19 қаңтарда Башқұртстан астанасы Уфадағы алаңда қалың киінген — арасында жас балалар да бар — жүздеген адам жүрді. Қалада ауыр бір шиеленіс атмосферасы қалыптасты.
Арнайы жасақ алаңда жүргендер тарамаса, бәрін ұстап әкететінін ескертті. Кей адамдар “Біз — туристпіз. Ескерткіш көруге келдік” деді.
Полиция арқасына “қара халық” деген жазу ілген әйелді ұстап, автобусқа қамады. Башқұрт туын жамылған ер адам да тұтқындалды.
15 қаңтарда құқық қорғаушы, башқұрт тілі мен мәдениеті үшін күресіп жүрген белсенді Фаил Алсыновтың сотынан кейін Баймақ қаласында басталған наразылық Уфаға жетті.
17 қаңтарда белсендіні жақтайтын мыңдаған адам Баймақтағы сот ғимаратының алдына жиналды. Сот Алсыновты “қара халық” деген сөз қолданғаны үшін “жеккөрініш және араздық туғызу” айыбымен 4 жылға соттады. Белсендіге үкім шығардан бір күн бұрын үкімет “террористер мен экстремистер тізімін” жариялады.
Бұл — Кремльге қарсы наразылық емес. Халық Башқұртстан басшысы, Алсыновтың үстінен арыз жазып, “сатқын” деп атаған Ради Хабировқа қарсы көтеріліп жатыр. Хабиров 2018 жылы Ресей президенті Владимир Путиннің жарлығымен өңірлік басшы міндетін атқарушы болып тағайындалып, кейін биліктің қадағалауымен өтетін сайлауда жеңіске жеткен. Баймақтағы наразылардың кейбірі Владимир Путинге үндеу жолдап, мәселеге араласуын сұрады.
Сарапшылар Алсыновтың ісі Ресейдегі орталықтандырылған авторитар жүйенің тереңде жатқан мәселелерінің бетін ашты дейді. Олар белсендіні 2022 жылы қыркүйекте Иранда полиция қолынан қаза тапқан жас қыз — Махса Әминимен салыстырады. Бұл оқиға Ирандағы әсіре исламшыл режимге қауіп төндірген жаппай наразылыққа түрткі болды.
2010 жылы Тунисте саудагер Мұхаммед Буазизидің өз-өзін өртеуі бірнеше елдегі автократиялық режимге қарсы “Араб көктемі” революциясына ұласқан еді.
— Алсынов — кездейсоқ тұлға. Оның орнында басқа кез келген адам болуы мүмкін еді… Бұл жерде кім болғаны маңызды емес. Наразылыққа халықтың ішінде жиналған ашу-ыза мен режимнің әлсірей бастағанын сезуі себеп болып отыр, — дейді 2010-2014 жылдары Башқұртстан басшысының бас көмекшісі болған саясаттанушы Аббас Галямов.
Бұл наразылық Ресей Украинаға қарсы басқыншылығын жалғастырып, халық арасында соғыстың бар салмағы Ресейдегі аз ұлттарға түсіп жатыр деген көңіл-күй белең алған кезге тұспа-тұс келіп отыр.
СӘЛ АРТҚА ШЕГІНІС
2018 жылы Путиннің тағайындауымен Башқұртстан басшысы міндетін атқарушы қызметіне кіріскен Хабиров ас содасын өндіретін жергілікті компанияға Құштау тауынан бор өндіруге рұқсат берді. Бұл таулы қырат башқұрт халқының ауыз әдебиеті мен аңыздарында жиі аталатын қастерлі орын саналады. Башқұртстанда әуелде осындай 4 қырат болған. Совет одағының билігі оның біреуіне мина қойып, жарып жіберген.
Башқұрттардың “Көк бура”, “Башқұрт” деп аталатын ұлттық ұйымдары Құштауды қорғау үшін наразылық бастады. Аталған екі ұйымға да Алсыновтың қатысы бар. 2020 жылы тамызда наразылық шегіне жетті.
— 16 тамызда Башқұртстанның түкпір-түкпірінен 10 мың адам жиналып, арнайы жасақ шебін бұзып өтіп, тауды қоршап алды. Мәселеге Кремль араласып, Хабировқа оқиға орнына барып, наразылармен келісімге келуді тапсырды. Соңында біз жеңіп шықтық, басқа таулы қыраттар сияқты Құштау да қорғауға алынған табиғи орындар тізіміне енді, — дейді 2021 жылы Ресейден кеткен бұрынғы белсенді Руслан Габбасов.
Осыдан кейін Хабиров башқұрт ұйымдары мен белсенділеріне қарсы қуғын-сүргін бастаған. Елдің барлық өңірінде жұмыс істейтін, жол жөндеу, ішімдікті заңсыз сату сияқты көп әлеуметтік-тұрмыстың мәселені шешумен айналысатын “Башқұрт” ұйымының қызметіне тыйым салынды.
Габбасовтың пікірінше, Хабиров белсенділерді қудалап, саяси аренаны тазартқысы келеді.
— Фаил Алсынов бостандықта жүрген соңғы башқұрт көшбасшысы еді. Сондықтан да билікке, әсіресе, Хабировқа жақпады, — дейді Габбасов.
НАРАЗЫЛЫҚТЫҢ ТҰНШЫҚТЫРЫЛУЫ
Алсыновқа үкім шыққаннан кейін белгілі башқұрт әншісі Алтынай Валитов “Башқұрт халқы өз батырын қорғау үшін көтеріліп жатыр” деп, наразыларды қолдайтын видео жариялады.
— Үкімет орыстардан басқа халықтарды көрмейді. Мемлекеттік пропаганда бәрімізді орыстар деп атайды. “Бәріміз — орыспыз” деген ұранмен башқұрттарды Украинадағы соғысқа салып жатыр. Бірақ біз — орыс емеспіз. Қанша ғасырлық тарихы, өз тілі мен жері бар башқұрт халқымыз, — деді әнші.
Ол Башқұртстан халқын жергілікті билік ғимаратына барып, наразылық білдіруге шақырды.
Осы үндеудің ертеңіне жарияланған видеода Валитов Уфадағы үйіне күш құрылымдарының өкілдері келгенін айтып, көмек сұрады. Кейін әлеуметтік желіге полиция кетті деп жазды, бірақ содан бері байланысқа шыққан жоқ.
Валитовтың пікірі Башқұртстандағы наразылықтың одан әрі өршіп, кең таралу ықтималдығы барын көрсетеді.
— Халық өзін қор сезініп отыр. Сондықтан наразылық этникалық cипат алып барады. Өйткені адамдарда өз мүддесін қорғайтын заңды құралдар жоқ. Ашық сайлау, тәуелсіз ақпарат құралдары, әділ сот, бейбіт наразылыққа шығу құқығы сияқты конституциялық кепілдемелер жоқ, — дейді ресейлік саясаттанушы Дмитрий Орешкин.
Орешкиннің пікірінше, халық бәрінен де Украинадағы соғысқа наразы болып отыр.
— Соғыстың ауыртпалығы Бурятия, Тыва, Дағыстан сияқты өңірлерге түсті, — дейді саясаттанушы Башқұрстаннан басқа аз ұлттар тұратын тағы үш өңірді атап. — Путин режимін айыптамау мүмкін емес. Ұлтаралық араздық өрши түседі.
Әлеуметтік желіде Украинада соғыста жүрген башқұрт жауынгерлердің Алсынов пен наразыларды қолдаған видеолары тарай бастады.
— Біздің халқымызға, ата-анамызға қарсы әрекет етуді қоймасаңдар, позициямызды тастап, сендердің соңдарыңнан келеміз. Соғыс керек болса, қалағандарыңа жетесіңдер, — дейді жауынгерлер.
Сарапшы Галямовтың айтуынша, башқұрт наразылар Путиннің отставкасын талап етіп жатқан жоқ.
— Бірақ негізгі себеп — халықтың Мәскеуге наразылығы. Хабиров — Мәскеудің адамы, Кремльдің дегенінен шықпай, башқұрт тілі, мәдениеті мен саяси еркіндігін жоятын саясат жүргізіп отыр, халыққа осы ұнамайды. Бірақ Мәскеудің Хабировке көңілі толады. Қазір билік одан майданға әскер жинап беруді талап етіп отыр. Хабиров бұл тапсырманы үдесінен шығып орындады. Башқұртстаннан әскер кешеуілдеген жоқ. Кремль Хабировке риза, — дейді ол.