Accessibility links

"Жасырын мобилизация". Ресей өңірлерінен "өз еркімен" Украинадағы соғысқа аттандыру


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ресейдің ондаған өңірінің билігі "еріктілер батальонын" құрып, тұрғындарды соның қатарына қосылуға шақырып жатыр. Сарапшылар мұны жасырын мобилизация деп атайды. Билік халықты әлеуметтік желідегі жазбалар мен автобустардағы хабарландырулар арқылы "әскери операцияға" қатысуға шақырса, жергілікті телеарналар "батыл шешім қабылдаған" еріктілер туралы сюжеттер көрсетіп жатыр. Тіпті, жексенбі күні прайм-таймда көрсетілетін Дмитрий Киселевтің шоуы еріктілерге арналған жедел желінің телефон нөмірін көрсететін болған.

Әскери борышын өтегендер мен өтемегендер, сотталғандар мен сотталмағандар өңірлер үшін өте жоғары саналатын 200, 300, 500 мың рубль жалақыға келісіп, еріктілердің әскери қызметке қабылданатыны туралы хабарламаларға құлақ асып, балаклава киіп шыға келеді. Міне, мобилизация жарияламай-ақ жаппай әскерге алу осылай жүруі де мүмкін. Еріктілерге жаттығудан өту кезінде қосымша 200 мың рубль төлейді. Келісімшартқа отырға еріктілер "арнаулы операцияға" тек патриот болғаны үшін қатысып жатпағанын жасырмайды.

"Олар кәсіби әскери емес. Теледидардан естіп, биліктің үніне құлақ асқан, сондықтан олар үшін бастысы – жалақы. Құқық қорғау органдарына жүгініп жатқандардан да осыны байқауға болады, – дейді "Гражданин. Армия. Право" қозғалысының басшысы Сергей Кривенко. – Қазір қорғаныс министрлігімен осындай келісімшартқа отырғандар "200 мың [рубль] береміз деген, маған төлемеді. Ақшам қайда?" деп арыз беріп жатыр".

ПРИМОРЬЕ

Приморье өңіріндегі тұрғындар шағымын жергілікті губернатордың telegram-каналына жазып жатыр. "Туысым жақында келді. Екі ай ерікті болды. Бірақ Ресейге оралған соң, үйіне жеткенше қарызданып-қауғаланып келген, себебі оған бір тиын да төлемеген және төлемейтін де сияқты. Ол ақшасын ала алмаған жалғыз адам емес. Көмектесе аласыз деп сенеміз" деп жазыпты 9 шілдеде Светлана. Оған пікір қосқан Елена есімді тұрғын бұл сөзді растаған: "Бұл рас. Ол адамды мен де танимын, оған ештеңе төлегісі келмейтіндерін де білемін. Оған "Сіз тізімде мүлдем жоқсыз, жалпы, болып па едіңіз?" дегендей айтыпты. Сөйтуге бола ма? Адам екі ай сонда болды, басын қатерге тікті. Бұл мәселені шешуге көмектесуіңізді сұраймыз".

Ал жергілікті телеарна шенеуніктің камуфляж бен каска киіп, еріктілер арасында жүргенін көрсетіп, губернатор олармен бірге дайындықтан өтті дейді. Әскери дайындықтан соң Приморье тұрғындарын "арнайы операция" болып жатқан жердегі теңіз әскерінің 155-бригадасына жібереді.

Соғысқа алпыс жасқа толмаған ер адамдарды шақырып жатыр. Губернатор негізінен елудегі адамдардың келіп жатқанын айтады. Қолбасшылар ерікті бір айда атқыш, минометші, нысанашы, снайпер секілді әскери мамандықтарды меңгеріп шығады дейді. Әскери жаттығу басталғаннан кейін екі аптадан соң жақсы нәтиже көрсеткендерге 50 мың рубль, ал бір ай дайындықтан толық өткендерге 150 мың рубль төленетіні айтылады. Ал Украинаға жеткен соң төленетін ақша туралы ештеңе айтпайды.

БУРЯТИЯ

Бурятия билігі Украинадағы соғысқа еріктілер керек екені жайлы хабарландыруды автобустарда іліп жүр. Улан-Удэ әскери комиссариаты "арнаулы операцияға қатысқысы келетін" елу жасқа толмаған адамдарды шақырған. Бұл ауданда сотталған кандидаттарды да қарастыратыны айтылған. "Свободная Бурятия" қорының басшысы Александра Гармажапова соғысқа барғысы келетіндер көп емес дейді.

"Өңірде бұған жақсы қарамайтыны анық. Соғыс жүріп жатыр, Бурятияда соғыста қаза таппаған танысы жоқ отбасы аз: бірі құрбысының ағасы, бірі сыныптасы, кейбірі бір сынып төмен оқыған танысы қаза тапқанын айтады. Бұл трагедия бүкіл республикаға жетті. Бұл мыңдаған шақырым жерде емес, осы жерде болып жатқан соғыс екенін біледі" дейді Александра Гармажапова.

КУРСК ОБЛЫСЫ

Курс облысында "Сейм" батальоны құрылған. "Қарқынды шабуыл әрекеттері" мен "мемлекеттен тыс жерде болғаны" үшін еріктілерге айына 500 мың рубльге дейін төленетіні айтылған. Өңірдегі орташа жалақы – айына 41 мың рубль. Жергілікті телеарна батальон соғысқа "азық-түлік, су, отын, оқ-дәрілерді үздіксіз жеткізіп тұрумен айналысады" деп айтып жатыр. Материалды-техникалық қамту бөлімі командирінің әскери-саяси жұмыс жөніндегі орынбасары батальон "соғысқа қатыспайтынын, тек құрал-жабдық жеткізіп беретінін" айтады.

Басқа аймақтардағы жағдай да осыған ұқсас. Нижний Новгородта еріктілерді Козьма Минин атындағы батальонға қабылдап жатыр. Пермь өңірінде "Молот" танк батальоны құрылған. Оларға айына 300 мың рубльге дейін төленетіні айтылған. Бұл аймақтардағы орташа жалақы 40 мың рубль төңірегінде.

"Гражданин. Армия. Право" қозғалысының басшысы Сергей Кривенко мұндай хабарландыруды Ресей қорғаныс министрлігінің жаппай соғысқа шақыру амалы дейді. "Губернаторлар осындай аудандық бөлімдер құру арқылы бәрінің алдын орап, өздерінің патриот екенін көрсетіп жатыр" дейді ол.

ТАТАРСТАН

Татарстанда еріктілердің екінші батальоны жасақталып жатыр. Ол "Темір" деп аталады. Бұған дейін жүздеген ер адам Орынбор облысына жаттығуға кеткен. Ол батальон "Алға" деп аталған. Батальонды сән-салтанатпен шығарып салған: митинг концерт өткізіп, өңірдегі беткеұстар адамдар тілек айтқан.

Мамырдың басында Татарстан басшысы Рустам Минниханов Украинада осы ауданның 62 тұрғыны қаза тапқанын айтты. Бірақ олар қаза тапқандарды я ерікті, я әскери қызметкер деп атарын білмей жүргенге ұқсайды: "Келісімшарт бойынша қызметке алынған әр кандидаттың сотталған-сотталмағаны және басқа да жағымсыз сипаттамаларының бар-жоғы тексерілді. Бәрі медициналық тексеруден өтті, тест тапсырды. Еріктілердің бәріне қай жерде не істейтіні түсіндірілді, қанша ақша төленетіні және келісімшарт қандай уақытқа жасалатыны айтылды" деді "Татар-информ" басылымына Қазандағы әскери қызметке келісімшартпен адам қабылдайтын пункт басшысы.

БАШҚҰРТСТАН

Башқұртстан республикасында еріктілер батальоны генерал Миңлеғали Шаймұратовтың есімімен аталады. Онда қанша адам бары хабарланған жоқ. Бірақ әскерилерді соғысқа шығарып салу салтанатында түсірілген видеодан балаклава киген жүзге жуық адамды байқауға болады. Оларға келісімшартқа отырған жағдайда 200 мың рубльге дейін төленетінін, бірақ ол ақшаны тек үш айдан кейін алуға болатыны айтылған. Айына 220 мың рубльге қоса соғыстағы әр күнге қосымша сегіз мың рубльден қосылып отырады делінген. Республикадағы орташа жалақы – 42 мың рубль. Бірақ жергілікті телеарна қаржылай қолдау соншалық маңызды емес дейді.

ШЕШЕНСТАН

Еріктілерді соғысқа белсенді жіберіп жатқан өңірлердің бірі – Шешенстан Республикасы. Аймақ басшысы Рамзан Қадыровтың сөзінше, "Ахмат", "Солтүстік", "Оңтүстік" және "Шығыс" деген төрт батальон құрылған. Оларға тек шешен азаматтар қабылданып жатыр. Келісімшартқа отырған еріктілердің нақты саны ашық дереккөздерде жоқ.

Ресейдің соғыста қанша адамнан айырылғанын ресми жарияламағанына бірнеше ай болды. Украина штабы соғыста Ресейдің 38 мыңнан астам азаматы қаза тауып, сонша адам жарақат алғанын айтады. "Медиазона" мен BBC-дің Орыс қызметі ашық дереккөздерге сүйеніп Украинада 4760 Ресей азаматы қаза тапқан деп хабарлаған. Олар мұны анықтау кезінде әлеуметтік желілердегі жазбаларға, жергілікті баспасөз құралдарындағы хабарлар мен билік органдарының ақпаратына сүйенген. Зерттеу авторлары негізінен қаза тапқандар туралы хабарлар кедей өңірлерде көп дейді. Оның ішінде Дағыстан (236 адам) мен Бурятия (217) көш бастап тұр. Салыстыру үшін айтар болсақ, журналистер Украинада Мәскеудің 11, Санкт-Петербургтің 30 тұрғыны қаза тапқаны белгілі дейді. "Медиазона" мұның себебі демографияға, аймақтардағы әскери бөлімдер санына немесе жұмыссыздыққа байланысты деп жазады. Кедей өңірлерде ер адамдар әскери қызметті тұрақты табыстың негізгі көзі санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG