Accessibility links

Маңғыстауда West Oil Software компаниясының жұмысшылары ереуілге шықты


Ереуілге шыққан жұмысшылар (скриншот). Маңғыстау облысы, 11 желтоқсан 2023 жыл
Ереуілге шыққан жұмысшылар (скриншот). Маңғыстау облысы, 11 желтоқсан 2023 жыл

Желтоқсанның 11-іне Маңғыстау облысы Жетібай кенішінде "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясына транспорт қызметін көрсететін West Oil Software компаниясының жүздеген жұмысшысы ереуілге шықты. Жұмыстарын толық тоқтатқанын хабарлаған олар өздерін "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы мен бірыңғай еңбекақы төлеміне қосуды талап етеді.

Олар кешке де тарамайтынын, аязға қарамастан көшеде тұратынын хабарлады. Жұмысшылар жиналған жерге полиция келіп, палатка құруға тыйым салған.

Аты-жөнін атамауды өтінген жұмысшылардың бірі: -Бүгін жұмысты тоқтаттық. Жігіттердің барлығы қалжырады. Біздің дауысымызды Қасым-Жомарт Тоқаев еститін шығар. Бұған дейін де әлденеше рет үндеу жасағанбыз, - деді Азаттыққа.

- Компаниямызды (Жетібай технологиялық транспорт басқармасы) West Oil Software компаниясына сенімді басқаруға бергеніне бес жыл болды. Содан бері ештеңе өзгермеді. 2021 жылы ереуілге шығып, жалақымызды аздап көтерттік. Одан бері екі жыл өтті. Жаңа техника да, ешбір өзгеріс те жоқ, сол баяғы ескі гараждар. Талабымыз бұрынғыша - бізді "ҚазМұнайГазға" қосып, материалдық-техникалық базамызды жаңартсын", - деді ол.

Жұмысшылардың сөзінше, 27 адамды сотқа шақырған.

- Қарақия ауданы әкімінің орынбасары келіп, сотқа он адамнан шақырылатынын айтты. "Шақырсаң 500 адамды түгел шақыр" дедік,- дейді жұмысшылардың бірі.

Қарақия аудандық сотының сайтында ереуілді заңсыз деп тану туралы жұмыс берушілердің талап арызы қабылданғаны жазылған. Жауапкер ретінде 37 адам (аты-жөні жазылған) және тізім бойынша 475 қызметкер көрсетілген. Істі судья Мәншүк Жұмаева қарайды.

Дүйсенбідегі үндеуінде жұмысшылар "бұған дейін заң бойынша талап қойғанын, бірақ жұмыс беруші оған құлақ аспағанын, сондықтан конституциялық құқықтарын пайдаланып, 11 желтоқсанда ереуілге шыққанын" айтқан.

Маңғыстау облысының еңбек инспекциясы West Oil Software жұмысшылары қойған үш талаптың екеуі - еңбек дауы емес деп мәлімдеп, ол жөнінде ескертілгенін айтқан. Мұны ҚазТАГ жазды. Бұл ақпаратқа қарағанда, жұмысшылардың бір талабы орындалған, сондықтан ереуілге шығу туралы шешім - еңбек заңына тура келмейді.

"ҚазМұнайГаздың" еншілес кәсіпорыны "Ойл Tранспорт Kорпорэйшн" ЖШС - 2002 жылы "Бозащы технологиялық транспорты", "Жетібай технологиялық транспорты", "Маңғыстау технологиялық транспорты" кәсіпорындары мен "Арай" кәсіпорнын біріктіру арқылы құрылған.
2018 жылы Бозащы технологиялық транспорт басқармасы "БозащыТрансҚұрылыс" және West Oil Software компанияарына сенімді басқаруға берілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG