Батыс басылымдары бұл аптада "Мәскеу Батыс Қазақстандағы ахуалды тұрақсыздандырып жатқанын" жазып, Қазақстан мен осы аймақтағы мұнай саласына инвестиция салған Батыс елдері үшін мұның салдары қандай болуы мүмкін екенін талдады. Сонымен қатар Украинадағы соғыстан кейін Қазақстан әскері мен қарулы күштерінің дайындығы қалай өзгергеніне тоқталды. Бұдан бөлек, Еуроодақ Ресеймен көршілес елдерге экспорт неліктен күрт артқанын тексеріп жатқанын жазды.
БАТЫС ЕЛДЕРІ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МҰНАЙ ИНВЕСТИЦИЯЛАРЫН РЕСЕЙДЕН ҚАЛАЙ ҚОРҒАМАҚ?
Батыс елдері Қазақстанның батысындағы орасан мұнай инвестицияларын Ресейден қалай қорғамақ? Саяси сарапшы Ақас Тәжуітов Eurasia review басылымындағы мақалада осы сұраққа жауап іздейді.
Ресейдің Украинадағы соғысы тығырыққа тірелді. 2024 жылы Ресейде өтетін президент сайлауына дейін бір жыл ғана қалды, сондықтан Мәскеу өзін бұл тығырықтан шығаратын жаңа шешім қабылдауы керек. Автордың пайымдауынша, Ресейдің ядролық қару қолданамыз деп Батысқа сес көрсетуін есепке алмасақ, Ресейдің "ұжымдық Батысқа" соққы жасау мүмкіндігі өте шектеулі.
"Бұл ретте Мәскеу қолдана алатын жалғыз амал − АҚШ пен оның Еуропадағы серіктестеріне олар тікелей бақыламайтын, бірақ Ресейдің қолы жететін ең осал жерінен соққы жасау. Бұл жерде АҚШ пен Еуропа компанияларының Батыс Қазақстандағы мұнай-газ саласындағы инвестиция жобалары туралы сөз болып отыр" дейді Тәжуітов.
Былтыр наурызда Қазақстан тәулігіне 1,7 миллиард баррель мұнай өндірді. Қазақстандағы мұнайдың 80 пайызын, негізінен, АҚШ пен Еуропаның мұнай алпауыттары барлайтын Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз кен орындары өндіреді. Қазақстан мұнайының 70 пайызы Еуроодаққа экспортталады. Сондықтан Батыстың ұзақмерзімді мүддесі үшін Батыс Қазақстан − посткеңестік кеңістіктегі ең маңызды аймақтардың бірі.
Тәжуітовтің жазуынша, "Ресей 2022 жылы-ақ осы аймақтағы ахуалды тұрақсыздандыра бастады, ол әрекетті әлі де жалғастырып жатыр". Қазақстан ақпарат кеңістігінде Ресей ақпарат құралдары үстем екенін ескерсек, мұның салдары ауыр болуы мүмкін.
"Ресей саясаткерлері мен ақпарат агенттіктері Қазақстанда, мысалы, Орал қаласында тұратын этносы орыс азаматтарды елдің аумақтық тұтастығы мен қазақ азаматтарына қарсы мәлімдемелер жасауға арандатып жатыр. Олар қажет нәтижеге қол жеткізіп те жатыр" дейді автор.
Саяси сарапшы Ресей ақпарат құралдары "Ресей көрші Орталық Азия еліне басып кіру үшін арнайы операция жүргізеді" дегенді Қазақстандағы орыстардың санасына сіңіре бастады деп есептейді. Ол бұған мысал ретінде Путин федерация жиналысында жасаған үндеуден кейін Ресей сайттарының бірінде "Арнайы операция болса, қазақтарды қолдайсыз ба, Ресейді қолдайсыз ба?" атты тақырыппен видео жарияланғанын келтіреді. Видео сипаттамасында бұған дейін "арнайы операция болса, ресейліктерді қолдайтынын" айтқан тұрғынды "қазақтар тауып алып, кешірім сұрауға мәжбүр еткені" жазылған.
Бұдан бөлек, автордың талдауынша, Ресей ақпарат құралдарында Қазақстан билігі мен Батыс Қазақстандағы Батыс мұнай компанияларын қаралау науқаны жүріп жатыр.
"Батыс Қазақстанда қандай да бір проблема туса, АҚШ пен оның одақтастары осы аймақта жұмыс істейтін компанияларын қорғай алуы екіталай. Батыс үшін Орталық Азия мен Қазақстанға жол тек Әзірбайжан мен Каспий теңізі арқылы ашық. Төңіректегі басқа елдер – Ресей, Қытай, Ауғанстан мен Иранды Батысқа доспейіл деуге болмайды".
Батыс Қазақстандағы шетелдік компаниялардың қауіпсіздігін Қазақстан режимі қамтамасыз етуі керек. Бірақ Қазақстан жетекшілігінің өзі былтыр Мәскеу бастаған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымынан көмек сұраған. Тәжуітов Мәскеу Тоқаевқа билігін сақтап қалып, оны күшейтуге көмектесіп қана қоймай, өзінің үстемдігін нығайтты, сондықтан "Қазақстан режимі Кремльге сүйенеді" деген әңгіме желдей есіп тұр дейді. Автордың ойынша, осы себепті Батыс Қазақстанда әлдеқандай жағдай туа қалса, Батыс мұнай-газ саласындағы жобалары үшін Мәскеуден көмек сұрауға мәжбүр болады.
ЕУРООДАҚ РЕСЕЙМЕН КӨРШІ ЕЛДЕРГЕ ЭКСПОРТ НЕГЕ КҮРТ АРТҚАНЫН ТЕКСЕРМЕК
Еуроодақ Ресеймен көршілес елдерге экспорттың күрт артуын тексеріп жатыр деп жазады Ұлыбританияда шығатын Financial Times басылымы.
Еуроодақтың санкциялар жөніндегі өкілі Дэвид О'Салливан Financial Times-қа берген сұхбатында Еуроодақ және Ресеймен көрші елдердің арасындағы сауда-саттықтың айтарлықтай артуы санкция салынған тауарлар сол елдер арқылы Ресейге жеткізіле ме деген сұрақ тудыратынын жеткізген.
"Еуроодақтың Ресеймен сауда-саттық көлемі күрт қысқарып, үшінші елдермен, әсіресе, Ресейге жақын мемлекеттермен сауда күрт артқанын байқадық. Бұл елдердің сол тауарларға сұранысы кенеттен артты ма, бұл тауар сол елдерде қала ма, әлде мұның бір бөлігі қандай да бір жолмен Ресейге жеткізіле ме?" дейді Дэвид О'Салливан.
О’Салливан "кінәсіздік презумциясына" сілтеп, бұл елдердің атын атап, түсін түстемеді. Алайда FT Еуропа қайта құру және даму банкінің мәліметіне сүйеніп, Еуроодақтан қандай елдерге тауар тасымалдау күрт артқанын тізіп шықты.
Басылымның жазуынша, Еуроодақтан автомобиль, электроника, ауыл шаруашылығы техникасы экспорты Орталық Азияға, негізінен, Қазақстанға артқан.
Импортталған кейбір тауарлар басқа мақсатқа қолданылған болуы мүмкін. Соғыс басталғаннан кейін бірнеше ай өткенде, Украина әскері өздері қолға түсірген Ресейдің әскери техникасында тұрмыстық техника микросхемалары қолданылғанын айтқан. Соғыс басталғалы Еуроодақтан Ресейге жақын мемлекеттерге тұрмыстық техника экспорты артты.
Еуростат дерегіне қарағанда, 2022 жылғы желтоқсанында Қазақстан Еуроодақтан 1 миллион еуроға жетеқабыл сомаға кір жуатын машина импорттаған, бұл алдыңғы жылғы желтоқсанмен салыстырғанда төрт есе көп. Басылым Қазақстан өкілінің "Елдегі компаниялар Батыс санкцияларын айналып өтуге көмектеседі дегенді көрсететін ешқандай дәлел байқамадық, егер қандай да бір заңбұзушылықты анықтасақ, жедел әрекет етеміз" деген сөздерін келтіреді.
Еуроодақ пен АҚШ-тың Армения және Қырғызстанмен жасайтын саудасы 80 пайыз артты. Армения мен Қырғызстан болса Ресейге экспортын екі есе арттырды.
Еуроодақ елшілері осы аптада Ресейге қарсы оныншы санкциялар пакетіне қол қоймақ, бұл құжат әскери мақсатқа қолданылуы мүмкін тауарды Ресейге басқа елдер арқылы жеткізетін тәсілдерге тыйым салады.
АҚШ-тың Еуроодақтағы елшісі Марк Гитенштейн санкцияларды айналып өтуге мүмкіндік беретін аймақтар барын айтты, бірақ бұл қандай елдер екенін айтпады.
УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС: ҚАЗАҚСТАН ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІНІҢ ДАЙЫНДЫҒЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?
Eurasianet басылымы Украинада соғыс жүріп жатқанда, Қазақстан ұшқышсыз ұшатын аппараттар операторлары мен артиллериялық бөлімшелердің дайындығын күшейтіп жатқанын жазды.
Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов 23 ақпан күні журналистерге Украинадағы соғыстан кейін Қазақстан қарулы күштерінде қандай өзгеріс болғанын баяндап берді. Оның айтуынша, барлау мақсатында дрондарды қалай қолдану және артиллерия шабуылдарының дәлдігін қалай арттыру керектігі туралы тиісті қорытынды жасалған.
Украинадағы соғыс Қазақстан қорғанысын қалай өзгерткеніне тоқталған Қамалетдинов артиллерия күштерін оңтайландыруға көп көңіл бөлініп жатқанын жеткізді. "Әскери дайындықтың ең негізгі және маңызды сипаты – артиллерияның зымыран күштерін қолдану" деді ол.
Eurasianet Украинадағы соғыстан кейін Қазақстан әскери доктринаны жаңартқанын еске салды. Доктринада шекарадағы әскер мен әуе күштерін "заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен қамту", мемлекеттік шекара қорғанысын күшейту туралы жазылған.
Басылымның жазуынша, әскери доктринада Мәскеу Қазақстанға басқыншылық жасауы мүмкін деген емеурін мүлде жоқ, бірақ сарапшылар доктринаны жаңартушылар мұндай дүние ықтимал екенін бәрібір есепке алды деп болжайды.
Былтыр сәуірде Қазақстан қорғаныс бюджетін 441 миллиард теңгеге арттырған. Ал желтоқсанда үкімет әскер, полиция мен құтқару қызметіне 859 миллиард теңге бөлетінін мәлімдеді.
Былтыр мамырда Қазақстан Түркияның TUSAŞ компаниясымен елде ANKA дрондарын шығару туралы келісім жасасқан. Оған дейін ел Қытай шығаратын Wing Loong және Израиль шығаратын Skylark дрондарына инвестиция салған.
ПІКІРЛЕР