Батыс басылымдары бұл аптада Орталық Азия басшылары Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасының он жылдығын атап өту үшін Пекинге сапарлағанын жазды. Басылымдар Қытайдың бұл жобасы он жыл ішінде қандай нәтиже берді және Орталық Азия елдері Пекин алдындағы қарыз тұзағына түсіп қалған жоқ па деген сұраққа үңілді. Сонымен қатар Орталық Азия елдерінің серіктестігі күшейіп, аймақта Ресей ықпалы әлсіреп жатқанына тоқталды.
"ПОЗИЦИЯСЫ ӘЛСІРЕГЕН МӘСКЕУ" ЖӘНЕ "ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КҮШЕЙТКЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ"
Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалы мен орны туралы көптеген есеп Мәскеудің аймақтағы позициясы әлсірегенін көрсетті, деп жазады АҚШ-тағы сыртқы саясатты зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Стивен Бланк Jamestown қорының сайтындағы мақалада. Орталық Азия мемлекеттерінің үкіметтері Украинадағы соғысты қолдамады, олардың ойынша, Украинаға басып кірген Ресей аймақ елдерінің мүддесін есепке алуға құлықсыз. Оның үстіне Ресей экономикасы әлсіреп жатқандықтан, бұл оның аймақ елдеріне инвестиция құю қабілетін төмендетеді.
Аймақтағы комментарийлер Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалы әлсірегенін көрсетеді. Мысалы, Өзбекстандағы басылымдардың бірі қыркүйекте АҚШ президенті Джо Байденнің аймақ басшыларымен өткізген саммиті Мәскеу ықпалы азайғанын әйгіледі деп жазды. Бланктың топшылауынша, бұл саммит − АҚШ-тың аймаққа қызығушылығы қайта жанданғанын айғақтайтын белгі.
Ресей сарапшысы Аркадий Дубновтың ойынша, бұл саммит − Орталық Азия басшылары мен Байденнің аймақты «халықаралық саясаттың тәуелсіз субъектісі» деп қарастыратынын жария түрде жеткізу ұмтылысы. Бланктың топшылауынша, Дубновтың мұндай мәлімдеме жасауы Ресей үкіметі Орталық Азияны Мәскеу үстемдігіне бағынатын аймақ деп қабылдайтынын әйгілейді. Сондықтан оңтайлы сәт туа қалғанда жағдайда аймақ басшыларының аймақ Мәскеуден тәуелсіз және оған бағынышты емес екенін көрсетуге тырысатыны таңғаларлық дүние емес.
Орталық Азия басшылары сауда, экология саясаты, көлік мәселесі мен серіктестікті талқылау үшін жиі бас қоса бастады. Бланктың жазуынша, Орталық Азия – АҚШ саммиті Вашингтонның аймақтағы мүддесі қайта жанданғанын ғана емес, Орталық Азияның ұжым ретіндегі мәлімдемесін көрсетеді.
Алайда бұл Ресей аймақтан кетеді немесе ықпалдан бас тартады деген сөз емес. Жақында Грузияның жікшіл аймағы Абхазияның Очамчира қаласында Ресейдің әскери теңіз базасын ашуды хабарлағаны Мәскеудің импершілдікті қолдайтынын, Қара теңіздегі үстемдігі жалғасып жатқанын айғақтайды. Дей тұрғанмен Кремльдің Орталық Азия мен Кавказдағы позициясы шатқаяқтап қалды, АҚШ тәрізді сыртқы державалар мен аймақтағы ойыншылар Ресей империализміне қарсы тұруға дайын. Бланктың пайымдауынша, Ресей бұдан былай аймақта үстемдікке ие ойыншы емес, Орталық Азиядағы ықпалға таласушы көптеген ойыншылардың бірі болып қалмақ.
Автор аймақта ынтымақтастық пен серіктестік күшейіп жатыр деп есептейді. Оның белгілері көп нәрседен байқалады. Қазақстан президенті Тоқаев қыркүйекте аймақ басшыларымен өткен кездесуде Орталық Азиядағы тауар өндірушілерінің бірыңғай электронды платформасын құруды ұсынды. Бланк аймақта ынтымақтастықтың күшеюі АҚШ ұсынатын экономикалық және экологиялық жобалармен үндеседі дейді.
"БІР БЕЛДЕУ – БІР ЖОЛ": "ҚАРЫЗ ТҰЗАҒЫ", "ЕКІНШІ ОРЫНҒА ЫСЫРЫЛҒАН" АЙМАҚ
Бұл аптада Қытай басшысы Си Цзиньпин Пекиннің геосаяси ықпалын күшейтуге бағытталған, құны 1 триллон доллардан асатын «Бір белдеу – бір жол» бастамасының он жылдығын атап өтті. Eurasianet басылымы он жылдан кейін бұл бастама нәтиже берді ме деген сұраққа үңіледі.
17 қазан күні Си Цзиньпин 140-тан астам елден келген шетел қонақтарын қабылдады, олардың арасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан президенті Шавхат Мирзияев пен Түркіменстанның Халық мәслихатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов болды. Қытай басшысы «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында мыңдаған жоба іске асып, айтарлықтай нәтижеге жеткенін мәлімдеді.
Мақала авторы, Eurasianet басылымының шығарушысы Джастин Берк соңғы жылдары Пекин бұл бастаманы дамыту жоспарын қысқартып, ірі инфрақұрылым жобаларын қаржыландырудан бас тартқанын келтіреді. Оның орнына Пекин ауқымы кішірек жобаларға мән бере бастады.
Си Цзиньпин «Бір белдеу – бір жол» жобасын алғаш рет 2013 жылы Қазақстанға келгенде жариялаған. Бастапқыда Орталық Азия инвестиция құйылатын негізгі аймақ ретінде қарастырылды, бірақ он жыл өткен соң бұл бастама арқасында дамып жатқан халықаралық сауданың шетінде қалды. Қытай үкіметінің China Daily басылымының дерегінше, 2022 жылы Пекин мен бастамаға қатысушы елдердің арасында тауар айналымы 2 триллион доллардан ассса, Орталық Азия елдерінің бұл айналымдағы үлесі небәрі 3 пайыз болған (70 миллиард доллар).
Қазақстан мен Қытай шекарасында орналасқан Қорғас еркін экономика аймағы Орталық Азиядағы сауданы дамытуға тиіс еді, алайда контрабанда кесірінен бұл нысанның әлеуеті дұрыс пайдаланылмай қалды.
Автордың тұжырымдауыша, Қытай мемлекеттік кеңесінің ақпараттық бюросы жариялаған «Бір белдеу және бір жол бастамасы: ортақ болашақ үшін жаһандық қоғамдастықтың басты тірегі» баяндамасынан Африка немесе Еуроодақпен салыстырғанда Орталық Азия екінші дәрежелі, қосалқы орынға ысырылғанын байқауға болады. Құжатта Африка, Еуроодақ ондаған рет, ал Қазақстан бес рет, Өзбекстан мен Қырғызстан екі рет, Түркіменстан бір рет аталады, Тәжікстан мүлде аталмайды.
Бостон университетінің зерттеушілері жариялаған «Бір белдеу – бір жол: 10 жылдан кейін» атты талдау материалында бастамаға қатысушы елдер экономикалық пайда әкелетіні жазылған. Алайда оның кері тұстары да бар: қатысушы мемлекеттердің қарызы өсті.
«Қытай несие бойынша кейбір төлемді шегеруге дайын екенін айтты, осылайша «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында көптеген мемлекеттің қарыз жүгі ауыр екенін мойындады. Алайда Пекин несиені кешіруге дайын екенін сыңай танытпайды», дейді Джастин Берк.
«Бір белдеу – бір жолдың» он жылдығы қарсаңында Қытай шенеуніктері бастаманың «қарыз тұзағы» екенін жоққа шығарумен болды. Бірақ New York Times басылымы жүргізген зерттеу бастама аясындағы жобалардың бір бөлігі Қытай кредиторлары мен құрылысшыларға тиімді шарттар негізінде іске асқанын анықтады.
АҚШ-тағы Atlantic Council ғылыми орталығы ғаламдық Қытай хабының штаттан тыс ғылыми қызметкері Нива Яу Жапонияда шығатын Nikkei Asia басылымындағы мақалада «Бір белдеу – бір жол» жобасының нәтижесіне тоқталған.
Бұл бастама инфрақұрылым мен байланысты дамытып, осының арқасында елдер экономикалық өсімге қол жеткізеді деген мақсатты көздеді. «Дегенмен бастаманың алғашқы он жылдығында қатысушы мемлекеттер тұрақты өсімге қол жеткізе алмады», дейді зерттеуші. Мәселен, Қазақстан 2013 жылғы ішкі жалпы өнімнің көрсеткішіне кейін қол жеткізе алмады.
Бұған, зерттеушінің ойынша, бір жағынан Пекиннің Қазақстан өнімін әлем елдеріне бастаманың байланыс жолдары арқылы жеткізе алмағаны себеп. Бастама Қазақстандағы Қорғас қаласын теміржол және автожол арқылы Қытайдың шығысындағы Ляньюньган теңіз портымен байланыстырды. Бірақ соңғы он жылда Қазақстанның Жапониямен саудасы өсудің орнына қысқара түсті. «Есесіне Қытай Қазақстанға көбірек инвестиция салып, табиғи ресурстарды көбірек иемдене түсті».
Зерттеуші Қытай үшін шын мәнінде «Бір белдеу – бір жол» бастамасы – әлемдік тәртіпті өзгерту стратегиясының алғашқы қадамы дейді. Пекин өткен аптада жариялаған бастама бойынша баяндамада қазіргі әлемдік тәртіпті сөз етіп, онда «бірнеше ел басымдыққа ие», бұл «дамушы және дамыған елдердің арасында теңсіздік тудырды» деп сынайды. Нива Яу Пекиннің әлемдік тәртіпті өзгерту және Си Цзиньпиннің жаһандық көшбасшылыққа ұмтылысы айқындала түсті деп есептейді.
ПІКІРЛЕР