Accessibility links

Жаңаөзенде жұмысшылар "Өзенмұнайгазға" ауысу квотасын азайтпауды, жұмысшы әйелдер санын көбейтуді талап етті


Жаңаөзенде жұмысшылар наразылықта тұр. 25 тамыз 2023 жыл.
Жаңаөзенде жұмысшылар наразылықта тұр. 25 тамыз 2023 жыл.

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында екі күннен бері кемі екі коммуналдық мекеменің қызметкерлері наразылықта тұр. 25 тамызда жүзден аса адам Маңғыстау облысындағы ең ірі мұнай-газ компаниясы – "Өзенмұнайгаз" ғимаратының алдына жиналды.

Коммуналдық қызметкерлер "Өзенмұнайгазға" ауысуға мүмкіндік беретін квота санын 40-тан азайтпауды және коммуналдық кәсіпорын қызметкерлерін "Өзенмұнайгазға" тоқсан сайын ауыстыруды талап етті. Олар видеоүндеуінде компания басшыларынан жұмысшыларды қудаламауды да талап еткен.

Азаттық сұхбаттасқан кәсіпорын қызметкерлерінің айтуынша, олар айына шамамен 100 мың теңге және одан аз жалақы алады. Жұмысшылар бағаның күрт өсіп жатқанда жалақы күнкөріске жетпейтінін айтты.

Жұмысшылармен "Өзенмұнайгаз" өкілі кездескен, бірақ квота санын азайтпау туралы өтініш орындалмайтынын айтқан. Компания наразылық туралы әзірге пікір айтпады. Азаттық осы мәселе бойынша компанияға сауал жолдады. Әзірге жауап келген жоқ.

"Бізде жағдайы төмен жалғызбасты аналар, көпбалалы аналар, мүгедек баласы бар аналар жұмыс істейді. Біз [квота бойынша] әйелдер санын көбейтуді және "Өзенмұнайгазға" тоқсан сайын 15-20 қызметкерден ауыстыруды, "Өзенмұнайгазға" ауысу кезегін тездетуді талап етеміз" дейді "Өзенинвест" мекемесі жұмысшыларының өтінішін оқыған Айгүл Тілеубаева.

Наразылар видеоүндеуді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа, Жаңаөзен қаласы әкімі Айбек Қосуақовқа және "Өзенмұнайгаз" бас директоры Нұрдәулет Қилыбайға жолдады.

Тілеубаеваның сөзінше, қазір "Өзенинвест", "Таза су" және Verity Group жұмысшылары наразылыққа шығып тұр. Verity Group 24 тамызда Азаттыққа "жұмысшыларымыз наразылыққа шығып тұрған жоқ" деген. "Өзенинвест" бен "Таза судан" комментарий алу мүмкін болмады.

Биыл "ҚазМұнайГаз" компаниясының арнайы жұмыс тобы "Өзенмұнайгазға" жұмысқа тұру кезегі бұзылғанын анықтаған. Әкімдік тізіміндегі 44 адам қаланың коммуналдық мекемесіне жұмысқа алынбағаны белгілі болған еді.

Маусымда билік "Өзенмұнайгаздың" бас директорының орынбасары Бауыржан Мәмбетсапаев "қызметін асыра пайдаланды" деген айыппен күдікке ілінгенін айтқан. Тергеу дерегінше, ол "Өзенмұнайгазға" өзінің таныстарын жұмысқа алған. Тергеу қорытындысы белгісіз.

Сарапшылар Қазақстанда ереуіл жұмысшылардың мәселесіне назар аудартудың негізгі амалына айналғанын айтады. Наразылыққа қатысушылар негізінен жалақы өсіруді, еңбек жағдайын жақсартуды талап етеді. Жұмыс берушілер әдетте жұмысшылардың талаптарын ішінара орындайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG