Accessibility links

ҰҚК шекара қызметі Қаңтар оқиғасына қатысқан 24 адамнан 128 миллионан аса соманы өндіріп алмақшы


Адвокат Жалғас Сапарханова (оң жақта) қаңтаршылардың ісі бойынша қорытындыны көрсетіп тұр. Алматы, 26 қазан 2023 жыл.
Адвокат Жалғас Сапарханова (оң жақта) қаңтаршылардың ісі бойынша қорытындыны көрсетіп тұр. Алматы, 26 қазан 2023 жыл.

Бүгін, 26 қазанда Алматыда бір топ адвокат пен Қаңтар оқиғасына қатысып, сотталған азаматтар баспасөз маслихатын өткізді. Оған өздерінің үстінен түскен азаматтық іс себеп.

– Биыл 19 мамырда Қаңтар оқиғасына қатысты ең ауқымды істердің бірі – 25 қаңтаршыға қатысты (оның ішінде біреуі марқұм - ред.) істің үкімі шыққан еді. Үкімге сәйкес олар айыпты деп танылып, түрлі жаза тағайындалған. Енді ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің Алматы облысы бойынша депатраменті осы 24 адамнан 128 миллионнан аса соманы өндіруді көздеп, талап арыз түсірді, - дейді адвокат Жалғас Сапарханова баспасөз жиыны кезінде.

Сапарханованың Алматы әскери сотына түскен талап арызында өндіріп алуды көздейтін сома "128 938 443 теңге" деп көрсетілгенімен, арызбен бірге түскен сараптама қорытындысында бұл сома "147 358 220 теңге" екені жазылған.

– Бұл қорытынды 27 қаңтар 2022 жылғы жасалған. Қорытындыға сәйкес материалдық шығын 147 миллионды құрайды. Онда біздің қорғауымыздағы азаматтарға қатысты емес мүліктердің тізімін көрсеткен. Айта кететін болсақ, «Камаз», «Урал» автокөліктері, аяқ-киім, күртешелер сияқты қызметкерлердің жеке киімдеріне дейін көрсетіп, материалдық шығынды өндірмекші. Біз мұны заңсыз деп білеміз. Өйткені 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына тек осы 25 қатысушы емес 10 мыңнан аса азамат қатысты, - дейді Жалғас Сапарханова.

Соттан түскен құжатқа сәйкес, ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің Алматы облысы бойынша департаменті 24 адамның әрқайсысынан 6 миллионан асатын сома өндіруді сұрайды.

Іске қатысты алдын ала сот тыңдауы 2 қарашаға белгіленген. Істі әскери сот қарамақшы.

Қаңтаршылардың мәлімдемесіне қатысты ҰҚК шекара қызметі әзірге реакция білдірген жоқ.

Қаңтар оқиғасына қатысқан 25 адамға қатысты істі Алматының Бостандық аудандық соты қараған. Айыпталушылардың бірі – марқұм Думан Қанатбек. Сот биыл олардың барлығын айыпты деп танып, шартты жаза берген. Апелляциялық шағым да үкімді күшінде қалдырған.

Оларға негізінен "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды және оған қатысты", "қару-жарақ ұрлады", "ғимараттарға шабуыл жасады" деген айыптар тағылған. Айыпталушылардың басым бөлігі тағылған айыппен келіспейді, кейбірі айыпты ішінара мойындаған.

Аталған істе жәбірленушілер қатарында ҰҚК шекара қызметінен бөлек, «Анна» қару-жарақ дүкені, Алматының полиция департаменті, мемлекеттік күзет қызметі мен президент аппараты секілді бірнеше орган болған. Олардың барлығы негізгі сот отырысында материалдық шығындарын өндіру туралы талап арыз жазған, алайда сот, оны азаматтық сот қарауы тиіс деген. Адвокаттар енді «шекара қызметінің талабы орындалған, өзге жәбірленушілер де сотқа шағымданып, миллиондаған шығынды өтеуді көздемесіне кім кепіл» дейді.

Құқық қорғаушылар "Қаңтардағы қантөгістің шындығы толық ашылмады, бейбіт наразылардың өліміне кінәлілер толық жауапқа тартылған жоқ" деп есептейді. Билік Қаңтарды халықаралық дәрежеде тергеуді ұсынған құқық қорғаушылардың ұсынысын кері қайтарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG