Accessibility links

Макрон Украинаға әскер аттандыру мүмкіндігін жоққа шығармады


Франция президенті Эммануэль Макрон мен Украина президенті Владимир Зеленский
Франция президенті Эммануэль Макрон мен Украина президенті Владимир Зеленский

Франция президенті Эммануэль Макрон Ресеймен соғысып жатқан Украинаға көмек беретін әскер аттандыру мүмкіндігін жоққа шығармады.

"Бүгінде құрлықтағы әскер аттандыру мәселесі бойынша нақты консенсус жоқ, бірақ оны мүлде жоққа шығаруға да болмайды. Біз Ресей жеңбеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз", — деді Макрон Парижде өткен Еуропа елдерінің 20 жетекшісі бас қосқан жиында. Саммитке АҚШ пен Канада өкілдері де қатысқан.

Макрон "Украинаға қандай елдер әскер аттандыруы мүмкін" деген сұраққа нақты жауап бермей, әзірге "стратегиялық тұрғыдан екіұшты" жауапта қала беруді қалайтынын жеткізді.

Саммит Макронның ұсынысы бойынша өткен. Онда Ресейдің Украинадағы әскери қимылдарына жауап қарастырылған. "Ресей Украинаны ғана емес, өзге елдерді де басып алғысы келеді, сондықтан үлкен қауіп туғызып отыр", — деді Макрон.

Кездесу кезінде негізгі бес мәселеге назар аудару мәселесі шешілген: кибер қорғаныс, Украинада қару-жарақ пен оқ-дәрі шығаруға арналған бірлескен өндірісті жолға қою, Украина-Белорусь шекарасын нығайту, украин жерін минадан тазалау және Молдова сықылды Ресей тікелей қауіп төндіріп тұрған елдердің қорғанысын күшейту.

Мұнан өзге Макрон Украинаға алыстан соққы жасайтын зымыран мен бомба жеткізумен шұғылданатын жаңа коалиция құрылғанын мәлімдеді.

Макрон сөзінше, Еуропа АҚШ-тағы президент сайлауының қорытындысын күтіп отыра алмайды. "Картаға Еуропаның болашағы қойылып тұр, сондықтан шешімді еуропалықтар қабылдауы керек. Егер бұған өзгелер де қосылғысы келсе, тіпті жақсы, оны бонус деп есептейміз", — деді Макрон.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG