Ресейдің солтүстігіндегі Петрозаводск қаласында тұратын Ирина Быстрованың көркемөнер студиясы бар. Ол бұған дейін Қырым аннексиясына қарсы митинг пен Ресейде қамауда отырған оппозиционер Алексей Навальныйды қолдау акцияларына қатысқанын, сол кезде-ақ биліктің назарына ілінгенін айтады.
24 ақпанда Ирина Быстрованың өмірі күрт өзгерген.
Ол президент Владимир Путин Ресейдің Украинаға басып кіргенін хабарлағанда жылап жібергенін айтады. Быстрова бар ашуын өнер арқылы шығарған: Путиннің отқа оранған бейнесін салып, "Тозаққа түс!" деген жазумен әлеуметтік желіде жариялаған.
Бір айдан соң билік оның есепшотын бұғаттаған. Полиция мен федералды қауіпсіздік қызметі өкілдері Ирина Быстрованың үйін тінтіп, компьютер, ұялы телефоны мен басқа да құралдарын тәркілеген.
Оған "терроризмге үндеу", "Ресей қарулы күштерінің беделіне нұқсан келтіру" баптары бойынша айып таққан.
Ресей билікке қарсы шыққан адамдарға көбіне "терроризмге үндеді" деген айып тағады. Ал Украинада соғыс басталған соң парламент қылмыстық кодекске Ресей қарулы күштерінің беделіне нұқсан келтіру деген жаңа бап енгізді.
24 ақпаннан бастап Ресейде соғысқа қарсы наразылық білдірген он бес мыңнан астам адам ұсталды деп хабарлады Ресейдегі саяси қуған-сүргін фактілерін тіркеумен айланысатын ОВД-Инфо тәуелсіз құқық қорғау орталығы.
Наразылықтың кейбірі Ирина Быстрова жариялаған сурет секілді зілсіз болса, кейбірі көпшілік орындарда жұрт назарын аударатындай етіп өткен. Мысалы, Санкт-Петербургте үстіне қызыл бояу жағып алған әйел "жүрегім қан жылайды" деген сөзді қайталап айтып тұрған.
Тағы бір белсенді супермаркеттегі тауар бағасы жазылған қағазды соғысқа қарсы жазбалармен алмастырып қойған.
Соғыста қаза тапқан ресейлік сарбаздар саны артқан сайын елде Путиннің басқыншылық туралы айтқан сылтауына сенбейтіндер де көбейді. Белсенділер соғыс аяқталғанша үлкенді-кішілі наразылықтар бола беретінін айтады.
Кейінгі күндері Ресейдің Новокузнецк пен Югорск қалаларында Ресей қарулы күштерінің беделіне нұқсан келтірді деген айыппен екі адамға айыппұл салынған деп хабарлады ОВД-Инфо. Екеуі де соғысқа қарсы екенін білдіретін видео жариялаған.
Быстрова Путиннің басқыншылық жайлы мәлімдемесін студиясынан шығып, үйіне бара жатқанда естігенін айтады.
"Көзімнен жас шығып, өзімді тоқтата алмадым, – деді ол Север.Реалии тілшісіне. – Өте ауыр жағдай болғанын және ештеңе істей алмағанымды түсіндім. Орыс болғаныма ұяламын".
Азаттықтың Ирина Быстрованың ісі туралы сұрақтарына прокурорлар жауап бермеді. Бірақ тергеуге жақын шенеуніктер оған айып тағуға әлеуметтік желідегі жазбалары себеп болған дейді.
Билік Быстроваға тағылған ресми айыптың көшірмесін үйін тінтіген күннің ертеңіне, яғни 24 наурызда көрсеткен. Ол "терроризмге үндеу" бабы бойынша жеті жылға дейін, Ресей қарулы күштерінің беделіне нұқсан келтіргені үшін үш жылға дейін бостандығынан айырылуы мүмкін.
ПСИХИАТРИЯЛЫҚ САРАПТАМА ЖӘНЕ АЙЫППҰЛ
Өткен аптада Санкт-Петербург соты супермаркеттегі тауар бағасы жазылған қағаздарды Украинадағы соғысқа қарсы жазбаларға айырбастап қойған белсенді Александра Скочиленконы психиатриялық сараптамаға жіберген.
Дүкендегі сөрелерге қойылған қағаздардың бірінде "Украинадағы әскери іс-әрекетіміздің нәтижесінде апталық инфляция 1998 жылдан бергі ең жоғары көрсеткішке жетті. Соғысты тоқтат" деп жазылған.
Ал Тюмень қаласында тұратын 22 жастағы студент Константин Гамершмидтке соғысқа қарсы пікірі үшін бірнеше рет айыппұл салынған. 24 ақпанда ол досынан басқыншылық туралы естіп, VK әлеуметтік желісіне "Соғысқа жол жоқ" деп жазған.
"Әрине, мұның Украинаға еш көмегі тимеді, бірақ құр отырмай, бірдеңе істегім келді" дейді ол.
Ол сәуірде YouTube арнасында Тюменьдегі әлеуметтік проблемалар жайлы видео жариялап жүрген. 18 сәуірде украин ұлттық киімін киіп видео түсіріп, соғысқа қарсы екенін айтқан. Путинді "бункерге тығылған гном" деп атаған.
"Бункердегі гном бауырларымды, өз жерін қорғап жатқан украиндарды ғана емес, [қауіпсіздік қызметтері] ажал аузына аяусыз тастап жатқан орыстарды да өлтіре бастайтынын елестете алмадым" дейді ол.
Сибирь.Реалии басылымына берген сұхбатында Гамершмидт осы күнге дейін оған жалпы алғанда 70 мың рубль айыппұл салынғанын, жуырда бұған тағы 50 мың рубль қосылуы мүмкін екенін айтқан.
"Ресей әскерінің беделіне нұқсан келтірді деген айып тақты. YouTube арнасындағы видеода "Украина жасасын!", "Соғысқа жол жоқ!" деп айтқанмын. Путинді хайуан дегенім тағы бар" дейді ол.
Ол 9 мамырда үйіне екі офицер келіп, бес сағат бойы жауап алғанын айтады. Олар қылмыстық хаттамаларды көрсетіп, тағылған айып пен айыппұлдар жайлы ақпарат берген.
"Қазір абайлап сөйлеймін, себебі соғыс кемінде тағы үш айға созылады деп ойлаймын. Егер мені [түрмеге] қамаса, пайдамның тиюі екіталай" дейді ол. "Қорыққанымнан емес, стратегиялық тұрғыда қажет болған соң тілімді тартып жүруім керек".
Ал Петрозаводск қаласында Быстрова психиатриялық сараптамадан құтылудың жолын іздеп әлек.
"Пацифистпін. Балаларды жақсы көрем. Олардың өлімі сұмдық нәрсе. Отбасымда бес адам Ұлы отан соғысында қаза тапқан, бірақ мен "тағы қайталайық" деп айғайлап жүрген жоқпын" дейді ол екінші дүниежүзілік соғыс туралы айтып.
"Еуропада айтатындай, ешқашан қайталанбасын" деді ол. "Неге қорықпаймын? Мен қорықсам, кім қорғайды? Бәрі қорқа берсе, ешқашан ештеңе істей алмай қаламыз. Қорқатын дәнеңе жоқ. Бұдан жаман болуы мүмкін емес" дейді Ирина Быстрова.
Азаттықтың Орыс қызметінің Север.Реалий сайты материалдарынан дайындалды.
ПІКІРЛЕР