"ШЫҢЖАҢДАҒЫ АНАМА ПОЛИЦИЯ ЖИІ ҚЫСЫМ КӨРСЕТЕДІ"
Шыңжаңдағы саяси лагерьге түсуден қорқып, 2018 жылы мамырда Қазақстанға "Қорғас" бекеті арқылы тығылып өткен 47 жастағы Қайша Ақан қазір Алматы облысы Талғар қаласында тұрып жатыр. Ол Қазақстанға келген соң жергілікті азаматпен отбасын құрған. Бірақ жеке басын куәландыратын құжаттың болмауынан некесін ресми түрде тіркей алмай жүр.
Қайша Ақанның 70 жастағы анасы, кәмелет жасқа толған баласы және екі ағасы Шыңжаңдағы Тоғызтарау ауданында тұрады. Қайша Шыңжаңдағы анасын Қазақстанға алдыру үшін өзге туыстары арқылы шақырту жібергенін, бірақ Қытай тарапы рұқсат бермей қойғанын айтады.
– Жетпістен асқан анама аудандық полиция өкілдері жиі қысым көрсетеді екен. Шешемнің айтуынша, олар "Қайша өз еркімен қайтсын, әйтпесе жыл аяғында өзіміз алып келеміз. Қазір Қазақстанмен оларды кері қайтару туралы келісім жасап жатырмыз" деп қинайды екен. Жақында үлкен ағама бірнеше полиция қарумен келіп қорқытқан. Басқа жақта жұмыс істеп жүрген кіші ағамды да ауылға алып келіп, ешқайда шықпа деп кеңес берген. Сондағы оларға айтатыны – "Қайша өз еркімен кері қайтсын. Егер қайтып келетін болса есеп шотындағы ақшасын да алады, үйін де қайтарып береміз" деген сөз. Шындығында, олар мені бірден түрмеге қамамақ, – дейді ол қорқынышын жасырмай.
Қолында босқын туралы куәліктен басқа ешқандай құжаты жоқ Қайша қазір жұмыссыз. Қайша Ақан және Қастер Мұсахан, Мұрагер Әлімұлы Қазақстаннан азаматтық та сұраған еді. Бірақ ІІМ бұған дейін "Көші-қон" заңының 49-бабына сілтеп, үшеуіне азаматтық берілмейтінін мәлімдеген. Аталған бапта "заңсыз келген, сондай-ақ қылмыс жасағаны үшiн өздерi шыққан елдердiң заңнамасы бойынша қудалауға ұшыраған; сотталғанға дейiн тұрақты тұрғылықты жерi Қазақстаннан тыс болған" адамдарға азаматтық берілмейтіні жазылған.
Қастер мен Мұрагер де Шыңжаңдағы қысымнан қашып, 2019 жылы қазанда Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы шекарадан заңсыз өтіп, Қазақстанға келген.
Қазақстан ішкі істер министрлігі 2020 жылы қазанда үшеуіне және Шыңжаңнан қашып келген Бағашар Мәлікұлына бір жыл мерзімге босқын мәртебесін берген еді. Үш жылдан бері Қазақстан үкіметі төртеуінің "босқын" куәлігін бір жылға ұзартып келеді.
"АЗАМАТТЫҚ БЕРМЕСЕ ДЕ ЖОЛ ЖҮРУ ҚҰЖАТЫН БЕРСІНШІ..."
35 жастағы Қастер Мұсахан қазір Алматы облысында біреудің малын бағады. Ол Қазақстанға келгелі мал бағып, күн көріп жүр. Шыңжаңда атбегі болғанын, жүйрік жаратып, бәйгеге ат қосқанын айтқан Қастер "міне, бір ай болды, Алматыға келіп, бір кісінің атын жаратып жүрмін. Күніне сегіз мың теңге төлейді" деп бастады әңгімесін.
– Қазір Қытайда қалған туыстарымнан тек анаммен сөйлесемін. 60 жастағы анамның уайымнан денсаулығы нашарлап кеткен. Емделуге де жағдайы жоқ. Өзімнен кейінгі тете інім бар. Оның да денсаулығы дұрыс емес, жұмысқа жарамайды. 2016 жылы саяси лагерьге алып кетті. Содан биыл наурызда ғана шықты. Асқазаны тесілген дейді. Үйленген де жоқ. Негізі 2019 жылы шығуы керек болған. Бірақ мен қашып кеткеннен кейін оны шығармай қойған, – дейді ол.
Қастер де Қытайдағы туыстарына жергілікті билік адамдары жиі келетінін айтады. Сақшылар анасы мен інісінен Қастер туралы, оның қайда тұрып жатқаны, немен айналысып жүргені туралы сұраған көрінеді.
– Анам сөйлескен сайын жағдайын айтып жылайды. Не оларға көмегім жоқ. Мұнда да бағытсыз жүрмін. Кім үшін, не үшін өмір сүріп жүргенімді білмеймін. Не құжатым жоқ. Қазақстан билігі азаматтық бермесе бермей-ақ қойсын, тым болмағанда жол жүру құжатын берсе, шетелге барып күнімізді көрер едік, – дейді Қастер ренішті күйде.
29 жастағы Мұрагер Әлімұлының ата-анасы, әйелі мен кәмелет жасына толмаған ұлы қазір Шыңжаңда тұрады. Ал Мұрагер қазір Алматы қаласындағы жақын туысының кафесінде аспаз болып жан бағып жүр.
– [Шыңжаңнан] 14 күндік визамен келіп-кетіп жатқан таныстар, ауылдастар бар. Арасында солармен кездесіп, сөйлесіп қаламын. Олардың айтуынша, [сақшылар] "Мұрагерді бәрбір алып келеміз, ешқайда кетпейді" дейді екен. Қазақстан билігінің бізге тым болмағанда жол жүру құжатын бере алмай отыруының бір себебін де Қытайдан көремін. Қысым жасап отыр ма деп ойлаймын, – дейді Мұрагер.
2021 жылы сәуірде Қайша Ақан, Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлы Қазақстаннан азаматтық ала алмаған соң биліктен үшінші елге кетуге рұқсат беретін жол жүру құжатын сұраған. Бірақ Қазақстан жол жүру құжатын да бермей отыр.
БОСҚЫНДАР ЖОЛ ЖҮРУ ҚҰЖАТЫН НЕГЕ АЛА АЛМАЙ ЖҮР?
Қазақстанның "Босқындар туралы" заңының 9-бабында босқындар "Қазақстан заңнамасына сәйкес еңбек етуге не кәсіпкерлікпен айналысуға және жол жүру құжатын алуға құқығы бар" деп жазылған. Бірақ Қайша, Қастер мен Мұрагер қолында ЖСН я жеке құжат болмағандықтан заңда көрсетілген бұл жеңілдік пайдалана алмайтынын айтады.
Қытайдан қашқандар "шындығына келгенде босқын куәлігімен ешқандай әлеуметтік көмек, медициналық жәрдем ала алмайтынын, жұмысқа орналасуға мүмкіндік жоғын" жиі айтып жүр. Олар "өз атымызға телефон нөмерін де рәсімдей алмаймыз" деп күйінеді.
Шыңжаңнан қашқан қазақтар бұл қиындықтан шығудың бір жолы "үшінші елге кету" деп есептейді.
2021 жылы Ішкі істер министрлігі жол жүру құжатын сұраған үшеуге "Көші-қон туралы" заңға өзгерістер енгізіліп жатқанын айтып, "Бұл өзгерістер босқындар үшін халықаралық сапарларға шығуға мүмкіндік береді және виза рәсімдеуді жеңілдетеді. Осылайша босқындардың кез келген елден, оның ішінде қабылдаушы елден кету құқығын жүзеге асыруға ықпал етеді. Алайда енгізілген өзгерістер 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енетінін ескере отырып, қазір жол жүру құжатын беру мүмкін емес екенін хабарлаймыз" деп жауап берген еді.
Алайда бір жыл өтсе де заң әлі қабылданған жоқ.
Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі Азаттыққа босқын куәлігі барларға жол жүру құжатын жасауға мүмкіндік беретін заң жобасы парламентте жатқанын айтты.
"Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізімдері туралы" заңның 9-бабына, "Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы" заңның 29-бабына өзгерістер енгізуді көздейтін "Халықтың көші-қонын жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы мәжіліс қарауында" дейді ІІМ ресми жауабында.
Заң қашан қаралатыны белгісіз, ал заң қабылданған күннің өзінде бірден жүзеге аспауы мүмкін.
"Заң қабылданғаннан кейін бірқатар заңға тәуелді актілерді, бұйрықтарды, сараптамаларды, бюджеттік комиссияны қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет" деп жауап берді ІІМ баспасөз қызметі Азаттыққа.
Шыңжаңнан келген босқындардың құқығын қорғап жүрген "Халықаралық құқықтық бастама" қоғамдық қорының жетекшісі Айна Шорманбаева "Босқындар туралы" заңда "босқындар жол жүру құжатын алуға құқылы" деп жазылса да, бұл құжатты бермей отырғаны – Қазақстан билігінің босқындарға немқұрайды қарауының нышаны" дейді.
Ал Қытайдағы қазақтардың мәселесін қозғап жүрген белсенді, өзі де Қытайдан Қазақстанға көшіп келген Ауыт Мұқибек жол жүру құжатын бермеудің астарында саяси кедергі жатуы мүмкін деп топшылайды.
– Шыңжаңнан қашып келген босқындарды кері қайтару туралы екі ел арасында келісім жасалып жатқаны жайлы сөз өтірік болуы мүмкін. Тек Шыңжаңдағы жергілікті жердегі сақшылар босқындардың сондағы туыстарын қорқытып не алдап шақырып алу мақсатында өтірік айтқан болар. Бірақ заң жүзінде бар, бірақ іс жүзінде құжаттың болмауы – осы қашып келген азаматтардың үшінші елге шығып кетуіне көрші мемлекеттің ықпалы бар ма екен деп ойлаймын, – дейді ол.
2017 жылдан бастап Қытай билігінің Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман халқын саяси лагерьге қамап жатқаны жайлы хабар тараған. БҰҰ есебінше, Шыңжаңдағы лагерьлерге миллион адам қамалған. Пекин бұл саясатын "экстремизммен күрес" деп түсіндіріп, лагерьлерді "кәсіп үйрету орталықтары" деп атайды. Лагерьге отырып шыққандар бұл жерде азапталғандарын, зорлық-зомбылық көргенін айтқан. Шыңжаңдағы қысымға байланысты осы өлкеде тұрған ұйғырлар мен қазақтар Қытайдан қаша бастаған.
2017-2019 жылдар аралығында Қазақстанға Қытайдан қашып келген алты қазақтың төртеуі босқын – Қайша Ақан, Қастер Мұсаханұлы, Мұрагер Әлімұлы және Бағашар Мәлікұлына босқын мәртебесі берілген. Алматы облысы Панфилов ауылында тұратын Тілек Тәбәрікұлы босқын мәртебесін ала алмай жүрген еді. Ал тағы бір Шыңжаң қазағы – Сайрагүл Сауытбай Қазақстан оған босқын мәртебесін беруден бас тартқан соң 2019 жылғы 3 маусымда отбасымен бірге Швецияға қоныс аударды.
Азаттық Тілек Тәбәрікұлына бірнеше рет қоңырау шалғанымен, жауап болмады. Ал Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында тұрып жатқан Бағашар Мәлікұлы "жағдайының бірқалыпты" екенін айтты. Босқын куәлігімен жүрген Бағашар осыдан біраз уақыт бұрын Шыңжаңда тұратын ата-анасы қонаққа келіп кеткенін, ешқандай қысым болмағанын айтады.
Қазақ үкіметі Қытайды сынаудан қашқақтайды және Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында Шыңжаңдағы жақындарын босатуды талап еткендерді ұстап, айыппұл салып жазалаған. Сарапшылар Астана өзінің негізгі инвесторын және "Бір белдеу – бір жол" бойынша стратегиялық серіктесі саналатын Қытайды ашуландырғысы келмейді дейді.
ПІКІРЛЕР