Accessibility links

"Мәйітін әрең алдық". Қырғыз қызы Айперінің Алматыдағы жұмбақ өлімі


29 жастағы қырғыз қызы Айпері Алматыда жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Полиция істі суицид бойынша тергеп жатыр, бірақ туыстары Айперінің өзіне қол жұмсағанына сенбейді.
29 жастағы қырғыз қызы Айпері Алматыда жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Полиция істі суицид бойынша тергеп жатыр, бірақ туыстары Айперінің өзіне қол жұмсағанына сенбейді.

Өткен аптада Алматыда қырғыз әйел көз жұмды. Алдын-ала тергеу нұсқасы бойынша, ол балаларының көзінше өзіне қол салған. Бірақ 29 жастағы Айперінің туыстары қылмысқа марқұмның күйеуін кінәлайды. Қазақстандық ақпарат құралдары көршілердің сөзіне сүйеніп, Айперінің тұрмыстағы зорлық құрбаны болғанын жазды.

ҮШ БАЛАНЫҢ АНАСЫ

Ашық, кез келген адаммен емен-жарқын араласып кететін Айпері бір қызын қолына көтеріп, екіншісін арбаға отырғызып, Алматыдағы саябақтардың бірінде өзі пісірген дәмдерді сатып жүр. Көпшілік оны алғаш рет қазақстандық блогер түсірген осы видеодан көрді.

Қайғылы оқиғадан екі апта бұрын блогер Айперінің үйіне соғып, балаларға жөргек пен азық-түлік апарып берген. Ол Айперіге Instagram-парақшасын жүргізуді үйретіп, оқырман жинауға көмектескен, шағын кәсібін жүргізуге шақырған. Айпері әйелдер киімін пішіп-тіге алатын.

Блогердің "Тик-Ток" және "Инстаграм" желілеріне салған видеоларында Айпері тігін машинасын көрсетіп, клиенттері көбейгенін, көйлек тігуге тапсырыс түсе бастағанын мақтанышпен жеткізеді. "Мына көйлектер тапсырысқа тігілген, қалыңдықтың құрбысына арналған көйлек. Мынау — бас киімі", — дейді ол қуанып.

Үш баланың анасы өзіне қол салды деген хабар туыстарына да, Айперіні әлеуметтік желіде танитын адамдарға да күтпеген жағдай болды.

Айперінің парақшасына, блогер Гарипов түсірген видеолардың астына пікір жазғандар оның өзіне қол жұмсағанына сенбейді.

Балаларының көзінше суицид жасаған әйел туралы ақпаратты алғаш болып қазақстандық белсенді Жібек Әменова Facebook-парақшасына салды. Ол Айперімен көрші тұрған. Белсенді суицид дегенге күмәнмен қарайды.

– Айпері шынымен суицид жасады ма? Туыстары да, біз де (құрбылары, таныстары мен көршілері) бұған сенбейміз. Бұл істің түсініксіз тұстары көп. Объективті әрі жан-жақты тергеу жүргізуді талап етеміз. Айперіні таныған, онымен жақын араласқан адамдарға алғыс білдіреміз. Олар Айперінің өмірі туралы көбірек біледі… Соның арқасында суицид дегенге күмәнмен қарауға болады. Кеше марқұмның денесі шекара асып, туған жеріне жетті. Мәйітті туыстарына тапсыру үшін күресуге тура келді..., – деп жазды Әменова.

Алматы полициясы Қырғызстан азаматының қазасы бойынша "Өзін өлтіруге итермелеу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Айпері 13 шілдеде туған жері Қырғызстанның Қара Құлжа ауданында жерленді.

"ДЕНЕСІНДЕ САУ ТАМТЫҒЫ ЖОҚ"

Айперінің әпкесі Әсем ата-анасы мәйітті әзер алғанын растады.

– Мәйітін әзер берді. Алып кетуге келген ағам "Жат жерде мәйітке құрметпен қарамайды екен, ешкім сені тыңдамайды" деп ренжіді. Екі күн бойы мәйітін ала алмады. Күйеуінің туыстары "асылып қалған" деген құжат жасатыпты, – дейді Әсем.

Туыстарының айтуынша, Айперінің жоғарғы діни білімі болған. Бішкектегі медреселердің бірінде Қазақстан азаматымен танысып, тұрмысқа шыққан. Күйеуі өзінен 15 жасқа үлкен.

Әсемнің сөзінше, марқұм сіңлісі күйеуі ұрып-соғып, енесі күн бермейтінін айтқан.

— Күйеуім ұрады дейтін. Биыл енесі мен күйеуі үлкен екі қызын алып қалып, өзін кенже қызымен бірге көшеге қуып шыққан. Қордайға әзер жетті, сол жерден туыстарымыз күтіп алып, Бішкекке әкелді. Бір айдай осында болды, бірақ қыздары үшін Қазақстанға оралды, — дейді ол.

Айперінің өзіне қол салғанына көршілері де сенбейді. Олар әлеуметтік желіде күйеуі жиі ұрып-соғатын деп жазып жатыр. Әпкесі Әсем мен мәйітті жууға кірген туыстары марқұмның денесінде көгерген іздер көп екенін байқаған.

– Денесін жууға кірген әпкелері мен сіңлісі "денесінде сау тамтық жоқ, көкпеңбек" деп шықты. Суретке түсіріп алыпты. Әпкем "Бейшара қыз көп азап шеккен екен. Білгенін істепті" деді. Айпері үш бала тәрбиелеп отырған ана еді, өзін өлтіретін адам емес. Instagram-дағы видеода қыздарын жалғыз өзі тәрбиелеп отырғаны көрініп тұр ғой, — дейді Әсем.

Айперінің туыстары жан-жақты тергеу жүргізіп, күйеуі кінәлі болса, әділ жазасын беруді сұрап отыр.

Алматы полициясы әзірге Айперінің қазасына қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сұрақтарға жауап бермеді.

Қырғызстанның Алматыдағы бас консулдығы Қазақстан азаматына тұрмысқа шыққан Айпері бірнеше жыл бұрын Қазақстан азаматтығын алғанын, тергеуге араласа алмайтынын айтты.

Қырғызстанның Алматыдағы бас консулы Назарәлі Әріпов марқұмның мәйітін туыстарына жеткізуге көмектескенін айтты.

Айперінің үш қызы да әкесінің қолында қалды.

Халықаралық Human Rights Watch ұйымының наурызда жариялаған есебінде 2022 жылы Қазақстанда тұрмыстағы зорлықтан 93 әйел, биылғы қаңтар-ақпан айларында 18 әйел көз жұмғаны айтылады. 2022 жылы тұрмыстағы зорлық фактісі бойынша 794 қылмыстық іс қозғалған.

"ҚЫЗДАРҒА БАЛА КҮНІНЕН ҚҰҚЫҒЫН ҮЙРЕТУ КЕРЕК"

Шетелге тұрмысқа шыққан қырғыз қыздардың көбі күйеулері мен оның туыстарының қолынан қаза тапқан немесе жұмбақ жағдайда көз жұмған. Дәл осындай қайғылы оқиғалар Ресей, Сауд Арабиясы, Түркия, Оңтүстік Корея мен басқа да мемлекеттерде тіркелді.

Құқық қорғаушы әрі азаматтық белсенді Бурул Усманалының пікірінше, бұған көбіне қыздардың өз құқығын білмеуі себеп.

– Біздің қыздарда бала кезінен қалыптасқан "жұрт не дейді?" деген түсінік бар. Айпері күйеуінен күнде таяқ жесе де, полицияға арыз бермеген. Үш бала тумай тұрып, ажыраспаған. Осының бәрінің артында өз құқығын білмеу мен "ажырассам, ел не дейді?" деген түсінік жатыр. Қырғыз қыз-келіншектер шетел азаматына тұрмысқа шығып, басқа елдің азаматтығын алса, мемлекет оған құқықтық көмек көрсете алмайды. Марқұм Қырғызстан консулдығына хабарласып, зорлық-зомбылық көріп жатқанын айтса, олар шара қолданып, бәлкім қазір Айпері тірі болар ма еді. Қоғам қыздарға бала күнінен құқығын үйретіп, қолдау керегін әлі де жете түсіне бермейді, – дейді белсенді.

Шетел азаматына тұрмысқа шығып не азаматтық некеде тұрып, зорлық көрген қырғыз әйелдер оқиғасы бұрын да тіркелген.

2022 жылы Түркияда тұрып жатқан қырғыз әйел күйеуінің қолынан қаза тапты. Дәл сол жылы қаңтарда Ыстанбұлда қырғыз қызды өлтірмек болған Түркия азаматына қарсы қылмыстық іс қозғалған. 2021 жылы қазанда Түркияның Текірдағ ауданында тұратын 30 жастағы қырғыз әйелді қайын атасы өлтірген.

Ресми дерек бойынша, жыл сайын Қырғызстан ішкі істер министрлігіне тұрмыстағы зорлық туралы 10 мыңнан астам арыз түседі. Кейінгі 2 жылда 20 әйел зорлық құрбаны болған. Елде тұрмыста зорлық көрген әйелдерге арналған 15 кризистік орталық бар. Орталыққа жылына орташа есеппен алғанда, 7 мың әйел көмек сұрап келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG