Бүгін, 15 қаңтарда, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан балалары мен өзге де жақын туыстарын ақтауды және құқықтық әділдікті талап етіп, Қазақстан президентінің Астанадағы резиденциясы - Ақорданың алдына барған оншақты адамды полиция алып кетті.
Жиналғандарға әуелі әкімдік өкілі келіп, "рұқсат берілмеген жиын өткізуге болмайтынын" ескертті.
Алматы, Тараз және Шымкент қалаларынан бұған дейін де Ақорда алдына бірнеше рет келген ата-аналар резиденция маңына жақындағанда полиция тоқтатып, көлікке күшпен салды. Оның ішінде "Қаңтар оқиғасы кезінде Тоқаев атуға неге бұйрық берді?!" деп ашынып айқай салған әйел де бар.
Ата-аналардың Азаттыққа айтуынша, Қаңтар оқиғасының құрбандарын жергілікті билік лайықты еске алмаған. Олардың сөзінше, 5 қаңтар - республика бойынша аза күні болуға тиіс.
Ақордаға баруға ұмтылғандар бұған дейін жергілікті құқық қорғау органдары мен өзге де өкілетті орындардан мардымды жауап ала алмағанын айтты. Олар Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан балаларына байланысты шыққан сот шешімі "әділетсіз, балаларымыз кінәлі емес" деп санайды.
Ұсталғандардың бірі, Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда оққа ұшқан Думан Қанабектің әкесі Әкімбек Қалыбековтің сөзінше, өзі бұған дейін "әділет сұрап", Астанаға 11 рет келген. Ұсталғандарға Ақордадан ресми жауап берілген жоқ.
ПІКІРЛЕР