Accessibility links

Байден мен Орталық Азия басшылары саммитте не талқыламақ? Қазақ мұнайының экспортына төнген қауіп


Қазақстан мұнайы экспортталатын Новороссийскідегі мұнай танкерлері.
Қазақстан мұнайы экспортталатын Новороссийскідегі мұнай танкерлері.

Батыс басылымдары бұл аптада АҚШ президенті Джо Байден мен Орталық Азия басшылары келесі аптада өтетін саммитте не талқыламақ деген сұраққа жауап іздеді. Сонымен қатар Украинаның Қара теңіздегі соғыс тактикасы Қазақстан мұнайының экспортына қауіп төндіретінін жазды. Бұдан бөлек Қазақстанда соғысты қолдайтын Ресей әртістеріне қарсылық күшейгенін, бірақ шенеуніктер мен саяси белсенді қоғамның Ресей жайлы ұстанымы үйлесе бермейтінін талдады.

АҚШ – ОРТАЛЫҚ АЗИЯ САММИТІНДЕ НЕ СӨЗ БОЛУЫ МҮМКІН?

Қауіпсіздік, сыртқы саясат пен адам құқықтары туралы жазатын Joint Security америкалық платформасы АҚШ президенті Джо Байден мен Орталық Азия басшыларының саммитінде не талқыланады деген мәселеге назар аударады. Келесі аптада Нью-Йоркте БҰҰ бас ассамблеясының отырысы аясында АҚШ президенті тұңғыш рет Орталық Азия басшыларымен бір залда бас қосып, саммит өткізбек.

«АҚШ саясаткерлерінің аймаққа назар аударуы астарында Қытай ықпалына қарсы тұру және Ресей Украинаға заңсыз басып кірген соң аймақ басшыларының көңілін аулау әрекеті жатса керек», − дейді мақала авторлары Saferworld халықаралық үкіметтік емес ұйымының аға кеңесшісі Джордан Стрит және осы ұйымның Орталық Азиядағы қауіпсіздік және аймақтағы конфликт жөніндегі кеңесшісі Илья Джонс.

АҚШ үкіметі аймақтың Қытаймен экономикалық келісімдеріне және Ресейдің Орталық Азия арқылы санкцияларды айналып өтіп жатқанына алаңдайды. Вашингтон Украина мәселесінде көбірек қолдауға ие болу үшін көптеген аймақпен дипломатиялық қарым-қатынасын күшейту керектігін түсінеді. Авторлардың жазуынша, бұл саммит кезінде маңызды мәселе бойынша бірден ілгері басу мүмкін болмаса да, бұл жиын АҚШ аймақты қолдайтынын көрсететін белгі.

Стрит пен Джонс АҚШ Орталық Азиямен қарым-қатынаста тек өз мүддесін ғана емес, аймақ мүддесін де есепке алуы керек деп есептейді. АҚШ саммит кезінде аумақ тұтастығы пен ынтымақтастық бойынша Орталық Азия мен Вашингтонның мүддесі, азаматтық қоғамды қудалаудан қорғау мен қауіпсіздік саласындағы тиімді ынтымақтастыққа мән беруі қажет.

Саммит кезінде АҚШ-тың аймақ қауіпсіздігіне қолдау көрсетуі талқылануы мүмкін, бірақ авторлардың ойынша, Вашингтонға қауіпсіздік саласындағы қолдауды күшейту мәселесінде сақ болған жөн, себебі бұл аймақта шиеленіс тудыруы мүмкін. АҚШ қауіпсіздік саласында аймақта Ресей және Қытаймен бәсекелесуден аулақ болғаны дұрыс, өйткені бұл ретте аймақта адам құқықтарын сақтау міндеттемесі жайына қалуы мүмкін, ал қауіпсіздік саласындағы ахуал нашарлай түсуі ықтимал.

Стрит пен Джонс Ресейдің риторикасы барған сайын қауіп төндіріп тұрған тұста Вашингтон өзін сенімді серіктес ретінде бекіте түсіп, аймақ ынтымақтастығына қолдау көрсеткен абзал дейді. Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтан бөлек климаттың өзгеруі, нарыққа қол жеткізу, сауданы әртараптандыру, трансмемлекеттік инфрақұрылым жобалары тәрізді салада ынтымақтастықты күшейткен жөн.

Қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа қолдау көрсету үшін АҚШ адам құқықтары мен бостандығы саласында аймақ елдерінен белгілі бір кепілдік алуға ұмтылуға тиіс. Вашингтон аймақтағы азаматтық қоғам ұйымдарына қолдауды күшейту арқылы ахуалды жақсарта алады. Авторлар АҚШ азаматтық қоғамды қолдауды күшейтіп, білім беру, экономикалық қолдау, гендер теңдігі, жастар қатысатын жобаға инвестицияны арттыруы керек дейді.

Авторлар Байден әкімшілігі бұл саммитті 2022 жылдың қазанында Ресей президенті Владимир Путиннің Орталық Азия басшыларымен өткізген саммитке немесе 2023 жылдың мамырында Қытай басшысы Си Цзиньпин өткізген саммитке қарсы тұру үшін өткізсе, онысы қателік болар еді дейді. Байден қауіпсіздік саласында Ресей немесе Қытайдан асып түсуді көздемей, Вашингтон мен аймақ мүддесі тоғысатын салалардағы ынтымақтықты күшейткені жөн.

"ҚАРА ТЕҢІЗДЕГІ ДРОНДАР ШАБУЫЛЫ ҚАЗАҚ МҰНАЙЫНЫҢ ЭКСПОРТЫНА ҚАУІР ТӨНДІРЕДІ"

Украинаның Қара теңіздегі соғыс тактикасы Қазақстан мұнайының экспортына қауіп төндіреді, дейді Еуразияның сыртқы істер және қауіпсіздік саясатын зерттеущі Джон Дейли АҚШ-тағы Jamestown қорының сайтында.

Тамыз айында Украина күштері Қырымдағы Севастополь базасында орналасқан Ресей Қара теңіз флотының 126-бригадасына дронмен соққы жасады. Дрон оқ-дәрі қоймасына түсіп, әскери техниканы бүлдірді. Украина соғыста Ресейдің әскери басымдығын әлсірету үшін инновациялық тактика қолданып жатыр. Киев теңіз дрондарымен тұрақты түрде шабуыл жасай бастады. 4 тамыз күні Украинаның әскери теңіз дрондары Қара теңіздегі Ресейдің Новороссийскідегі әскери теңіз базасына шабуыл жасады, бұл Қазақстанды алаңдатты. Қазақ мұнайын басым бөлігі Каспий құбыр консорциуымы арқылы Новороссийскідегі терминалға жеткізіледі.

Новороссийскідегі мұнай терминалдары.
Новороссийскідегі мұнай терминалдары.

Ресей қорғаныс министрлігі өзінің әскери теңіз флоты 4 тамыз күні шабуылға тойтарыс бергенін хабарлады. Қорғанысқа «Олегорский Горняк» әскери кемесі мен «Суворовец Грачонок» күзет катері қатысты. 5 тамыз түні дрон шабуылынан «Сиг» мұнай танкері бүлінді.

Дрондар шабуылынан соң энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев порт қауіпсіздігі мәселесін қазақ мұнайының шетелдегі импортерлері мен Новороссийск билігімен талқылайтынын мәлімдеді. Каспий құбыр консорциумы Теңіз және Каспийдегі Қашаған кен орындарынан қазақ мұнайының 80 пайызын Новороссийск-2 терминалына тасымалдайды.

Сәтқалиев Қазақстан порттың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бастамасын саяси деңгейде көтеретінін жеткізді. Автордың пайымдауынша, Қазақстанның соғысқа байланысты бейтарап ұстанымы Новороссийск қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қиындатады. Ресей Қара теңіз флоты соғыста өзіне жүктелген аймақта жүр, ал Қазақстанның әскери-теңіз күштері Каспийде орналасқан, сондықтан еш көмек көрсете алмайды.

Астананың Новороссийск қауіпсіздігіне байланысты алаңдаушылығы күшеюі мүмкін. Украина жақында су астымен жүретін «Маричка» дронын жасап шығарды. Украинада әлеуметтік желілерде тараған суреттерге қарағанда, су асты дронының ені 3,3 метр, ұзындығы 6 метр, аппарат 1000 шақырым қашықтыққа ұша алады.

Путиннің Украинаға басып кіргенін Беларусь қолдады, постсоветтік кеңістіктегі елдердің көпшілігі бейтарап қалды. Джон Дейли Қазақстанның көпвекторлы энергетикалық саясатын есепке алсақ, көмірсутегі экспортын конфликт аймағынан басқа жаққа бағыттауға әлеуеті бар дейді. Бірақ бұл уақытша немесе тұрақты дүниеге айнала ма, бұл жағы әзірге беймәлім.

"ШЕНЕУНІКТЕР МЕН САЯСИ БЕЛСЕНДІ ҚОҒАМНЫҢ РЕСЕЙ ЖАЙЛЫ ҰСТАНЫМЫ ӘРТҮРЛІ"

Eurasianet басылымы ресейлік «Камызяки» әзілкештер командасының Қазақстанда жоспарланған концерті наразылық тудырғанын жазды.

14 қыркүйек күні концерт ұйымдастырушылары «Камызякидің» Ресейдің Украинаға басып кіруін қолдайтыны жайлы шағымдардан соң концерт өтпейтінін хабарлады.

Ұйымдастырушылардың бірі Ольга Ли Instagram әлеуметтік желісіндегі мәлімдемеде әртістердің жария әрекеті қоғамда теріс реакция тудырған соң, «Камызяки» Алматы мен Астанадағы концертін өткізбейтінін мәлімдеді.

«Камызяки» Ресейде әртүрлі командалар жарысатын «Көңілді тапқырлар клубына» (КВН) қатысып танылған. Әзіл таластырып жарысатын бұл формат Ресей мен көптеген көрші елдерде танымал, мақала авторы Алмаз Куменов америкалық стильдегі стенд-ап комедияға еті үйренген жастар КВН-ды жақтырмайды дейді.

КВН әртістері саяси тәртіп пен билікті сирек әжуа етеді. Сондықтан, автордың ойынша, «Камызякидің» Украинаға басып кіруге қарсы шықпағаны, Ресей басып алған аймаққа барып өнер көрсеткені заңды.

«Камызяки» әртістері Азамат Мұсағалиев пен Денис Дорохов Украинаның оккупацияланған Донбасс аймағында өнер көрсеткен соң, қазақстандықтар әлеуметтік желіде олардың елде концерт қоюына қарсы болып, онлайн петицияға қол қоя бастады. 14 қыркүйек күні петицияға 14 мың адам қол қойып үлгерді.

Ал Украинадағы соғысқа ашық қарсылық білдірген Ресейдің басқа әртісі – Максим Галкин тамыз аяғында Қазақстанда концерт өткізуге «мемлекеттік деңгейде кедергі келтіріп жатқанын» айтқан еді. Галкин өткен аптада қазан айында Алматы мен Астанада концерті өтетінін хабарлады.

Галкин мен «Камызякидің» басындағы екі түрлі жағдай Ресей мен Украинадағы соғыс жайлы шенеуніктер мен саяси белсенді қоғамның ұстанымы бір-біріне қайшы екенін көрсетеді.

Видео: Галкиннің Қазақстанда жоспарлаған концертіне "кедергі келтіріп отырған" кім? (31 тамыз 2023 жыл).

Галкиннің Қазақстанда жоспарлаған концертіне "кедергі келтіріп отырған" кім?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:05 0:00

Галкиннің Қазақстанда концерт өткізуге «мемлекеттік деңгейде кедергі келтіріп жатыр» деген сөзі түпкілікті расталмаса да, Eurasianet Қазақстан үкіметі Ресейді сынаған әртіске рұқсат берсек оны Мәскеу қалай қабылдайды деп алаңдаған болуы мүмкін екенін жазды.

Алмаз Куменов Қазақстанда Ресей әрекетін қолдайтын және қолдамайтын халық саны қанша екені белгісіз, дегенмен елдің солтүстігінде Кремль пропагандасын тарататын телеарналарға сенетін этникалық орыстардың арасында қолдайтындар көп болуы мүмкін деп топшылайды. «Бірақ ресейшіл көзқарастағы адамдар ұстараның жүзімен жүр». Автордың жазуынша, оларға қарсылар Ресейді жақтайтындар күндердің күнінде этникалық орыстар көп қоныстанған аймақ бөлініп, Мәскеуден көмек сұрайды деген идеяны қолдайды деп есептейді. Ал бұлай емеурін танытудың өзі түрмеге қамалу үшін жеткілікті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG