Accessibility links

Биыл – шешуші жыл. Украинадағы соғыс қашан аяқталады?


Украинаның оңтүстік-шығысындағы Запорожье облысы Роботинер
ауылы маңында жүрген украин әскері.
Украинаның оңтүстік-шығысындағы Запорожье облысы Роботинер ауылы маңында жүрген украин әскері.

Ресейдің Украинаға қарсы соғысы 2024 жылы аяқталмайтын сияқты. Соғыс барысы тығырыққа тірелді, ал АҚШ-тың әскери көмегінің маңызы күн санап артып келеді. Сарапшылар биыл соғыс үшін шешуші жыл болады деп отыр.

2022 жылы 21 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин "Ресей Украинаға шабуыл жасамайды" деп келген адамдардың пікірін өзгерткен мәлімдеме жасады.

72 сағаттан кейін Украинаға ресейлік зымырандар ұшты. Ресей әскері шекарадан басып кіріп, Донбастағы майдан шебінен өтті. Батыс барлау қызметінің дерегінше, Путин Украинаны бірнеше күн немесе апта ішінде жаулап аламын деп ойлаған.

Бірақ олай болмады. Украинада соғыс басталғалы екі жыл болды. Ресей басқыншылығының үшінші жылы соғысқа нүкте қоя ма?

Олай емес сияқты. Бірақ соғыс барысының тығырыққа тірелгені жиі айтылып жүр. Қазір майдандағы жағдайды батыс елдерінің әскери көмегі ғана өзгерте алады.

— Болжам жасау қауіпті, бірақ соғыс 2024 жылдың соңына қарай аяқталады деу қиын. Қазір тараптар бір-біріне шешуші соққы бере алмай отыр. Жағдайды өзгерту үшін сыртқы факторлар, әсіресе, Батыстың қолдауы маңызды. Батыстың материалдық қолдауы Украина территориясын азат етуге көмектеседі. Ал әскери көмек қысқарса, Украина Ресейдің шартымен жасалатын бейбіт келіссөзге көндігуге мәжбүр болады, — дейді Лондон корольдік колледжі әскери зерттеулер кафедрасының аға оқытушысы Рут Дейермонд.

Crisis Group ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша бағдарламалық директоры Ольга Оликер “Украинаның қару-жарағы мен әскери күші таусылса, соғыс та келер жылы аяқталады. Өйткені тараптардың бірі капитуляцияға ұшыраса, соғыс бітеді. Ал қару-жарағы мен адамы таусылған тараптың капитуляциядан басқа таңдауы қалмайды” дейді.

Украинаның Донецк облысында өртенген ресейлік танкілер.
Украинаның Донецк облысында өртенген ресейлік танкілер.

Ресей Украинаға басып кіргелі соғыс барысы бірнеше рет өзгерді. 2022 жылды “Украина жылы” деп атауға болады. Ресей басқыншылығының алғашқы апталарында украиндар жауға қасқайып қарсы тұруымен, оңай берілмеуімен бүкіл әлемді таңғалдырды. Украина әскері Ресейдің Киевке шабуылын тоқтатып, Харьков пен Херсон маңындағы территориясының біраз бөлігін қайтарып алды.

2023 жылы маусымда Украина көптен күткен қарымта шабуылын бастады. Жыл соңына қарай бұл операция сәтсіз аяқталды: Киев Украина мен оккупацияланған Қырымды байланыстыратын дәлізді басып ала алмады.

1 қарашада The Economist журналында жарияланған сұхбатта Украина қарулы күштерінің сол кездегі бас қолбасшысы, генерал Валерий Залужный майдандағы жағдайды “тығырыққа” теңеді. Бұл сөз украиндерге, оның ішінде президент Владимир Зеленскийге ұнамады.

Одан бері майдандағы және Вашингтондағы жағдай өзгерді. Залужныйдың мәлімдемесінен 2 апта бұрын АҚШ президенті Джо Байден Украинаға 60 миллиард доллар көлемінде әскери көмек беруді ұсынған.

АҚШ Конгресіндегі пікірталас 4 айға созылып, оңшыл республикашылдар әскери көмек туралы заңның қабылдануына қарсы шықты. Құжатқа сол күйі қол қойылмады. Алдағы уақытта депутаттар Украинаға қаржы бөлуді мақұлдай ма, жоқ па, белгісіз.

Украинаның майдандағы қуаты сарқылып жатыр, өйткені Батыс елдерінен қару-жарақ жеткізу бәсеңдеді. Авдеевка маңындағы бірнеше айға созылған шайқастан кейін, Ресей өткен аптада Донбастағы бос қаланы басып алды.

Ресей басып алғаннан кейінгі Авдеевка қаласы. 22 ақпан 2024 жыл.
Ресей басып алғаннан кейінгі Авдеевка қаласы. 22 ақпан 2024 жыл.

Бахмут сияқты бұл қала да Ресейге қымбатқа түсті. Бірақ 15-17 наурызда өтетін сайлау алдында Путин әскери жеңіске жетіп, беделін көтеріп алды. Ресей президенті көктемде тағы 6 жылға сайлануы мүмкін.

Бұл жеңіс Ресей әскеріне әлеует қосып, Украинаның қалған аумағын жаулауға үміт сыйлады.

20 ақпанда “Халықаралық бейбітшілік үшін” Карнеги қорының аға ғылыми қызметкері Дара Массикот Х желісіне «Ресей әскері Авдеевка арқылы жылжып, Бахмуттың батысындағы көлік желісін басып алса, 80 километр жердегі Покровск стратегиялық нысанына қауіп төндіреді. Ресейдің әскери көшбасшылары мақсатқа жету үшін дәл қазір ілгері жылжу керек деп есептейді. Украин әскеріне қару-жарақ пен адам күші жетпей, АҚШ көмегі кешеуілдеп жатыр. Ал батыс елдері оқ-дәрі өндірісі бойынша мақсаты орындалмады” деп жазды.

— АҚШ қосымша көмек бермесе, Украинаның әскери қуаты төмендей береді. Тараптар оқ атуды тоқтату туралы келісімге келеді деп ойлаймын. Бұл Ресейге жаулап алған территорияларын оккупациялауға мүмкіндік береді, — дейді Вашингтондағы халықаралық зерттеулер орталығының әскери сарапшысы Марк Канциан.

Былтыр жазда АҚШ әскери көмегі шырқау шегіне жетіп, айына 1,5 миллиард долларды құрады. Конгресс жаңа әскери көмек пакетін қабылдамаса, 2024 жылдың жазына қарай АҚШ-тан қару жеткізу 80-90 пайызға азаяды.

АҚШ көмегінің қысқаруы мен басқа да факторлар әскери қимылдардың бәсеңдеуіне немесе тоқтауына әкелуі мүмкін.

— Біріншіден, қазір Украина Ресей шабуылынан қорғану үшін өз позицияларын қалпына келтіріп, нығайтуға күш салып жатыр. Батыс көмегі қандай болса да, Киев оккупацияланған территорияларын Ресейге беріп қоятын келісімге дайын емес, — дейді Массикот, Майкл Кофман мен Роб Ли 26 қаңтарда War On The Rocks берген сұхбатында.

Авдеевканы басып алғанына қарамастан, Ресей әскерінің 2024 жылы қаншалық алысқа баратыны белгісіз. Украина әскери барлау қызметінің басшысы, генерал-лейтенант Кирилл Буданов өткен аптада The Wall Street Journal басылымына берген сұхбатында “Ресей әскерінің басты стратегиялық мақсатына қол жеткізіп, Донецк және Луганск облыстарын толық жаулап алуға қауқары жетпейді” деді.

Сарапшылар Ресей үшін бақылауындағы территорияларды ұстап қалып, шығыс пен оңтүстіктегі жаңа аймақтарды басып алу — үлкен жоспардың бір бөлігі ғана, Мәскеудің түпкі мүддесі басқа деп есептейді.

— Ресейдің стратегиялық мақсаты — Украинаны толық бағындыру. Қазір Мәскеу жеңіске жетіп жатырмын деп ойлайды. Ресейлік делдалдар ұсынып отырған капитуляция шарты бойынша, Украина Ресейдің қол астындағы территорияларынан бас тартып, НАТО-ға қосылмай, Мәскеу тағайындаған басшыға келісуі керек, — дейді Ұлыбританиядағы патша институтының әскери сарапшылары Джек Уотлинг пен Ник Рейнольдс.

Уотлинг пен Рейнольдстың айтуынша, Ресей бұған майдандағы қысымды үдету арқылы Украинаның оқ-дәрісі мен кадрлық резервін тауысу, Киевтің халықаралық серіктестерін әскери көмек беру ниетінен тайдыру, шайқасты күшейтіп, Украинаны өз шарты бойынша капитуляция жариялауға мәжбүрлеу сияқты үш сатылы процестің көмегімен қол жеткізгісі келеді.

— Бұл мақсаттар 2026 жылға дейін орындалуы керек, — дейді олар.

Әскери жетістіктерінен қуат алған Ресей одан да көп дүниеге көз алартуы мүмкін. Путин билікте болған 25 жылда Кремльдің мақсаты көп өзгерді.

— Ресейдің мақсаты кеңеюі мүмкін. Кремль Украинамен де, НАТО-мен де жасалған келісімдерін бұзды. Ресей қалағанына қол жеткізсе де, Украинаның қалған бөлігін басып алып немесе басқа елде күш қолданбайды деген кепілдік жоқ, — дейді сарапшылар.

Екінші жағынан, Ресейдің 2024 жылғы сәтсіздіктері одан кейінгі жетістіктерін қиындатады. Бұл тұста Батыстың әскери көмегі өте маңызды.

— Украинаның халықаралық серіктестері тиісті көмек көрсете алмаса, Ресейдің жеңіс теориясы шындыққа айналады. 2024 жылы батыс шабуылға төтеп беру үшін жақсы қолдау көрсетсе, 2025 жылы Ресей көп жетістікке жете алмайды. 2025 жыл нашар өтсе, 2026 жылы Киевті капитулцияға мәжбүрлей алмайды, — дейді Уотлинг пен Рейнольдс.

Басқа сарапшылар да биылғы оқиғалар соғыс барысын анықтайды деген пікірмен келіседі.

— Қазір қабылданған шешімдер 2024 жылы Украина әскерінің өз позицияларын қорғап қалуына, 2025 жылы қайта күш жинап, Ресей шабуылдарына төтеп беруіне әсер етеді, — дейді Массикот.

— Бұл белгілердің бәрі соғыс кем дегенде 2025 жылдың басына дейін жалғасатынын көрсетеді. Одан кейінгі жағдай, соғыстың қандай шартпен және қаншалық тез аяқталатыны биылғы жылдың қорытындысына байланысты, — дейді Дейермонд.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG