Accessibility links

"Путин агрессиясына кез келген ел тап болуы мүмкін". АҚШ мемлекеттік хатшысы Қазақстанға қандай мақсатпен келді?


АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қазақстанға ресми сапармен келді. Ол Астанада президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеседі. Одан бөлек, АҚШ пен Орталық Азия елдері сыртқы саясат ведомстволары басшыларының С5+1 форматындағы кездесуі жоспарланған. Блинкен Астанадан кейін Өзбекстанға барады.

Халықаралық бейбітшілікті қолдайтын Карнеги қорының аға ғылыми қызметкері Темур Умаровтың пікірінше, Блинкен бұл сапарында Орталық Азия елдеріне ықпал етіп, Украинадағы соғысқа қатысты позициясын нақтылауға көндіруге тырысады. Сарапшы "Өңір мемлекеттерінен қандай реакция күтуге болады", "Украина мәселесіне қатысты Орталық Азия елдеріне қысым күшейіп жатыр ма", "Қазақстан әлі қанша уақыт таразы басын тең ұстауға тырысады?" деген сұрақтарға жауап берді.

"ҚҰРЫЛЫМДЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР БОЛМАЙДЫ"

Азаттық: Энтони Блинкен АҚШ мемлекеттік хатшысы ретінде Қазақстан мен Өзбекстанға алғаш рет барады. Батыс басылымдары "Блинкен Мәскеудің дәстүрлі серіктестерін Украинадағы соғысқа қатысты АҚШ позициясына жақындатуға тырысады" деп жазды. АҚШ өңірдегі қос ірі мемлекетке ықпал етуге тырыса ма?

Саяси сарапшы Темур Умаров.
Саяси сарапшы Темур Умаров.

Темур Умаров: АҚШ мемлекеттік хатшылары қызмет мерзімі аяқталғанша бір рет болсын Орталық Азияға, әсіресе, Қазақстан мен Өзбекстанға келіп кетеді. Бұл әлдеқашан дипломатиялық дәстүрге айналған. Трамп президент болған тұста Майк Помпео келген еді. Бірақ қазіргі жағдайға байланысты Батыс пен басқа да мемлекеттердің Орталық Азиядағы кез келген әрекеті өңір елдерінің Украинадағы соғысқа қатысты позициясын өзгерту, Ресейге қарсы тұру амалы деп қарастырылуы мүмкін.

Бірақ АҚШ-тың аймақ елдеріне ықпал ету мүмкіндігі шектеулі екенін ұмытпау керек. Кейінгі 10 жылда Вашингтонның өңірге қызығушылығы бәкеңдей бастады. АҚШ Ауғанстаннан әскерін әкеткеннен кейін Орталық Азиядан мүлде алыстады. Дәл қазір АҚШ-тың Орталық Азияда үлкен стратегиялық мүддесі не аймақ елдерінің позициясына әсер ететін құралдары жоқ. Сондықтан АҚШ мемлекеттік департаменті басшысының Орталық Азияға сапарын әріптестік мәселесі талқыланатын әдеттегі кездесу деп қабылдаған жөн. АҚШ пен Орталық Азия сыртқы саясат ведомстволары басшыларының кездесуі өтеді. Америка міндетті түрде аймақ елдерінің аумақ тұтастығы мен тәуелсіздігін қолдайтынын айтады. Орталық Азия елдері АҚШ-пен қарым-қатынасты нығайту маңызды екенін қайталайды. Яғни бұл сапардан жаңа ешнәрсе күтпеймін.

Азаттық: "АҚШ Ауғанстаннан кеткелі Вашингтон өңірден алыстады" дедіңіз. Америка Орталық Азия әлі де маңызды екенін, әсіресе, Украинадағы соғыс жағдайында аймаққа ерекше көңіл бөліп отырғанын көрсеткісі келген шығар?

Темур Умаров: АҚШ мұны әртүрлі әдіспен көрсетуге тырысады. Америка өзін әлемдегі ең маңызды әрі қуатты держава санайды. Сондықтан мемлекеттік хатшы Блинкен мен АҚШ өкілдері Орталық Азияға ғана емес, өзінен алыс орналасқан, бірақ Вашингтонның ұлттық мүддесіне кіретін басқа да мемлекеттерге барып тұрады.

Украинадағы соғыс, шынымен, Орталық Азия елдерінің өз жағдайы туралы түсінігін өзгертіп, АҚШ үшін аймақтың маңызын арттырды. Бірақ Америка өңірге оралатындай маңызды емес. Соғыс жүріп жатыр екен деп, Орталық Азия елдері мен АҚШ арасында ешқандай құрылымдық өзгерістер болмайды. Әріптестіктің жаңа форматы, экономикалық өрлеу, әскери серіктестіктің нығаюы сияқты елеулі өзгерістердің иісі де жоқ. Қазір АҚШ бар күшін Украинаға салып жатқандықтан, Орталық Азия елдеріне ұсынатын ресурстары шектеулі. АҚШ гуманитарлық көмек, ауылдық өңірлерді дамыту, аз қамтылған отбасыларға білім беру немесе миллион доллардан аспайтын мөлшерде қайтарымсыз көмек бөлу сияқты ұсыныстар айтса, таңғалмаймын. Америка маңызды әрі елең еткізетін дүниелер ұсынады дегенге күмәнім бар.

Қазір АҚШ-ты Ресей мен Украина текетіресін басты назарға алуы ғана шектеп отыр. Сондықтан олар Орталық Азия елдеріне қысым жасап, оларды соғысқа қатысты позициясын нақтылауға тырысады. Яғни Орталық Азия елдерін Ресейге қарсы тұруға үгіттеп көреді.

Бұл – Орталық Азия елдері үшін күрделі стратегиялық мәселе. Өңір мемлекеттері Ресейге тәуелді болғандықтан, АҚШ сұрады екен деп Ресейге қарсы шыға алмайды. Олар Ресейдің аймақта әлі ұзақ болатынын түсінеді. Ортақ шекарасы болғандықтан, Қытайдан да жақын арада іргесін аулақ сала алмайтынын біледі. АҚШ – қысқамерзімді жоба, Вашингтон дегеніне жеткен күні Орталық Азияға қызығушылығы басылады. Яғни Ресейге қарсы шықса, АҚШ аймақ елдерінің қауіпсіздігіне кепілдік бермейді. Сондықтан бұл мәселе Блинкенді тығырыққа тірейді. АҚШ әкімшілігі осыны біліп, Орталық Азия елдерін Ресейге қарсы позицияда болуға көндіруден ештеңе шықпайтынын түсінсе, бұл тақырыпта мәлімдеме жасамайды. Сырт көзден тыс жерде бейресми талқылауы мүмкін. Ал қоғам алдында АҚШ пен Орталық Азия елдерінің әріптестігі жалғасады деумен шектеледі.

ҚАЗАҚСТАН ӘЛІ ҚАНША УАҚЫТ ТАРАЗЫ БАСЫН ТЕҢ ҰСТАЙ АЛАДЫ?

Азаттық: Орталық Азия елдері мейлінше бейтарап болуға тырысып келеді. Жақында Беларусь президенті Александр Лукашенко Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйымның бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовпен кездесуде Орталық Азия елдері "үндемей құтылып кете алмайтынын" ескертіп, одақ мүшелерін күш біріктіруге шақырды. Бір жағынан, дәстүрлі ойыншы – Ресей Лукашенко арқылы "қай тарапты қолдайтыныңды таңда" деп отыр, екінші жағынан, Батыс та позициясын нақтылауға шақырды. Аймақ елдеріне қысым күшейді ме?

Темур Умаров: Қысым күшейеді, өйткені аймақ елдері екі оттың ортасында қалды. Орталық Азия елдері барлық тараппен жақсы араласады. Көпвекторлы саясаттың кері салдары – осы. Бәрімен дос болған соң, әр тарап келіп, өз қалауын айтады, қолдау күтеді. Бір мемлекеттер сыпайы, дипломатиялық жолмен сұрайды, Лукашенко сияқтылар қоқан-лоқы көрсеткенді ұнатады.

Лукашенко мұны бірінші рет жасап отырған жоқ. Ол "Өзбекстан ел ішінде қауіп төнгенін қаламаса, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мойын бұрғаны жөн" деген еді. Лукашенко бұл жерде мәселеге өз көзқарасы тұрғысынан қарап отыр. Беларусь Ресейге толықтай тәуелді болып қалды. 2020 жылғы тамызда жаппай наразылық салдарынан Лукашенконың режимі құлауға шақ қалды. Кейін соғыс басталды. Лукашенко лезде агрессор мемлекетке қосылып кетті. Ол өзін жайсыз сезініп отыр, өйткені бұрынғыдай Мәскеуге қарсы аргументі жоқ.

Наразылыққа дейін Лукашенко "Мәскеу шартымызды орындамаса, Еуропа қуана-қуана әріптес болады" дейтін. Бірақ Лукашенко Ресейдің қолдауының арқасында билігін сақтап қалғандықтан, қазір оның басқа амалы жоқ. Ендігі жалғыз амалы − қатарына мейлінше көп мемлекетті қосып алып, тәуелді елдер санын көбейту. Сонда Беларусь өзін сыртқы саясатын анықтай алмайтын, Ресейге тәуелді мемлекет емес, үлкен бір ұжымның бөлшегі сезінер еді. Лукашенконың пікірін осылай түсіндіруге болады. Бұл міндетті түрде Кремль Лукашенко арқылы Орталық Азия елдеріне месседж жіберіп отыр дегенді білдірмейді. Бұл Лукашенконың өз позициясы болуы да мүмкін.

Азаттық: Әртүрлі ойыншылардың қысымы артса, Қазақстан Украина мәселесінде әлі қанша уақыт тепе-теңдік сақтап, бейтарап қала алады?

Темур Умаров: Әлі ұзақ осылай жүруге болады деп ойлаймын. Бұл Тоқаевқа әуелі Байден, кейін Путин хабарласып, әр тарап Қазақстанды өз жағына тартуға тырысатындай қысым емес. Бәрі мемлекетаралық қарым-қатынас деңгейінде жүреді. Түпкілікті шешімді Қазақстанның өзі қабылдайды. Шешім шығарарда қысымға емес, өзіне, сыртқы саясатқа тиімділігіне назар аударады.

Сыртқы саясатқа келгенде бірде-бір мемлекет эмоцияға сүйенбейді. Бәрі өз қоғамы мен саяси режиміне тиімдісін таңдайды. Сондықтан Қазақстан әр жаңалық, оқиға болған сайын, әлемдегі жағдай қалай өзгеріп жатқанына қарап, қанша қажет болса, сонша уақыт тепе-теңдік сақтауға тырысады.

Азаттық: Мемлекеттік хатшының Орталық және Оңтүстік Азия істері бойынша көмекшісі Дональд Лу аймақ елдерінің Ресеймен қарым-қатынасы терең екенін, бұл байланыстар жақын арада үзіледі деп күтпейтінін айтты. Бірақ "Оларға ойнай алатын рөл ұсынып отырмыз" деді. Лу қандай рөлді меңзеп отыр?

Темур Умаров: Орталық Азия елдері бұл кикілжіңге ықпал етіп, яғни аймақ елдері Путинді немесе Зеленскийді пікірі мен әрекетін өзгертуге мәжбүрлей алмайды. Олардың мүмкіндігі шектеулі. Жағдайға қарай бейімделуден басқа амалы жоқ. Бірақ бейімделудің өзін әртүрлі жүзеге асыруға болады. [Тәжікстан президенті Эмомали] Рахмон сияқты Ресейден өзіңізге көбірек назар аударуды сұрап, өз пайдаңызды ойлап, кикілжің туралы ештеңе айтпауға болады.

Қазақстан сияқты жұрттың алдында әскери қимылдарды қолдамай, бейбітшілік пен халықаралық заңдарды бұзбауға үндеп, іс жүзінде Ресейдің қазіргі жағдайынан пайда көруге тырысып, сауда айналымын арттырып, көршісінің импорт тауарларға сұранысын қанағаттандырып отыру деген нұсқа да бар.

Лу аймақтағы жағдайды объектив талдап отырған жоқ. Оның сөзі саяси мәлімдемеге көбірек ұқсайды.

"ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА РЕСЕЙ АГРЕССИЯСЫНАН ҚОРҒАЙТЫН ЖАҚТАСТАРЫ БАРЫН БІЛГЕН ӨТЕ МАҢЫЗДЫ"

Азаттық: Блинкен Вашингтон аймақ елдерінің аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін қолдайтынын айту үшін АҚШ пен Орталық Азия елдері сыртқы саясат ведомствосы басшыларының С5+1 форматындағы кездесуіне қатысады. Бұл нені білдіреді? Ресейге бағытталған месседж бе?

Темур Умаров: Ресей соғыс бастауға "Украина – большевиктер мен Ленин құрған, дербес мемлекет болуға құқығы жоқ жасанды ел" дегенді сылтауратты. Бұл Орталық Азия елдері үшін қауіпті. Өйткені бұрын Совет Одағының құрамында болған кез келген мемлекет туралы осылай айтуға, соны сылтауратып, әскери не басқа форматтағы кикілжің бастауға болады. Сондықтан Орталық Азия елдері үшін Ресей агрессия көрсеткен жағдайда жақтастары барын білген өте маңызды.

Си Цзиньпин де Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті алдында Қазақстанға келгенде осылай деп еді, Еуропа одағы да солай дейді. Украинада соғыс басталғалы бұл дипломатиялық кездесулердің бәрінде талқыланатын міндетті тақырыпқа айналды.

Азаттық: АҚШ пен Қытайдың Орталық Азияға қатысты мүддесі мен мәлімдемелерінде айырмашылық бар ма?

Темур Умаров: АҚШ пен Қытай мәлімдемелерінің арасындағы айырмашылық олардың Ресеймен қарым-қатынасына байланысты. АҚШ-тың әр сөзі Ресейге қауіп болып естіледі. Өйткені Ресей қазір Украинаға қарсы емес, НАТО-ға қарсы соғысып жатырмын деп ойлайды.

Қытайдың мәлімдемесі – жай ғана фактімен сөйлеу. Өйткені БҰҰ-ға кірген мемлекеттер осы принципті ұстануы керек. Бұл аспан көк, шөп жасыл дегенмен бірдей. Яғни көзге анық көрініп тұрған нәрсені қайталау.

Соғысқа келгенде бір тарап осындай принциптерге күмәнданып қараса, бұл Ресейге қолдау немесе қоқан-лоқы көрсету сияқты қабылданады. АҚШ туралы айтсақ, бұл – қауіп. Ал Қытайдікі қолдауға көбірек ұқсайды.

Азаттық: Қазақстан билігімен кездесуде адам құқықтары мәселесі көтеріле ме? Онда не туралы айтылуы мүмкін?

Темур Умаров: АҚШ-тың әлемдегі кез келген елмен қарым-қатынасында адам құқықтары қашанда маңызды тақырып болып қала береді. Бұл – жаңалық емес. Кейінгі кездері Америка адам құқықтары туралы көп айтпайтын болды. Бұрын дамушы демократияларға тапсырма беріп, мына мәселе бойынша жұмыс істеңіздер деп айтып кететін. Мысалы, сізге коммерциялық емес ұйымдар тыныштық бермей, журналистерге шабуыл жасалса, бұл мәселе екінші планға ығысады. Өйткені қазір АҚШ-тың Ресеймен текетіресі және Американың Қытаймен әрі қарайғы конфронтациясы сияқты маңызды дүниелер бар.

Олар "Қандай мәселе барын жақсы білеміз, оларды ұмытқан жоқпыз. Бірақ қазір талқылауды қажет ететін басқа тақырыптар бар. Сондықтан әзірге адам құқықтарына көз жұма тұрамыз" дегендей болады. Қазір АҚШ мәселеге прагматикалық тұрғыдан қарауға тырысып жатыр. Өйткені Орталық Азияның авторитар мемлекеттері идеалистік принциптерден қорқады. Аймақ елдерінің саяси жүйесі журналистерді қорқыту мен ақпараттық автократияға негізделген. Мұны өзгерту мүмкін емес, режимнің өзі өзгерістерге қадам жасамайды. Демократизацияға ондаған жыл уақыт кетуі мүмкін.

"ПУТИН БІР КҮНІ ОЯНЫП, ҚАЗАҚСТАН ЖАУ МЕМЛЕКЕТ ДЕГЕН ОЙҒА КЕЛУІ МҮМКІН"

Азаттық: Жақында коммуникацияны дамыту ұлттық зерттеу институты 14 мемлекеттің Ресейге қаншалық дос екенін көрсететін рейтинг жариялады. Былтыр аталған рейтингіде көш бастаған Қазақстан неге биыл әлі дос елдер тізімінде болғанымен, "құбылмалы" топқа жатқызылған?

Темур Умаров: Бұл – біртүрлі индекс. Олардың Орталық Азия Ресейге қаншалық дос екенін анықтайтын әдістемесін оқыдым. Мұның шындыққа еш қатысы жоқ. Бірақ бір мемлекет басшысы басқа елдерді дос немесе жау деп бөлсе, осылай болады. Ресей серіктестерді қаншалық дос екеніне қарап бөлуді ұсынып, пікір білдіргендердің бәрін қолдап отыр.

Бұл Ресейдің сыртқы істер министрлігі дайындайтын тізім деңгейінде ғана емес, қоғам деңгейінде де одан әрі оқшаулануына жол ашады. Енді қоғам да бізге дос, қас мемлекеттер бар екен деп ойлайды. Ең сорақысы, сарапшылардың өзі солай жазып жүр. Сіз айтқан институт сарапшылар ұйымы деп есептеледі, олар объектив ақпарат беруге тиіс. Бірақ олар есептеп, тексеруге болмайтын, объектив емес ақпарат ұсынып отыр.

Азаттық: ТАСС агенттігіне сұхбатында Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Галузин "АҚШ пен Еуроодақ Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасын жандандырып, Украинадағы арнаулы операцияны сынауды талап етіп отыр" деді. Мәскеу өңір мемлекеттерін АҚШ-пен жақындаспауға шақырды. Хатшының сапарына қандай реакция болуы мүмкін?

Темур Умаров: Бұл үшін жаза болады деп ойламаймын. Владимир Путин мен Ресей қауіпсіздік қызметі өзін бейрационал ұстап отыр. Енді адамдар өз басшысының әрекетін болжап, келесі қадамын табуға тырысып жатыр, яғни сыртқы саясат туралы шешімдер Ресей сыртқы істер министрлігінде қабылданбайтынын білеміз. Шешімнің бәрін Кремль, президенттің өзі қабылдайды. Сыртқы істер министрлігі осы шешімдерді рәсімдеп, халықаралық заңның бір әрпімен болса да түсіндіруге келетін себеп іздейді.

Сондықтан мемлекеттер, әртүрлі министрліктер мен каналдар, сарапшылар Владимир Путиннің түсінігінде институционал сыртқы саясат деген не екенін жорамалдап отыр. Сондықтан Орталық Азия елдеріне "Батыспен араласуға, ешқандай мемлекетке Украинаны қолдауға болмайды" деген мәлімдемелер жасалып жатыр. Бәрі соғысты "арнаулы әскери операция" деп атауы керек. "Роскомнадзор" Ресей Федерациясының аумағынан тыс жерде жұмыс істейтін шетелдік ақпарат құралдарына "арнаулы әскери операция туралы жалған ақпарат таратып отырсыз" деген мазмұнда хат жолдайды.

Осы себептен Ресей сыртқы істер министрлігі Орталық Азия елдеріне кіммен араласуға болатынын айтып, үстемдік жүргізгісі келеді. Сарапшылар ұйымы қандай елдер дос, қандай мемлекеттер қас екенін айтып, ажыратуға құқығымыз бар деп ойлайды. Бірақ барлық шешім басқа жерде қабылданатындықтан, ешқандай салдары болмайды. Владимир Путин мен Кремль ойына келгенін істейді.

Владимир Путин Қазақстан бізге жау немесе Ресейге қарсы деген оймен оянып, былтыр 24 ақпанда берген бұйрығын қайталауы мүмкін. Бұдан ешкім қорғалмаған. Ықтимал сценарий осы деп отырған жоқпын, не күтерімізді білмей қалдық. Бірақ сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесі ештеңені өзгертпейтінін түсіну керек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG