10 қарашада Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим күшіне енді.
Екі жақ қол қойған келісімге сәйкес, Қытай және Қазақстан азаматтары көрші елде шекарадан өткен күннен бастап 30 күнге дейін визасыз бола алады. Жалпы 180 күн ішінде визасыз 90 күннен артық жүре алмайды.
Осы уақытқа дейін Қытай азаматтары Қазақстанда визасыз 14 күнге дейін жүре алған, енді оның мерзімі ұзарып отыр.
"2023 жылғы 10 қарашада Қазақстан үкіметі мен Қытай үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім күшіне енді. Осы келісімнің 1-ші бабына сәйкес, екі елдің азаматтары жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сонымен бірге іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады. Осы ретте азаматтардың екі мемлекет аумағында болу мерзімі күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімдегі кезеңге, ал күнтізбелік 180 (жүз сексен) күн ішінде жиынтығында күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспауы қажет" деп жазылған Қазақстан СІМ-нің хабарламасында.
Ведомствоның айтуынша, бұл келісім Гонконг және Макао арнайы әкімшілік аудандарына қолданылмайды.
"Қазақстан азаматтары Гонконгқа визасыз 14 (он төрт) күннен аспайтын мерзімге бара алады, ал Макаоға бару үшін виза рәсімдеу қажет" деп жазылған хабарламада.
Ресми мәлімет бойынша, қазақстандықтар 34 елге визасыз бара алады.
Қазақстан үкіметі мен Қытай үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге биыл 26 шілдеде қол қойылған. Бұған дейін елде кейбір азаматтар Қытаймен визасыз режимге қарсылық танытып, кейбірі ұсталған. Кей белсенділер "жемқор жүйе тұрғанда көрші ел азаматтарының визасыз келуі - Қазақстан үшін қауіпті" деген.
Қазан айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапары барысында қазақтар көп шоғырланған Шыңжаң өңіріне де барған. Осыған дейін кей сарапшы Тоқаевтың Шыңжаңға сапары жөнінде "Үрімжідегі виза ала алмай жүрген көп қазаққа үміт сыйлаған еді. Себебі, бір жылдан бері "Үрімжідегі елшіліктен Қазақстанға кету үшін виза сұрап кезекте төрт-бес мың қазақ тұр" деген ақпарат жиі айтылады. Алайда халықтың үміті орындалмады" деп айтқан.
Халықаралық қауымдастық бірнеше жылдан бері Қытай билігі аймақтағы мұсылмандарды, соның ішінде қазақтарды арнайы лагерьлерге қамап, қысымға алып жатқанын айтып дабыл қағып келеді. Қытай айыпты жоққа шығарады.
ПІКІРЛЕР