақ ресейліктердің көбі билікке қарсы бүлік осымен аяқталды дегенге сенбейді.

"Вагнер" жекеменшік әскери тобының басшысы Евгений Пригожин Кремльді дүр сілкіндіріп, аяқсыз қалған "бүліктен"соң, Беларуське кетті деген хабар тарады.

Сарапшылар Ресей президенті Владимир Путин мен оның әкімшілігі сенімділік пен тұрақтылық атмосферасын сақтап қалуға қанша жерден күш салса да, "Вагнер" қарсылығының салдары енді сезіле бастайды дейді.

Еревандағы саясаттанушы Рубен Меграбянның пікірінше, дағдарыс түйінін шешіп, Пригожинді Беларуське жөнелткен құпия келісімді қойылымның антракт алдындағы кульминациясы деп бағалауға болады.

Сарапшылар Пригожин қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен Ресей бас штабының басшысы Валерий Герасимовты дәл өзі сияқты жек көретін әскери шенділердің қолдауына арқа сүйемесе, бүлік бастамас еді дейді.

"Вагнер"тобының Ресейдің оңтүстік әскери басшылығы шоғырланған Украина шекарасына жақын Дондағы Ростов қаласын оңай басып алып, Мәскеуге қарай еш кедергісіз жылжуы әскерилер тарапынан қолдау болғанын білдірсе керек.

– "Вагнер" тобының басшысы лауазымды офицерлер тарапынан қолдау күтті. Оның Мәскеуге еш кедергісіз жеткеніне қарағанда, Пригожин қателеспеген сияқты, – деп жазды ресейлік саясаттанушы Михаил Комин Карнеги атындағы халықаралық бейбітшілік қорына жазған мақаласында.

Коминнің айтуынша, Пригожин осыған дейін Сергей Шойгуды қызметінен алып тастап, орнына генерал-полковник Михаил Мизинцевті тағайындауды ұсынған. Командир Мизинцев 2022 жылдың басында Азов теңізінің бойындағы порт қаланы тып-типыл етіп, басып алғаннан кейін "Мариуполь қасапшысы" деген атқа ие болды.

АДАЛДЫҚ СЫНАҒЫ

Пригожин Герасимовтың орнын қаңтарға дейін Ресей қарулы күштерінің бас қолбасшысы болған генерал Сергей Суровикин басады деп үміттенді.

Суровикин 2015 жылы Ресей Сириядағы азамат соғысына араласқан кезде Пригожинмен тығыз байланыста жұмыс істеген.

28 маусымда The New York Times АҚШ-тың анонимді өкілетті тұлғаларына сілтеп, Ресейдің әуе-ғарыш күштерін басқарған Суровикин Пригожиннің жоспарын алдын-ала білген болуы мүмкін деп жазды.

Ресейдің Украинадағы оккупациялық күштерін жетектеген генерал Сергей Суровикин (сол жақта) мен Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу. 16 желтоқсан 2022 жыл.
Ресейдің Украинадағы оккупациялық күштерін жетектеген генерал Сергей Суровикин (сол жақта) мен Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу. 16 желтоқсан 2022 жыл.

"Бүлік" басталған кезде телеграмда Суровикиннің Украинадағы "Вагнер"жауынгерлерін Пригожинге қосылмауға шақырған видеосы тарады.

The New York Times мақаласында "АҚШ-тың өкілетті тұлғалары Суровикиннің беделіне нұқсан келтіретін ақпарат таратуға мүдделі, өйткені ол – ең білікті әрі қатыгез басшылардың бірі"делінген.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл ақпаратты "бүлік" туралы көп спекуляцияның бірі ғана деп бағалады.

The Wall Street Journal батыс барлау қызметіндегі аты аталмаған ақпарат көздеріне сілтеп, "Пригожин басында оңтүстікке сапарында Шойгу мен Герасимовты қолға түсірмек болған. Федералды қауіпсіздік қызметі бұл жоспарын біліп қойғаннан кейін райынан қайтқан"деп жазды.

"Пригожин оқиғасы қорғаныс министрлігінің адалдығына сынақ болды. Осыдан кейін Ресей қарулы күштерінде жаппай тазарту жүреді" деп болжады Рыбарь телеграм арнасы.

Қорғаныс министрлігінде істеген бұрынғы шенеунікпен байланысты арна соғыс басталғалы Ресей қарулы күштері туралы репортаж жазып, Украинада басып алынған аймақтардың картасын жариялап келеді. Канал авторы ресейлік офицерлерді қару-жарақ жеткізу мен мобилизациядағы қателіктер үшін деген сылтаумен, бірақ шын мәнінде Вагнерді қолдағаны үшін қызметінен босатып жатқанын жазды.

Рыбарь дерегінше, Ресейдің Украинадағы операциясын іс жүзінде әуе-десант күштерінің басшысы, генерал Михаил Теплинский басқарып отыр. Бірақ қағаз жүзінде әлі Герасимовтың аты-жөні сақталған.

РЕЖИМ ҮШІН СЫН САҒАТЫ

"Вагнер" қарсылығынан кейін Путин әкімшілігі "жағдай тұрақты, бірлігімізге сызат түскен жоқ"деген кейіп танытуға тырысты. 27 маусымда Путин "бүлікті" басуға көмектескен күш құрылымдарының өкілдерімен кездесті.

Бұрынғы журналист, қазір Карнеги қорында сарапшы болып істейтін Андрей Колесников бұл кездесу кері әсер берді дейді.

– Кремльдің күш құрылымдарына алғыс білдіруі қателік болды. Бұл Путиннің әлсіздігі мен қорқынышын көрсетті. Пригожиннен шынымен қорыққанын білдіріп қойды, – дейді Колесников.

Евгений Пригожин Дондағы Ростов қаласынан кетіп бара жатыр.
Евгений Пригожин Дондағы Ростов қаласынан кетіп бара жатыр.

Кей сарапшылар пікірінше, бұл жағдайда Шойгу, Герасимов пен басқаларының осыған дейінгі адалдығы шешуші рөл атқарған сияқты.

– Пригожин Путин өзін қолдап, Шойгу мен Герасимовке шара қолданады деп ойлады. Бірақ керісінше, "бүліктен" кейін олар біліксіздігін дәлелдеп, көптің сынына қалғанына қарамастан, бұрынғы орындарында қалды, – деп жазды ресейлік әскери шолушы Михаил Кофман Twitter парақшасына.

Әскери сарапшы, Сыртқы саяси зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Роб Ли де осы пікірге қосылады.

– Соғыс кезінде де адалдық біліктіліктен жоғары тұрады. Өйткені Путиннің билікте қалуы үшін қол астындағылардың адалдығы маңызды, – деп жазды сарапшы.

Бұл пікірді 27 маусымда Путиннің бұрынғы оққағары, қазір 300 мың жауынгерден тұратын Ұлттық гвардияны басқаратын Виктор Золотовтың мәлімдемесі де растайды.

Ол Путинмен кездескеннен кейін жақында өз әскеріне үкіметті қорғау үшін ауыр техника мен қару-жарақ, оның ішінде танкілер берілетінін айтты.

Time журналының тілшісі Саймон Шустер "Золотов режимнің басына түскен сын сағаттан жеңімпаз болып шыққан аз адамның бірі" деп жазды.

Ресей президенті Владимир Путин ұлттық күзет басшысы Виктор Золотовты қабылдап отыр. 2020 жылғы мамыр.
Ресей президенті Владимир Путин ұлттық күзет басшысы Виктор Золотовты қабылдап отыр. 2020 жылғы мамыр.

Журналист Галина Сидорованың пікірінше, Путин ойыншылардан ыңғайсыз қалыпта тұрып, тепе-теңдік сақтауды талап ететін "саяси твистер" бастап отыр.

– Ойын соңына дейін құламай, орнында қалған адам жеңеді. Путин айналасындағы адамдарды ары-бері жылжытып, "саяси твистер" ойнаймын деп, шектен шығып кетті. Енді бүкіл ел соның зардабын көріп отыр, – деді ол.

ҚИЫН СӘТТЕР ӘЛІ АЛДА

Кейінгі оқиғалар Украинада соғысып жатқан Ресей әскеріне кері әсер етуі мүмкін.

Қазір Украина әскері қарымта шабуыл жасап жатыр. Енді командирлер адалдығына күмән туса, Ресей жауынгерлерінің рухы түсуі ғажап емес.

– Ресей жауынгерлерінің әскери рухы мен мотивациясына нұқсан келді. Соғыс ұзарған сайын, бұл процесс жеделдей береді. Путиннің мәлімдемесі Ресейдің ішінде болып жатқан оқиғаларға қатысты күмәнді одан әрі күшейтті деп ойлаймын. Ресей офицерлері мен жауынгерлері үшін қиын сәттер әлі алда, – дейді Украинаның әскери сарапшысы Михаил Самусь.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG