Accessibility links

Ақтөбе облысының экс-әкімі Имантаевтың изоляторда жағдайы нашарлаған. Ол бір апта бұрын аштық жариялаған


Ермек Имантаев сот залында. Ақтөбе қаласы, 4 қыркүйек 2023 жыл.
Ермек Имантаев сот залында. Ақтөбе қаласы, 4 қыркүйек 2023 жыл.

Тергеу изоляторында аштық жариялаған Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Ермек Имантаев өздігінен қозғала алмайтындай жағдайға жеткен. Бұл туралы Имантаевтың әйелі хабарлады.

"Бүгінгі, яғни 4 қазан күнгі кездесуге күйеуімді түрме қызметкерлері зембілмен алып шықты" дейді сотталушының әйелі Лейла Имантаева.

Ермек Имантаев өзіне тағылған айыппен және тергеу барысымен келіспей Ақтөбенің тергеу изоляторында бір аптадан бері аштық жариялап отыр.

Тергеу Имантаевты "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі 23,9 гектар жерді заңсыз сатып жіберді" деп айыптайды. Мемлекетке келтірілген шығын 199 млн 400 мың теңге деп бағаланған.

Айыпталушы әбден әлсіреп, сот алдында жауап беруге шамасы болмағандықтан 28 қыркүйектен бері сот мәжілісі өтпеген.

- Ермек Имантаев қазір жалғыз адамдық камерада. Түрме қызметкерлері камерадағы су құбырын бекітіп тастаған. Изолятордағы адам төзгісіз жағдай туралы құқық қорғаушылар мен прокуратураға хабарладық. 4 қазан күні Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары Қуандық Рахметов тергеу изоляторына барып, Ермек Имантаевпен кездесті,- дейді Лейла Имантаева.

Әйелінің сөзінше, Имантаев қылмыстық істің "қайтадан тыңғылықты тергелуін талап еткен". Азаттық тұтқынның талабы мен қылмыстық іс туралы Ақтөбе облысы прокуратурасына бірнеше сауал жолдаған, бірақ прокуратурадан әзір жауап болмады.

Ақтөбе облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті аштық жариялаған тұтқынның әлсіреп қалғанын растап, 4 қазаннан бастап су іше бастағанын хабарлады. Осыған дейін жеті күн бойы Имантаев ас та, су а ішпеген. Департамент мәліметінше, Имантаев мекеме психологтары мен медицина бөлімінің бақылауында.

Адвокат сот отырыстарында судьядан қосымша тұлғалаларды күдікті ретінде жауапқа тартуды сұраған. Бірақ сот адвокаттың өтінішін қанағаттандырмаған. Имантаев жер учаскесін сату туралы шешімді бірнеше адам қабылдағанын, бірақ өзі ғана қылмыстық жауапқа тартылып жатқанын айтқан.

Сотталушы Ермек Имантаев "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын 2019 жылғы қараша мен 2021 жылғы наурыз аралығында басқарған. Оған дейін әр жылдары президент аппаратында мемлекеттік инспектор болған, республикалық есеп комитетінде істеген. Ермек Имантаев 2002-2004 жылдар аралығында Ақтөбе облысының әкімі болды. Ол Ақтөбедегі тергеу изоляторына биыл 10 ақпанда қамалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG