Accessibility links

Қазақстанда мобильді байланыс пен интернет бағасы қымбаттайды. Ал сапа жақсара ма?


Қазақстанда тамыздан бастап мобильді байланыс тарифтері қымбаттайды. Байланыс операторлары баға өсетінін бір мезетте хабарлады. Олар мұны инфрақұрылым шығындарының артуы, ғаламдық логистикалық тізбектің бұзылуы, инфляция және басқа да себептермен түсіндіреді. Тарифтердің өзгеруі екі ірі ойыншыға тиесілі нарықтағы қызмет сапасына әсер ете ме? Мемлекет баға реттеуді неге өз қолына алғысы келеді?

Қазақстандық операторлар тамыздан бастап ұялы байланыс пен мобильді интернет қымбатайтынын бір мезетте мәлімдеді. Тариф бағасы 10-30 пайызға көтерілуі мүмкін. Кей жағдайда интернет бағасы өзгермейді, бірақ абоненттер әлеуметтік желілерді тегін пайдалану мүмкіндігінен айырылады.

Операторлар кейінгі жылдары мобильді интернетке сұраныс бірнеше есе артқан алға тартады. Олардың айтуынща, бұл инфрақұрылымға артық жүктеме болғандықтан, компаниялар қосымша базалық станциялар орнатуы керек. Баға өсуінің тағы бір себебі – инфляция, теңгенің құнсыздануы мен электр энергиясы бағасының өсуі.

"Бұрынғы азық-түлік, жанармай және үй бағасын біз де аңсаймыз. Бірақ әлем өзгеріп жатыр. Сіздерге жақсы қызмет көрсетуді жалғастыру үшін бізге де өзгеру керек. Бағаның көтерілуіне үлкен жауапкершілікпен қарауға уәде береміз. Нарық бойынша орташа бағадан да төмен тарифтерге ғана өзгеріс енгіземіз. Бағаларды біртіндеп өзгертіп, клиенттерге жайсыздық туғызбау үшін бұл туралы 30 күн алдын хабарлаймыз" делінген "Билайн" хабарламасында.

"Экономикалық жағдай сияқты бірқатар факторларға байланысты тариф бағасын өзгертуге мәжбүрміз. Бұл өзгерістер инфрақұрылымға, жаңа технологияларды іске қосу мен дамытуға кететін шығындардың артуы, ғаламдық логистикалық тізбектердің бұзылуы, инфляция, электр энергиясы бағасының өсуі, жаңа технология енгізуге қажетті жиіліктің қымбаттығы және басқа да себептерге байланысты” деп мәлімдеді Tele2.

Байланыс операторлары бағаның көтерілуі мен цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің “бізде тариф арзан” деген мәлімдемесі арасында байланыс жоқ деп отыр. Бір апта бұрын Мусин президенттің Астанадағы интернет сапасының төмендігіне қатысты сұрағына “Бұған радиофобия (тұрғындардың үйдің төбесіне және көрші ғимараттарға интернет станцияларын орнатуға қарсылығы) және тариф бағасының арзандығы себеп” деп жауап берген еді.

Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин
Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин

Министрдің сөзінше, қазақстандықтар интернетте көп уақыт өткізеді, бұл базалық станцияларға түсетін жүктемені арттырады.

— Біздің қолданушылар үнемі интернетте отырады, осыдан жүктеме жоғары болады. Шетелде, Америка не Еуропада қолданушы бір видеоны ашпас бұрын, “Бұл маған керек пе, жоқ па?” деп ойланады. Өйткені видео көруге мегабайты кетеді, яғни, ақша жоғалтады, — деді Мусин.

МЕМЛЕКЕТ БАҒАНЫ РЕТТЕГІСІ КЕЛЕДІ

Қыста бәсекені дамыту және қорғау агенттігі цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне байланыс саласындағы қызмет көрсету ережесін өзгерту туралы ұсыныс жолдаған. Ведомство дерегінше, байланыс операторлары абоненттерге қажеті жоқ болмашы өзгеріс енгізіп, бағаны көтереді. Агенттік негізделген шығындар болмаса, операторларға тарифтерді оңды-солды өсіруге тыйым салуды ұсынды.

Шілденің басында нормативті-құқықтық актілер сайтына “Бәсекеге қатысты кей заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы” құжат жарияланды. Құжатқа сәйкес, Қазақстанда мобильді байланыс саласын қоғамдық маңызы бар нарыққа жатқызып, тарифтер бағасын мемлекет тарапынан реттеу ұсынылған.

Заң жобасында "Қазақстанда байланыс операторлары арасындағы бәсеке азайған. Баға қымбаттады, қажетсіз қызмет түрлері көбейді, байланыс пен интернет сапасы төмен деген шағым көбейген. Мемлекеттік органдарға тарифтердің қымбаттығына қатысты шағым көп түседі, кейде олардың үлесі 100 пайызға жетеді. Байланыс операторлары өз құқықтарын асыра пайдаланып, монополияға қарсы органның заңда қарастырылған шараларына қарсы шығып, сот процесін ұзартып жібереді" деп жазылған.

Құжатта "Жоғарыда аталған жағдайлар мен баға бекітудегі ашықтықтың жоқтығына байланысты нарық толық демонополизациядан өткенше мобильді байланыс бағасын мемлекет тарапынан реттеу ұсынылып отыр" делінген.

Бұл құжат 28 шілдеге дейін талқылауда болады.

БАЙЛАНЫС ОПЕРАТОРЛАРЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУГЕ НЕГЕ ҚАРСЫ?

Қазақстанның байланыс нарығында бәсеке туғызатын жағдай жасалмаған деген пікір бұрыннан айтылып келеді. Нарықты іс жүзінде қос компания — "Кар-Тел" ("Билайн" бренді) мен "Қазақтелеком" бөліп алған. "Мобайл Телеком Сервис" (Tele2, Altel брендтері) мен "Кселл" (Kcell, Аctiv брендтері) байланыс операторлары "Қазақтелеком" ұлттық компаниясына қарайды. Мобильді қызметтер нарығының 62 пайызы – "Қазақтелекомға", 38 пайызы "Кар-Телға" тиесілі.

Байланыс операторларды тарифтер бағасын мемлекеттік реттеу идеясын қолдамайды. "Кар-Тел" компаниясы бағаларды мемлекеттік реттеу саладағы нарықтық механизмдерді бұзып, инвестицияны азайтады, осыдан қызмет көрсету сапасы нашарлайды дейді. Компанияның 5Media басылымына жіберген жауабында “мемлекеттің бағаны реттеуге араласуы инвесторларды шошытып, инвестиция көлемін азайтады” делінген.

"Инвесторлардан айырылып қалуымыз мүмкін" деп қорқатын тағы бір компания – "Мобайл Телеком-Сервис". Компания өкілдері "мемлекеттің араласуы сапаны көтермейді, керісінше, нарықтың дамуына кедергі болады" дейді.

Байланыс операторлары тұтынушылар тарапынан қызмет сапасына қатысты сын көбін жоққа шығармайды. Олар бұған базалық станция орнатуға рұқсат алудың қиындығы мен станция орнатуға тұрғындар наразылығы себеп дейді. Компаниялар әлемдегі ең арзан тарифтердің бірі Қазақстанда екенін айтады (орташа есеппен алғанда 1 гв мобильді интернет бағасы 1 долларға жетпейді).

Finprom сараптамалық ресурсының 2023 жылдың басындағы дерегі бойынша, Қазақстанда 25,1 миллион абонент тіркелген. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес, 2022 жылдың үшінші тоқсанында халықтың тұтынушылық шығындарының қатарында байланыс операторларына кететін шығын көлемі 3,3 пайызды құраған. Мемлекет бақылауындағы коммуналдық төлемдер үлесі 4,5-6 пайыз аралығында, ал азық-түлік шығындары 50 пайыздан асады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG