Ресейдің Украина жеріне басып кіргеніне 18 ай, ал Украинаның қарымта шабуыл бастағанына үш ай болды. Киев майданда жақсы нәтиже көрсете қоймады, Батыс елдері әскери операция қарқынын тым баяу деп бағалады. Бірақ Украина күштері енді ғана алға ілгерілеп, жетістікке жете бастаған сияқты.
Запорожье облысының оңтүстігіндегі Роботино және Вербовое ауылдары жазық жерде жатыр. Шаруашылық жерлерінде артиллериялық қару ізі – шұңқырлар қалған. Айналасы жау көзінен қорғайтын ағаштармен қоршалыпты. Бұл маңда жасанды окоптар, жертөлелер, "айдаһар тісі" деп аталатын бетон блоктар, танкі мен жаяу әскерді жоюға арналған миналар бар.
Осының бәрі "Суровикин шебі" деп аталады. Үш деңгейлі қорғаныс жүйесіне ресейлік генералдың аты берілген. Ол былтыр Украинаның алға жылжуына мүмкіндік бермеу үшін осындай кедергілер құруға бұйрық берген.
Украина қарымта шабуыл бастағанына үш ай болғанда Орехов маңында Суровикин шебін бұзатын маңызды шабуылға дайындалып жатыр.
Суровикин шебі бұзылса, Украина күштері Вербовое ауылын басып алады. 28 тамызда Киев Роботиноның оңтүстік бөлігін бақылауына алып еді.
Украина Ориховтан Роботиноға баратын маңызды автомагистральға қауіп төндіріп, ары қарай оңтүстіктегі теміржол торабында орналасқан Токмак қаласына қарай жылжуы мүмкін. Токмакқа жетсе, өзен бойындағы ірі қала Мелитопольге соққы беріп, тіпті, Қырымға кісі мен жүк тасымалдайтын жолға жақындайды.
– Ресей қорғанысының бірінші шебі бұзылды, енді екінші шептің ішінде шайқас жүріп жатыр. Ресейдің әскери басшылығы бәске не тігіліп тұрғанын жақсы біледі. Сондықтан Токмак үшін шайқас ауыр болады. Мәскеу бүкіл ресурсын сол жаққа салады. Қазір бәрі кімнің қоры ерте таусылатынына байланысты. Біз едәуір шығынға ұшырап жатырмыз. Бірақ Ресейдің шығыны да аз емес, – деді Украинаның "Айдар" батальонының бұрынғы офицері Евгений Дикий.
– Орыстар майдан шебінің бұзылуынан, Запорожье облысынан айырылып қалудан қорқады. Украина "ұр, тізе бүктір, аштан қатыр" деген қағидамен соғысып жатыр. Ресей Украинаның осы тактикасынан қорқады, – дейді Польшаның әскери сарапшысы, запастағы подполковник Мацей Коровай.
Украинаның "Таврия" әскери тобын басқаратын генерал Александр Тарнавский 2 қыркүйекте Guardian басылымына берген сұхбатында Киев Роботино ауылының маңында Суровикин шебінің бірінші деңгейін бұзып өткенін айтқан.
– Қарсыласымыз Украинадан ғана емес, Ресейден де күш жинап жатыр. Бірақ ерте ме, кеш пе, орыстардың үздік жауынгерлері таусылады. Бұл бізге шабуылды үдетуге шабыт береді. Бәрі алда, – деді ол.
Украинаның орыстардың шебін бұза бастағанын жер серігінен түсірілген суреттер мен ашық дереккөздерден алынған ақпарат та дәлелдейді. Қауіпсіздік органдарымен байланысы бар ресейлік әскери блогерлер де Украина жақсы нәтиже көрсете бастағанын растады.
– Жау Вербовое мен Новопрокоповка арасында шабуыл жасауға тырысып жатыр. Қорғаныс шебін бұзып өту қаупі бар. Ресей қосымша күш жіберіп жатыр. Алдыңғы шепте төзімі жоғары, үздік жауынгерлер тұр. Бірақ олардың саны аз, – деп жазды ресейлік блогер Юрий Котенок.
Бірнеше айға созылған дайындықтан соң 5 маусымда Украина 1200 шақырымға созылған майдан шебінің үш аймағында – Орехов қаласының оңтүстігі, Большая Новосилка елдімекенінің оңтүстігі, Донецк облысындағы Бахмут қаласының маңында қарымта шабуыл бастаған.
Украина Батыс елдері берген "Брэдли" (АҚШ), "Леопард", "Мардер" (Германия), "Цезарь" (Франция) сияқты әскери техникасына арқа сүйеген.
Бірақ қарымта шабуыл басталғаннан кейін бірнеше күннен соң Украина күштері Суровикин шебіне тап болды. Ресей бұл кедергілерді бірнеше ай бойы дайындады. Содан бері Украинаның алға жылжуы қиындады. Олар әр 5 күн сайын 700-1200 метрге ғана жылжып отырған.
Ореховтың солтүстік-шығысына қарай 100 шақырым жердегі Мокрые Ялы өзенінің бойына жеткен Украина күштері Великая Новоселканың оңтүстігіндегі ауылдарды үш апта дегенде әзер қайтарып алды. Ал Орихов маңында әскер небәрі жеті шақырымға ғана алға жылжыды.
Вашингтондағы соғысты зерттеу институты сарапшыларының дерегінше, 4-5 қыркүйекте Украина әскері Вербовое ауылының батыс бөлігіндегі Суровикин шебінің кем дегенде біреуін бұзған. 4 қыркүйекте Украинаның "Таврия" тобының өкілі, полковник Александр Штупун Вербовое маңындағы қорғаныстың екінші шебін бұзу қиынға, бірақ ол бірінші шеп сияқты берік емес деді.
Батыс елдерінің көбі Украинаның қарымта шабуылдағы сылбыр жүрісін ұнатпады. Әсіресе, Киевке 70 миллиард долларға қару-жарақ пен гуманитарлық көмек жіберген АҚШ соғыс барысын сынға алды.
Ресей мұны өз пайдасына жаратуға тырысты. 4 қыркүйекте Ресей басшысы Владимир Путин Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен баспасөз конференциясында журналист сұрағына "Украинаның қарымта шабуылы сәтсіздікке ұшырады. Қазіргі жағдай – осы" деп жауап берді.
Бірақ өткен аптада Ресей Кременная қаласының түбінде соғысып жатқан 76-десанттық шабуыл тобын Токмактың қорғанысын күшейтуге жіберді.
– Ресейдің Украина шабуылына жақсы үйлестірілген, шешуші соққы бере алмай отырғанын ескерсек, Мәскеудің әскери әлеуеті деградацияға ұшырады деуге болады. Нәтижесінде Украина жетістікке жетуі мүмкін, – деді Польшаның әскери сарапшысы Конрад Музыка.
Сарапшының пікірінше, Ресей украин жауынгерлерін әр окоп үшін жанын салып күресуге мәжбүрлеп, күшін сарқығысы келеді. Сонда Украинаның кейінгі шабуылдарға төтеп беруге қауқары қалмайды.
– Ресей майдан шебін қалпына келтіру үшін әскери топтардың орындарын ауыстырып жатыр. Мәскеудің стратегиялық және оперативті қоры таусылды. Украинаға қарсы тұрғысы келсе, олар ең үздік әскери бөлімдерді тартуы керек. Шабуыл қазіргі қарқынынан таймаса, күздің соңына қарай Ресей Запорожье-Азов бағытын уысынан шығарып алады, – дейді Коровай.
Сарапшылардың жазуынша, ендігі нәтиже қай тараптың қоры басым, кім әскери әлеуетін дұрыс пайдалана алады, соған байланысты.
Ақ үй өкілі Джон Кирби 1 қыркүйекте журналистерге берген пікірінде Киевтің жетістігін атап өтті.
– Кейінгі 72 сағатта Украинаның прогресін байқадық. Оңтүстік бағытта олар Ресей қорғанысының екінші шебіне қарсы жақсы нәтиже көрсетті, – деді ол.
– Украинаның қарымта шабуылынан Ресей біржола жеңілмейді. Қыс түскенше, оккупация екі есе қысқаруы мүмкін. Ең оптимистік мақсаттардың бірі – осы. Бірақ бұл науқан Ресей әскерін қалай жеңуге болатынын көрсетті. 2023 жылы болмаса да, 2024 немесе 2025 жылы. Бұл үшін Батыс елдері Украинаны қанша қажет болса, сонша уақыт қолдауы керек, – дейді Ұлыбританияның бірлескен күштерінің бұрынғы қолбасшысы Ричард Бэрронс.
4 қыркүйекте Лондондағы сараптама орталығы жариялаған есепте "Ресей күштері табандылықпен кәсіби күресіп жатқанын мойындау керек" делінген.
Мина көмілген аймақтардан бөлек, Ресей кең окоптар мен жерасты жолдарын да салған. Олар осы жолдар арқылы әскер ауыстырып, техника жеткізе алады. Кейде орыстар мина қойылған, жалған траншеялар қалдырып кетеді. Оны украиндар басып алса, бірден жарып жібереді.
Ресей радарлар, дрондар мен зымырандарды бағытынан жаңылдыру үшін радиоэлектронды күресті де күшейткен. Олар Ka-52 тікұшағын пайдаланып, танкілерге қарсы зымырандар қолданады.
– Қазіргі шайқастар көп территорияны басып алуға не азат етуге көмектеспейді. Сондықтан Ресей мен Украина келер жылғы шайқастарға дейін әскери қорын қалай толтыру керегін білмей, бас қатырып отыр, – дейді Лондондағы сараптама орталығы жариялаған есептің авторлары Уотлинг пен Рейнольдс.
ПІКІРЛЕР