Қамаудағы журналист әрі белсенді Думан Мұхаммедкәрімнің ісі бойынша тергеу аяқталып, қазір өзі мен адвокаты қаңтардың 22 дейін іс-материалдарымен танысуға мүмкіндік алған. Бұл жөнінде 19 қаңтарда адвокат Ғалым Нұрпейісов хабарлады.
Ол Думан Мұхаммедкәрімге тергеумен келісім жасау туралы ұсыныс жасалғанын айтты.
– Тергеу жеті ай бойы жүрді. Осы уақытта Думанға келісімге келу туралы ұсыныс жасалды. Келгендердің аты-жөндерін атамай-ақ қояйын. Бірақ мұндай факт болды. «Егер өзіңнің көзқарасың мен жұмысыңнан (журналистика – ред.) бас тартсаң, алты жылға шартты соттап, сот залынан шығарамыз» деген, егер келіспесе, «7 жылға сотталып, әрі қарай қамауда қала беретінін» айтқан, - дейді адвокат Нұрпейісов.
Мұхаммедкәрім мұнымен келіспегенін айтқан адвокат 7 томдық іс-материалдар бұған дейінгі сотталған ҚДТ мен "Көше партиясы" белсенділерінің ісінен айнымайтынын атап өтті. (Астана соты шетелде тұратын экс-банкир Мұхтар Әблязовтың "Қазақстанның демокраиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды).
– Қылмыстық істің өзі филологиялық сараптамаға ғана негізделген. Онда үш сарапшы өзінің қорытындысын берген. Ол қорытынды солардың ұятында, неге дейсіздер ғой? Журналистика аналитика мен оқиғаны баяндайтын бірнеше бағытқа бөлінеді. Думан саяси аналитикамен айналысты. Мұны біз жасатқан сараптама да растайды, журналистік сұқбат, өзара әңгіме жасағанын айтқан. Сұқбат ала отырып «ҚДТ-ның идеясын насихаттап, оны қолдауға болмайды, Думан тек сұрақ қоюшы, - дейді адвокат.
Ал «экстремизмді қаржыландыру» деген екінші бап бойынша да адвокат өз позициясын айтты.
– Тергеу, Думан сұқбат кезінде бейнежазбасының астына донат жинау үшін банк шотының нөмерін көрсеткенін – «экстремистті қаржыландыру» деп отыр. Бұл қаржы Мұхтар Әблязовті қорғайтын француз адвокаттарына төлеу үшін керек еді. Мен тергеуде Әблязовті «экстремист» деп таныған Қазақстанның я өзге елдің сотының шешімін талап еттім. Ондай құжат жоқ. Әблязовқа осы күнге дейін шыққан сот шешімдері экономикалық қылмыстарға қатысты – экстремизмге еш қатысы жоқ. Бұл бапқа қатысты 207 куәгердің барлығы Думанды танымайтынын, өздерінің Әблязовқа көмектескісі келгенін айтып отыр, - дейді Нұрпейсов.
Бүгін Алматыда адвокатымен бірге жиналған бір топ адам Думан Мұхаммедкәрім өзінің саяси көзқарасы үшін қамауда отырғанын айтып, сотты ашық өтуін талап ететіндерін жеткізді.
– Тек Думан емес Әйгерім Тілеужан, Марат Жыланбаевтардың қамауда отыруының ең басты себебі – қазіргі Тоқаев жүйесін өткір сынға алғандығы. Оның ішінде 22 жылғы Қаңтардағы ресми түрде хабарланған 238 адамның, шын мәнінде одан да көп адамның өмірінің қиылуы, оққа ұшуы, қаза табуы, бұл үлкен қасірет, бұл үлкен қылмыс. Мінеки, осыны жасқанбай, турасын айтқан және ол неліктен осылай болды деген сұрақты ашық қойған, сол үшін президенттің өзінен бастап жауапкершілікке тартылу керек деген мәселені қозғаған адамдар бұлар. Оларды сол үшін сотқа тартып отыр деп есептеймін, - деді қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбай.
Әзірге Қазақстан билігі жоғарыда айтылған жайттарға реакция білдірген жоқ.
Адвокаттың сөзінше, қаңтардың соңына дейін іс-материалдарымен танысып, ақпанның алғашқы күндері сот басталуы тиіс екен.
"Не дейді" YouTube-арнасының авторы, журналист Думан Мұхаммедкәрім “тыйым салынған ұйым ісіне араласу” және “экстремизмді қаржыландыру” баптары бойынша күдікке ілінген. Оған мұндай айыптың тағылуына қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты түрткі болған.
Журналист 2023 жылдың маусым айынан бері қамауда отыр. Оның қамау мерзімі бірнеше рет ұзартылды.
Қараша айында Думан Мұхаммедкәрім белсенділер Әйгерім Тілеужан мен Марат Жыланбаевты қолдап, аштық ұстағаны хабарланған. Адвокаттың сөзінше, Думан денсаулығын қалпына келтіру үшін жуырда тағы емделмек.
Думан Мұхаммедкәрімнің қамалуын Қазақстан журналистерінің тең құқылы федерациясы, Халықаралық журналистер федерациясының қауымдастырылған мүшесі (International Federation of Journalists) айыптаған. Қазақстандық құқық қорғаушылар Думан Мұхаммедкәрімді "саяси тұтқындар" қатарына қосқан.
ПІКІРЛЕР