Accessibility links

Қарақалпақ белсендісі Райса Құдайбергенова Алматыдағы тергеу абақтысынан 1 жылдан соң шықты


Алматыдағы тергеу изоляторы
Алматыдағы тергеу изоляторы

Алматыдағы тергеу изоляторынан қарақалпақ белсендісі Райса Құдайбергенова босап шыққан. Мұны 16 қыркүйекте X әлеуметтік желісіне (бұрынғы Twitter) қарақалпақ диспорасының өкілі Ақылбек Мұратбай жазды.

Кардиолог дәрігер Райса Қдайбергенова былтыр 16 қыркүйекте қамауға алынған. Оған өзбек құқық қорғау органдары "Өзбекстан конституциялық құрылысын күштеп өзгертпек болды" деген күдік келтірген. Өзбек билігінің сұрауымен Қазақстанда қамауға алынған өзге де қарақалпақ белсенділеріне осыған ұқсас күдік туған.
Бұған дейін, 13 қыркүйекте Алматы тергеу изоляторынан қарақалпақ белсендісі Жангелді Жақсымбетов пен Қошқарбай Төремұратов босатылған. Оларды шығаруға экстрадиялау мәселесін қарастыратын уақыттың аяқталғаны себеп болған. Құқық қорғаушылар мәліметінше, 48 жастағы диссидент-блогер Қошқарбай Төремұратов пен 54 жастағы оппозиционер Жангелді Жақсымбетов 2022 жылы 13 қыркүйекте қамалған.
Былтыр күзде Қазақстанда қарақалпақ диаспорасының тағы екі адамы қамауға алынған. Белсенді Зиуар Мирманбетовті 4 қарашада үйінен әкеткен. 13 қарашада Ақтөбе облысындағы "Жайсаң" шекара пункті арқылы Ресейге өтпек болған Тілеубике Юлдашева ұсталған. Оларды бір жылға қамаған. Жақтастары белсенділердің бұлайша қуғындалған 2022 жылы шілдеде Қарақалпақстанда болған Нөкіс оқиғасымен байланыстырады.

Қарақалпақ диаспорасының өкілі Ақылбек Мұратбайдың Азаттыққа айтуына қарағанда, экстрадициялау туралы Өзбекстанның сұрауы әлі күшінде тұр. Қазақстан билігі оларға босқын мәртебесін бермеген. Мұратбай Қазақстан билігі қарақалпақ белсенділерінің өзге елге өтіп кетуіне рұқсат беріп қалар деп үміттенеді.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы қарақалпақ белсенділерін Өзбекстанға бермеуге шақырды. HRW олар Өзбекстанда саяси себеппен қудаланып, азапталуы мүмкін деп санайды.

2022 жылы шілдеде Қарақалпақстан астанасы Нөкіс қаласында Ташкент билігінің Өзбекстан конституциясын өзгертіп, Қарақалпақстанды егемендігінен айыру жөніндегі ұсынысына қарсы наразылық басталған. Өзбек билігінің ақпаратына қарағанда, наразылық кезінде 21 адам өліп, 243 адам жараланған. Тәуелсіз зерттеушілер 55-тен 77-ге дейін адам өлген деп санайды. Өзбек билігі 500-ден аса адамды қамауға алып, ондаған адамды соттаған. Жаппай наразылықтан кейін ресми Ташкент Өзбекстанның егемендік мәртебесін қалдырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG