"ТІРІ АДАМ СИЯҚТЫ СОТТАДЫ"
"17 жастағы бала ғой – қайдағы террорист? Өздері өлтіріп, енді жауапкершіліктен жалтару үшін өзін кінәлі етіп шығарып отыр. Менің ойым солай", – дейді Тараз қаласының тұрғыны Олеся Опушиева.
17 жастағы Андрей Опушиевтың анасы 2022 жылғы 6-7 қаңтарда болған оқиғаларды әр минутына дейін біледі. Ұлының қашан жуынып, үйден шығып кеткені де жадында. Түнде оянса, ұлы әлі келмепті. Қазір қайғыдан қан жұтып отырған ана қаңтардың сол бір үрейлі күндері ауруханалар мен мәйітханаларға қанша рет хабарласқанын, 7 қаңтарда ұлының жансыз денесін сағат неше кезінде тауып алғанын да ұмытпаған.
Олеся Опушиеваның ұлы кеудесіне тиген оқтан мерт болған. Ол қаза боларынан бір ай бұрын өзімен қатар қызға үйленген, келіншегінің аяғы ауыр болған.
Андрей – өлгеннен кейін Қаңтар оқиғасына байланысты сотталған алғашқы азамат. Әуелде тергеушілер Опушиевқа "терроризм" және "жаппай тәртіпсіздікке қатысу" баптары бойынша айып таққан. Кейін терроризм бабын алып тастаған. 2022 жылғы 1 желтоқсанда Жамбыл облыстық жасөспірімдер ісі бойынша ауданаралық арнайы соты марқұмды кінәлі деп тапты.
Олеся Опушиеваның айтуынша, тергеушілер айғақ ретінде екі видео ұсынған. Онда Андрейдің қалың топтың арасында жүргені, оқ атыла бастағанда қашып бара жатқаны көрінеді. Андреймен бірге митингіге барған жолдасы оған қарсы куәлік берген.
Куәгер Андрейге "алаңнан кетейік" дегенін, бірақ ол айқайлап, "айналасындағының бәрін қиратқанын" айтқан. Тергеу басталмай тұрып ол "Андрей екеуіміз қашуға тырыстық, бірақ оқ атылып жатқанда бір-бірімізден көз жазып қалдық" деген. Марқұмның анасы күш құрылымдары куәгерді ұлыма қарсы қойды деп есептейді.
Олеся тергеу мен сотқа "Оқтан аман қалған жігіт куәгер де, атылған бала қылмыскер ме?", "Жай жастармен бірге жүрген ғой, неге соттап жатырсыңдар?", "Өлген адамды соттауға болады деген заң қай елде бар?" деп сұраған. Бірақ судья бұл сұрақтардың бірде-біріне жауап бермеген.
"Тірі адам сияқты соттады. Сұмдық ауыр болды", – дейді Андрей Опушиевтың анасы.
"О ДҮНИЕДЕ ҰЛЫМА НЕ ДЕЙМІН?"
2022 жылғы 5 қаңтарда Алматыда атылған Думан Қанатбекті сот "қару-жарақ ұрлады", "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп отыр. Оның ісі басқа 24 адаммен бірге қаралған. Бұл процесс "25-тің ісі" деп аталды.
2023 жылы мамырда сот 24 айыпталушыға шартты жаза кесті. Қанатбек сотталды, бірақ қазасына байланысты жазадан босатылды.
Думан – Әкімбек Қалыбековтың бауырына басқан жалғыз ұлы. Ол ұлының жазығы жоғына сенімді, сондықтан қылмыстық іс құжаттарына қол қоймаған. Марқұмнның әкесі әуелгіде өзін сот отырысына қатыстырмағанын, бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғам назарын аударғаннан кейін ғана процеске кіргізгенін айтады.
Тергеу ұсынған дәлелдердің бірі – топ адамның көшеде қару таратып жатқан сәті түсірілген видео. Кадрге Думан да түсіп қалған.
"Олар ұлымды жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырған террорист етіп шығаруға тырысып жатыр. Солай істеуге тура келген. Бір куәгер таптым, ол "камуфляж киген адамдар жастарды қару-жарақ дүкенінен қару алып шығып, көлікке тиеуге мәжбүрледі" деді. Олар маған ақылға қонбайтын нәрсе көрсетіп отыр. Дәлел жоқ. Ештеңеге қарамай, кінә арта салды", – дейді марқұмның әкесі.
Думан Қанатбектің адвокаты Жалғас Сапарханова марқұмдардың туыстары сотта "Тірі болсаңдар, осында өздерің тұрып, кінәсіз екендеріңді дәлелдер едіңдер" деп жылағанын айтты.
Қаза тапқан азаматтардың заңды өкілдері мен адвокаттарға марқұмдардың жазығы жоғын дәлелдеу қиын. "Олар өзін қорғай алмайды, тергеушілердің қолында тікелей айғақ-дәлел болмаса да, сот оларды бәрібір кінәлі етіп шығарады", – дейді Сапарханова.
АРУАҚТАР СОТЫ. ТАРИХ ЖӘНЕ БҮГІН
Азаттық Бас прокуратураға хат жолдап, Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан қанша азамат жауапқа тартылғанын, олардың қаншасы ақталғанын сұрады. Құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті "Ведомство 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына байланысты жеке есеп жүргізбейді" деп жауап берді.
Азаттықта Қаңтар қырғыны кезінде қаза тауып, кейін сотталған 12 азамат туралы дерек бар. Олардың алтауы – Тараздан, төртеуі – Алматыдан. 2023 жылғы 8 тамызда Тараздың апелляция соты қайтыс болғаннан кейін сотталған азаматтардың бірін ақтады.
Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан адамдардың соты (былтыр жыл басында болған наразылықтың аяғы қантөгіске ұласып, ресми дерек бойынша, 238 адам қаза тапқан) – мемлекет үшін жаңа құбылыс. Өлген адамдарды сотқа тарту тәжірибесі бұрыннан бар, бірақ бірлі-екілі жағдай болғандықтан, қоғам назарынан тыс қалатын. Көпке белгілі ондай мысалдардың бірі – 2020 жылы Қарағанды облысында өткен сот процесі. Ол кезде "Кәсіпқорған" тау-кен метталургия кәсіпорнының жұмысшылары кәсіподағының басшысы Тоғызбай Тәжбеновке үкім оқылды. Сот оны "Қазақмыс корпорациясы" тау кен байыту кешенінің бас директоры Амангелді Мініғұловқа қастандық жасағаны үшін айыпты деп таныды. Тергеу нұсқасы бойынша, Тәжбенов Мініғұловты өлтірмек болған, кейін өзіне пышақ салып, оқиға орнында көз жұмған.
Қайтыс болған адамға қарсы қозғалған тағы бір іс 2017 жылы Қызылорда облысында тіркелді. Біреудің мүлкін тонау айыбымен қозғалған істе адвокат айыпталушының өлімі туралы анықтама ұсынды. Іс айыпталушының қайтыс болуына байланысты қысқартылды.
Қазақстанның қылмыстық-процестік кодексінде күдіктінің өлімі қылмыстық істі тоқтатуға негіз бола алады деп көрсетілген, бірақ ерекше жағдайлар да бар. Қаза тапқан адамды ақтап алу, басқа іс қатысушыларының айыбын анықтау және заңсыз жолмен келген мүлікті тәркілеу үшін марқұмды соттауға болады.
Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюроның директоры Евгений Жовтис мұны сырттай соттаумен салыстырады. Оның айтуынша, халықаралық құқық қорғау ұйымдары сырттай соттарда іс әділ қаралады дегенге сенбейді. Демократиялық елдерде сырттай соттау сирек кездеседі.
Жовтис post-mortem соты диктатуралар мен авторитар режимдерге тән құбылыс екенін айтады. Адам құқықтарын басты орынға қоятын мемлекеттер мұндай кейстерді азайтуға тырысады.
2023 жылы шілдеде Беларусь қаза тапқан адамдарды сотқа тартты. Авторитар басшы Александр Лукашенко жаппай наразылыққа себеп болған даулы президент сайлауынан кейін үш жылдан соң, қылмыстық-процестік кодекске өзгертулер енгізіп, бейбітшілік пен қауіпсіздікке қарсы қылмыс жасағандарды өлгеннен кейін де жауапқа тартуға рұқсат берді.
Марқұмдарды соттау Ресейде де жиі болаады. Атышулы процестердің бірі – Мәскеудің тергеу изоляторында қаза болған аудитор Сергей Магнитскийдің ісі. Ол шенеуніктердің Ресей бюджетінен қаржы жымқырып, шетелге ақша шығарғанын анықтап, жемқорлық қылмысын әшкерелеген. Осыдан кейін 2008 жылы оған "салық төлеуден жалтарды" деген айып тағылып, аудитор Мәскеудегі "Матросская тишина" тергеу изоляторына жабылды. Бір жылдан кейін сол жерде қайтыс болды. Құқық қорғаушылар билік түрмедегі Магнитскийді азаптап, оған дер кезінде медициналық көмек көрсетпеген деп топшылайды.
Әу баста Магнитскийге қарсы іс тоқтатылып, кейін қайта қозғалған. 2013 жылы Мәскеу соты Магнитскийді салық төлеуден жалтару бабы бойынша кінәлі деп тапты. 2012 жылы АҚШ адам құқықтарын бұзған ресейліктерге қарсы жекелеген санкция салуға мүмкіндік беретін "Магнитский заңын" қабылдады.
Post-mortem процестері: тарихи фактілер
Адамзат тарихындағы ең атақты post-mortem процесі "қорқынышты синод" деп аталады. IX ғасырдың аяғында Римде 896 жылы қайтыс болған понтифик Формозды 9 айдан кейін соттаған. Стефан IV мұрагерінің жарлығы бойынша, Формоздың сүйегін көрден қазып алып, киіндіріп, тергеген. Бұл процесс шіркеуде өткен. Марқұм шіркеу заңдарын бұзды деп танылған.
Тағы бір атышулы процесс – Адольф Гитлердің хатшысы, нацист Мартин Борманның соты. Борман – Нюрнберг процесі бойынша сырттай сотталған жалғыз адам. Ол адамзатқа қарсы қылмыс жасағаны үшін дарға асу жазасына кесілген. Соттан кейін ондаған жыл бойы оның қайтыс болғаны я бой тасалап жүргені белгісіз болды. Бір нұсқа бойынша, ол 1945 жылы мамырда өзіне қол салған болуы мүмкін.
"ЖАРТЫЛАЙ КІНӘЛІ" МАРҚҰМДАР
"Қайтыс болған адамның сотына жақын туыстары мен адвокаттары қатысқан күннің өзінде әділдік принципі бұзылады", – дейді құқық қорғаушы.
Жовтис билік Қаңтар оқиғасы кезінде кімдер оқ атқанын анықтап, қару қолдану заңдылығын тексеріп, қаза тапқан азаматтар күш құрылымдары қызметкерлерінің денсаулығы мен өміріне қауіп төндіргенін дәлелдеуі керек дейді. Оның сөзінше, жаппай тәртіпсіздікке қатысу ол адамға қарсы оқ атуға болады дегенді білдірмейді.
"Кей адамдарды өлгеннен кейін жауапқа тарту оларды атқан адамдарды қорғап, кінәсін жасыру талпынысымен байланысты. Құқықтық, психологиялық тұрғыдан алғанда, бір кісіні президент резиденциясына немесе полиция басқармасына шабуыл жасағаны үшін атқан десе, заңды болып көрінеді. Сондықтан қаза тапқан адамдарды соттау оларды атқан құқық қорғау қызметкерлерін кінәсіз етіп шығарады", – дейді заңгер.
Евгений Жовтис Қаңтар оқиғасына байланысты ашық өткен соттардың бірде-бірінде тергеу тарабы атылған адамның кінәсін дәлелдейтін нақты айғақ-дәлел келтіре алған жоқ дейді.
"Кей азаматтардың қазасына қатысты жағдайлар олар шынымен полиция мен басқа да тұлғалардың өміріне қауіп төндірген деп ойлауға мүмкіндік береді. Бірақ нақ осы марқұм қауіп төндірген, міне, кінәсі дәлелденді деп айта алмаймын", – дейді Жовтис.
Құқық қорғаушы марқұмдарға қарсы процестерді оларды атқан адамдардың сотымен салыстырып қарау керек деп есептейді.
Қазақстанда Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан оннан астам адамға үкім шыққан. Ал халыққа оқ атқан құқық қорғау қызметкерлердің жауапқа тартылғаны аз.
Өлгеннен кейін сотталған адамдардың туыстары Азаттыққа құқық қорғау органдары істі тоқтатуды ұсынғанын, бірақ өздері тергеуді жалғастыруды талап еткенін, өйткені іс жабылса, нақақ айып тағылған марқұм ақталмай қалатынын айтады.
"Кез келген қалыпты құқық қорғау жүйесінде кінәсі дәлелденбеген адамның жазығы жоқ деген түсінік бар. Бізде бұл қағида жұмыс істемейді. Кінәсі дәлелденбеді, бірақ бірнәрсе болды ғой. Жай ғана дәлелдей алмады, демек марқұмға көлеңке түсіп тұр. Жартылай кінәлі сияқты. Істі жауып тастауға қарсы адамдарды жақсы түсінемін", – дейді адам құқықтары жөніндегі бюроның директоры.
Таразда қаза болған жасөспірімнің анасы Олеся Опушиева сот үкіміне қарсы шағым берді, бірақ апелляция соты алдыңғы соттың үкімін өзгертпеді. Олеся кассациялық шағым берген жоқ.
"Ол мейірімді бала еді, жалғыз қолғанатым болатын. Атын ақтап алғым келді. Бірақ аяғына дейін күресе алмадық", – дейді ұлынан айрылған ана.
Олеся Опушиева 11 жастағы қызы мен 9 жастағы ұлын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. 2022 жылы мамырда Андрей Опушиевтің жесірі Валентина босанып, жарық дүниеге ұл келді. Сәби қазір әкесіз өсіп жатыр.
Думан Қанатбек те полиция боламын деген арманына жете алмады. Марқұмның әкесі Қазақстандағы барлық сот инстанциясынан жеңілсем де, қайтпаймын деп отыр.
"БҰҰ-ға дейін барамын, басқа амалым жоқ. Бұған көп жыл кетсе де, балам көрінде тыныш жатуы үшін күресемін. Бәріміз өлеміз. О дүниеде балама не деймін?" – дейді әкесі.
Опушиев пен Қанатбектің атылуына байланысты қозғалған істер "қылмыс құрамы жоқ" деген себеппен жабылған.
Андрейдің анасы Олесяға "ұлыңызға тиген оқ табылмады" деген.
Думанның әкесіне "Билігін асыра пайдалану" бабымен қаралған іс "қылмыс құрамы жоқ" деп жабылып қалғанын бірталай уақыттан кейін ғана айтқан.
ПІКІРЛЕР