ЭКСТРАДИЦИЯЛАУ ҚАУПІ СЕЙІЛГЕН ЖОҚ
Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан республикасының тумасы, белсенді Жангелді Жақсымбетов 15 жылдан бері Алматы қаласында тұрады. 53 жастағы Өзбекстан азаматы Қазақстанда ықтиярхат бойынша тұрып жатыр. Былтыр қыркүйекте Қазақстан құқық қорғау органдары Өзбекстан билігі экстрадициялауды сұраған Жақсымбетовті ұстап, қамады. Экстрадиялау мәселесін қарастыратын уақыт аяқталғаны себепті ол биыл қыркүйекте қамаудан босатылды.
Жангелді Жақсымбетовтің айтуынша, Өзбекстан заң орындары оған "конституциялық құрылысты күштеп өзгертпек болды" деген күдік келтірген. Өзбек билігінің сұрауымен Қазақстанда қамауға алынған өзге де қарақалпақ белсенділеріне осыған ұқсас күдік туған.
Құқық қорғаушылар қарақалпақ белсенділері Жангелді Жақсымбетов пен Қошқарбай Төремұратов, Раиса Құдайбергенова және Зиуар Мирманбетова қамаудан босатылғанымен, Өзбекстанның оларды экстрадициялау туралы өтініші әлі күшінде екенін айтады.
HRW Қазақстанды қарақалпақ белсенділерін Өзбекстанға бермеуге үндеген.
Қамауда отырған кезде Жақсымбетов Қазақстаннан өзіне босқын мәртебесін беруді сұраған. Билік оның өтінішін орындаудан бас тартты. Жақсымбетов бұл шешімге қарсылық білдіріп, сотқа шағым түсірген. Құқық қорғаушы Денис Дживага сот қашан болатыны белгісіз дейді.
Жангелді Жақсымбетов былтыр жазда Қарақалпақстанда болған жаппай халық наразылығынан кейін Өзбекстан билігі қыр соңына түскенін айтады.
– Қарақалпақстанда көтеріліс болғаннан кейін Өзбекстан қауіпсіздік мекемесінің өкілдері келді. Қасында қазақстандық полиция бар. Олар маған "YouTube-қа шығып, ана жаққа (Қарақалпақстанға), адамдар өліп жатыр, қойсын деп айтыңдар"деді. Оларға "Адамдарды кім өлтіріп жатыр? Мені не деп кінәлап отырсыңдар?"деп сұрақ қойдым. Содан кейін "өзіңнен көр"деп кетіп қалған, – дейді Жақсымбетов.
Өз сөзінше, Өзбекстан билігі оған "2020 жылы Өзбекстандағы заңсыз жиынға қатысты"деген кінә таққан. Жақсымбетов Өзбекстанда соңғы рет 2019 жылы болып, Қазақстанға келгеннен бері ол елге ат ізін салмағанын айтады.
– Мен Қазақстанда жүріп, қалайша Өзбекстандағы заңсыз жиынға қатысамын? Қисын болу керек қой! – дейді Жақсымбетов.
"ҚУҒЫНДАЛҒАНЫН РАСТАЙТЫН ҚҰЖАТ КЕРЕК"
Қазақстанда босқын мәртебесін беру я бермеу туралы шешім қабылдау атқарушы билік органының құзыретіне жатады. Былтырға дейін бұл мәселемен Ішкі істер министрлігіне қарасты көші-қон қызметі айналысып келген. Ал 2022 жылдың қаңтарынан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қамту министрлігіне өтті.
Босқын мәртебесі кімдерге берілмейді?
Қазақстан 2009 жылы қабылдаған "Босқындар туралы" заңның 12-бабында "пана іздеген адамның нәсілдік, ұлттық, діни сенім, азаматтық белгісі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси нанымы бойынша қудалау құрбаны болуы мүмкін деген негізделген қауіп болмаса, егер адам өзі туралы және Қазақстан Республикасының аумағына келу мән-жайлары туралы хабарлаудан бас тартса, не көрінеу жалған мәліметтерді хабарласа, сондай-ақ жалған құжаттарды ұсынса, оған босқын мәртебесін беруден бас тартылады" деп жазылған.
Алматы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы босқын мәртебесін сұраған Жангелді Жақсымбетовтің "қуғын көргенін құжат жүзінде дәлелдей алмағанын" алға тартып, оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан.
Басқарманың өкілі Мырзан Маринов Жангелді Жақсымбетовке босқын мәртебесін беруден бас тартуға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2022 жылғы 22 сәуірде шыққан №118 бұйрығымен бекітілген "Босқын мәртебесін беру туралы өтінішхатты тіркеу мен қарау қағидалары" негіз болғанын айтады.
– Босқын мәртебесін алу үшін олар өз елінде қуғын-сүргінге ұшырады деген құжаты болуы керек, біздің ереже бойынша. Олар енді өз елінде "қудалауға ұшырадық"деп айтып жатыр ғой. Соған ресми органнан, ҰҚК-нен, полициядан, соттан немесе прокуратурадан өзінің қуғын көріп, қысымға ұшырағанын растайтын құжат әкелуі керек. Ал олар қуғын көргенін тек ауызша айтып отыр, – дейді шенеунік.
Жангелді Жақсымбетов мұнымен келіспейді.
– Қазақстан полициясы мені Өзбекстан билігінің сұрауымен ұстап, үстімнен іс қозғап, бір жыл қамауда болдым. Бұдан артық қандай дәлел керек?! Өзбек билігі маған "Жақсымбетовті қудалап жатырмыз" деп анықтама бермесі анық қой! – дейді ол.
Алматы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қарақалпақ белсенділері Қошқарбай Төремұратов пен Раиса Құдайбергенованың да босқын мәртебесін беру туралы өтінішін қанағаттандырмады.
Азаттықтың сауалына жауабында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Босқын мәртебесін беру және өтініштерді қабылдау" туралы ереженің 18-тармағына сілтеме жасап, босқын мәртебесін берудің талаптарын ғана атап өткен.
"АДАМГЕРШІЛІК ӘРЕКЕТ ЕМЕС, САЯСИ ҚАДАМ ДЕП ТҮСІНЕДІ"
Қазақстандық құқық қорғаушы Денис Дживага кетуге өз елінде қуғын немесе қысым көріп, кетуге мәжбүр болған адамнан "қуғындалғанын растайтын анықтама" талап ету қисынсыз екенін айтады.
– Босқын мәртебесін беруді мемлекет өзі шешеді. Бірақ сұрап отырған құжаттарын мәртебе сұраушының түгел тауып бере алмайтыны түсінікті. Ал осындай жағдайда біздің мемлекеттік органдар "ешқандай қысым жоқ" деп есептейді. Бұл қазіргі тәжірибеден көрініп отыр. Мәселен, биыл Өзбекстанның бірнеше азаматы босқын мәртебесін сұрады. Екеу-үшеуіне мәртебе беруден бас тартты. Қалған екеуінің өтініші әлі қаралып жатыр. Бірақ оларға да бермей қояды деген қауіп бар. Себебі олар Өзбекстаннан біздің мемлекеттік орган талап етіп отырған құжатты әкеле алмайды, – дейді заңгер.
Денис Дживага Қазақстан билігінің босқын мәртебесін беруді қиындатып жіберуінің себебін көрші елдермен достық қарым-қатынасты үзгісі келмейтіндігінен деп түсіндіреді. Оның пікірінше, Қазақстан босқын мәртебесін беруді адамгершілік әрекет деп емес, саяси қадам деп түсінеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Азаттыққа берген есебі бойынша, Қазақстанда 327 шетелдік азамат босқын мәртебесін алған. Олардың арасында Ауғанстаннан келген 255 адам, Украинадан – 59, Қытайдан – 6, Сириядан – 6 және Өзбекстаннан келген 1 адам бар.
"Пана іздеуші тұлға"куәлігін 514 адам алған. Оның ішінде Украинадан келген – 277 адам, Ауғанстаннан – 181 адам, Ресей Федерациясынан – 22 адам және өзге елдерден келген 34 адам ие болған.
ПІКІРЛЕР