Accessibility links

Атом жұтқан адамдар. Ядролық сынақ полигоны аймағында өршіген дерт пен суицид


"Невада - Семей" қозғалысы Семей облысы Абай ауданында өткізген акция. 1989 жыл. Хасен Оралтайдың жеке қорындағы фото.
"Невада - Семей" қозғалысы Семей облысы Абай ауданында өткізген акция. 1989 жыл. Хасен Оралтайдың жеке қорындағы фото.

Семей сынақ полигоны маңындағы халық арасында бейдауа дерт пен мезгілсіз өлім жиі болатыны жөнінде Азаттықта кейбір деректер сақталған. Оны жергілікті азаматтық хал актілерін тіркеу қызметі құжаттарымен салыстырып көрдік. Олардан алғашқы және соңғы сынақтар кезінде адамдардың дерті мен диагнозы қалай өзгергенін шамалауға болады.

Семей полигоны жабыларда суицид саны артқан
please wait

No media source currently available

0:00 0:26:09 0:00

Азаттық радиосында Семей полигоны маңында тұратын адамдар жазған хаттар мен хабарламалар сақталған. Бұл деректер Азаттық радиосында ұзақ қызмет атқарған Хасен Оралтайдың Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада сақтаулы тұрған жеке қорынан алынды.

"ПОЛИГОНДЫ ЖАПҚАН – ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ"

Семей полигоны маңындағы адамдар алғашқы ядролық жарылыстар жасалғанда, сутегі бомбасын сынақтан өткізген кезде сынақ алаңынан 200-300 км жерге уақытша көшірілген. Кейін олар үйіне оралып, күнделікті күйбең тіршілікке кірісті. 42 жыл сынақ алаңы болған аумақта Совет одағы кезінде адамдар бұл туралы сыбырласып сөйлесетін.

Тек 1989 жылы ақпан айындағы жарылыстардан соң сынақ аумағындағы улы газ әскери қалашыққа жеткен соң шындық ашық айтыла басталды. Осы оқиғадан кейін құрылған "Невада – Семей" антиядролық қозғалысы 1991 жылы ресми түрде Семей полигонын жабуға қол жеткізді.

Халықтық қозғалыс халықаралық дүмпу туғызып, ақыры сынақ алаңы жабылып тынды. Бұл туралы осы қозғалыстың жетекшісі болған ақын, сол кезде өзі депутат, әрі Қазақстан Жазушылар одағын басқарған Олжас Сүлейменов 2021 жылы былай деп еске алады.

– Біз СССР-дің сол кезде шатқаяқтап тұрған үкіметінен және өзіміздің Қазақ советтік республикасынан енді полигонды ресми түрде жабуын талап етуді жалғастыра бердік. Ақыры полигон жабылды. Полигонды жабу туралы өкімге Қазақстан үкіметі, сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойды. Бірақ полигонды жапқан ол емес екені түсінікті, полигонды жапқан Қазақстан халқы болатын, – дейді ол.

АЖАЛ АУЗЫНДАҒЫ АХУАЛ

Олжас Сүлейменов 1989 жылы "Невада-Семей" қозғалысының алғашқы құрылтайында Семей полигоны маңындағы тұрғындардан хат көп келетінін айтқан.

Ал Азаттық радиосының ардагері Хасен Оралтайдың жеке қорында сақталған, Семейден жеткен құжаттар мен хабарламалар да осы тұста жазылған.

Абай ауданы Сарғалдақ ауылдық советіне қарасты аумақтағы кісі өлімі туралы хабарлама. 1989 жыл. Хасен Оралтайдың жеке қорынан.
Абай ауданы Сарғалдақ ауылдық советіне қарасты аумақтағы кісі өлімі туралы хабарлама. 1989 жыл. Хасен Оралтайдың жеке қорынан.

Бірақ бұл хаттар мен хабарламалар Азаттық радиосы үшін тікелей жазылды ма, әлде басқа жаққа жазылған жерінен Азаттыққа айналып келді ме – ол жағы әзірге белгісіз.

Сол хаттардың негізгі мазмұны мынандай болып келеді. Мәселен, Семей облысы Абай ауданына қарасты Сарғалдақ селолық атқару комитетінің хабарламасында бір жастағы балалар арасындағы шығын, қатерлі ісік дертінен қайтыс болған ересектер және өзіне қол салып өмірмен қоштасқандар жайында айтылады.

Тағы бір хабарламада 1985-1989 жылдарғы жарылыс салдарынан Мұқыр ауылдық советіне қарасты аумақта қайтыс болған адамдардың тізімі келтірілген.

Құндызды ауылдық советіне қарасты аумақтағы кісі өлімі және психикалық ауруға душар болған адамдар туралы хабарлама. 1989 жыл. Хасен Оралтайдың жеке қорынан.
Құндызды ауылдық советіне қарасты аумақтағы кісі өлімі және психикалық ауруға душар болған адамдар туралы хабарлама. 1989 жыл. Хасен Оралтайдың жеке қорынан.

Ал Құндызды ауылдық советі бойынша құжатта өз-өзіне қол жұмсаған адамдар мен психикалық дертке ұшырағандардың тізімі жазылған. Осындай тізімді Күлмен ауылдық кеңесінен түскен құжаттан да көруге болады.

Ал Абай аудандық өнеркәсіп одағынан түскен мәлімдемеде себебі белгісіз мал шығындары жөнінде айтылған. Тағы бір құжатта сынақ алаңы – Дегелең маңындағы шаруашылықтардың жайылымы, егістігі су көздеріне келтірілген зардап мөлшері көрсетілген.

Бұдан басқа "Невада – Семей" қозғалысы ұйымдастырған акциялардан түсірілген суреттер де бар.

"Невада - Семей" қозғалысы Семей облысы Абай ауданында өткізген акцияда сөйлеп тұрған мектеп оқушысы Балнұр Сыдықбаева. 1989 жыл. Хасен Оралтайдың жеке қорындағы фото.
"Невада - Семей" қозғалысы Семей облысы Абай ауданында өткізген акцияда сөйлеп тұрған мектеп оқушысы Балнұр Сыдықбаева. 1989 жыл. Хасен Оралтайдың жеке қорындағы фото.

Астанадағы ұлттық академиялық кітапханада Хасен Оралтайдың жеке қорында сақталған Семей полигонына қатысты деректер сипаты осындай.

СОҢҒЫ СЫНАҚ ШЫНДЫҒЫ

Хасен Оралтайдың жеке қорында сақталған хабарламаларда Семей полигоны маңындағы ауыл адамдарының денсаулығы туралы деректер айтылады.

"Аудандық совет атқару комитеті председателінің орынбасарына Сарғалдақ ауылдық советі атқару комитетінен" жазылған хабарлама былай басталады.

"Семей полигоны біздің совхоздың орталығына 70 километр жерде орналасқан. Ал совхоздың Құс фермасы (Семей учаскесі) 40 километр жерде ғана, оның жекелеген қыстаулары 10-15 километр жерге орналасқан. Халықтың қарсылығына қарамастан, полигонда сынақ жұмыстары үсті-үстіне жүргізілуде... 19.10 күні сағат 15:50-де тағы да бір жарылыс болды. Осының бәрі халықтың денсаулығына зиянды әсерін тигізуде. Оны мынадан көруге болады", – деп басталады хабарлама.

Осы құжатта бір жасар үш баланың аты-жөні аталып, қалшылдақ дертінен және миынан ауырып шетінегені айтылады. Хабарламаға қарағанда, тағы да бес ересек адам 1985-1989 жылдары қатерлі ісіктен қайтыс болған. Сарғалдақ ауылдық кеңесінің хабарламасында "асылып өлгендер" деген тізіммен суицидке барған, жас мөлшері 23-31 жас аралығындағы сегіз адамның аты-жөні жарияланған.

Қазір Тоқтамыс ауылдық округі аталатын Сарғалдақ ауылдық кеңесі – бір кездегі Семей облысы Абай ауданындағы сынақ полигонына жақын орналасқан ауыл аумағы.

Бұл хабарламада айтылған 1989 жылғы 19 қазандағы жарылыс Семей полигоны тарихындағы соңғы сынақ болып есептеледі.

ҚАТЕРЛІ ІСІК, СУИЦИД, ПСИХИКАЛЫҚ ДЕРТ...

Мұқыр селолық советі 1985-1989 жылдар аралығында "полигонда сынақ жасаудың әсерінен" қайтыс болған 15 адамның тізімін келтірген. Оның ішінде алты адам "ас қорыту жүйесі рагынан", бес адам "асқазан, өкпе және бауыр рагынан", ал қалған адамдардың лейкоз дертінен дүние салғаны көрсетілген. Марқұмдардың мамандығы тракторшы, шопыр, жұмысшы, бухгалтер, мұғалім, тәрбиеші болып келеді. Көбінің жасы елудің ар жақ-бер жағын шамалайды.

Семей ядролық сынақ полигонында сынақтар жасалған жылдары Абай ауданы Медеу ауылдық советіне қарасты аумақтағы кісі өлімі және психикалық ауруға душар болған адамдар туралы хабарлама. Хасен Оралтайдың қорынан.
Семей ядролық сынақ полигонында сынақтар жасалған жылдары Абай ауданы Медеу ауылдық советіне қарасты аумақтағы кісі өлімі және психикалық ауруға душар болған адамдар туралы хабарлама. Хасен Оралтайдың қорынан.

Ал тағы бір хабарламада Медеу ауылдық советіне қарасты аумақтағы "асылып өлген және психикалық ауруларға ұшыраған, есепте тұратын адамдардың" тізімі жарияланған. Қайтыс болған сегіз адамның төртеуінің суицидке барғаны, қалғаны қатерлі ісік салдарынан дүние салғаны көрсетілген. Алты адамның психикалық ауруға ұшырағаны айтылады. Олардың диагнозы ретінде шизофрения, олигофрения және эпилепсия дерттері аталған.

Құндызды ауылдық советінен де осындай тізім ұсынылған. Мұнда суицид жасағандар саны – тоғыз. Психикалық ауруға шалдыққандар саны да тоғыз. Құндызды – Абай ауданында Семей полигонынан алыстау орналасқан ауыл, Аягөз ауданымен шектеседі. Сынақ алаңымен арадағы қашықтық 180-190 километр. Соған қарамастан суицид пен аталған ауру түрі полигон түбіндегі ауылдар көрсеткішімен бірдей деуге болады.

Ал Күлмен ауылдық кеңесі ұсынған тізімде де психикалық дертке ұшыраған сегіз адам аталады, тізімі бар.

"МАМАНДАР АНЫҚТАЙ АЛМАҒАН" МАЛ АУРУЛАРЫ

1989 жылғы 23 қазанда Абай аудандық агроөнеркәсіп одағының бас мал дәрігері Манатай Толғанбаевтың мәлімдемесі "Кейінгі жылдары полигонға байланысты ауылшаруашылық малдары арасынан белгісіз аурулар білініп, малдардың көптеп өлім-жітімге ұшырау фактілері кездеседі", – деп басталады.

Абай аудандық агроөнеркәсіп одағының бас мал дәрігері Манатай Толғанбаевтың аудандағы мал шығыны туралы мәлімдемесі. 23 қазан, 1989 жыл. Хасен Оралтайдың жеке қорынан.
Абай аудандық агроөнеркәсіп одағының бас мал дәрігері Манатай Толғанбаевтың аудандағы мал шығыны туралы мәлімдемесі. 23 қазан, 1989 жыл. Хасен Оралтайдың жеке қорынан.

Осы құжатта 1981 жылы Қызылту совхозынан 33 бас жылқының бір күнде өлгені, 1985 жылы осы совхоздан – 110 бас, Молдағалиев совхозынан 30 бас жылқының бір-екі күн ішінде "белгісіз аурудан" өлгені айтылады. Осыған ұқсас жағдай 1987 жылы Тельман совхозында қайталанып, бір күнде 20 бас жылқы өлгені туралы дерек келтіріледі. "Биыл 1989 жылы август айында 1 күнде 25 бас жеке меншік жылқы өлді. Осы жылқылардың ауруын анықтауға облыстан, республикадан арнайы ғалым мамандар келіп, нақтылы аурудың түрін анықтап бере алмады", – деп жазған ауданның бас мал дәрігері. Айтуынша, өлген жылқылар "пастереллез ауруына ұшыраған" деген болжам жасалған.

"Негізінде жылқы малы "пастереллез" ауруымен ауырмайды, бұл жөнінде осы уақытқа дейін еш жерде ғылыми түрде дәлелденбеген және күнделікті практикалық жұмыстарда кездескені туралы еш жерде жазылмаған", – дейді Манатай Толғанбаев мәлімдемесінде.

Ол бұған қоса 1980-1983 жылдары Тельман совхозындағы үш отар қойдан нерв жүйесі ауруы белгісімен шамамен 2500 мал қырылғанын айтады.

Мәлімдемеде қайталана аталған Тельман совхозы Семей полигонының тура іргесіндегі шаруашылық, қазіргі Саржал ауылдық округіне қарасты аумақ. Осы совхоздың қыстау, жайлаулары бір кезде сынақ апандарынан небәрі бірнеше жүз метрде орналасқан.

ТАРТЫЛҒАН БҰЛАҚТАР, ҚҰРҒАҒАН ҚҰДЫҚТАР

Абай аудандық агроөнеркәсіп одағының бас мал дәрігері Манатай Толғанбаевтың осы мәлімдемесінде 1987 жылы Ақбұлақ совхозында үш отар қойдың жүні сыдырылып түсіп, орнына жарақат пайда болғаны айтылады. Мұндай оқиға 1988 жылы – Құндызды, 1989 жылы Қызылту совхоздарында қайталанған.

Бұл ауруларға қатысты да "лабораториялық зерттеулер нәтижесі белгісіз қалды" деген ауданның бас мал дәрігері 1989 жылы үш отар қойдан жас туған 800 қозының көзін ақшел басып көрмей қалғанын баяндайды. Бұған қоса ол қойдың басқа да белгісіз дерттен өліп жатқанын, оған облыстан келген мамандармен бірге малды ауылдарды аралап жүргенде өздері де куә болғанын айтады. Ал Абыралы совхозындағы белгісіз ауру тек малшылар қоныс ауыстырған соң тиылған.

Абай аудандық агроөнеркәсіп одағының бас агрономы Белгібай Дәуітбаевтың Дегелең учаскесіндегі шаруашылықтардың жері мен су көздеріне келтірілген зиян мөлшері туралы хабарламасы. 1989 жыл. Хасен Оралтайдың жеке қорынан.
Абай аудандық агроөнеркәсіп одағының бас агрономы Белгібай Дәуітбаевтың Дегелең учаскесіндегі шаруашылықтардың жері мен су көздеріне келтірілген зиян мөлшері туралы хабарламасы. 1989 жыл. Хасен Оралтайдың жеке қорынан.

Ұсақ мал ғана емес, ірі қара да нерв жүйесі белгісімен ауырып, жиі өлім-жітімге ұшыраған. Бұл туралы да лабораториялық зерттеуге материалдар жіберілгенімен, нақты ештеңе анықталмады деп жазады Абай аудандық бас мал дәрігері Манатай Толғанбаев.

Абай аудандық агроөнеркәсіп одағының бас агрономы Белгібай Дәуітбаевтың хабарламасында Дегелең учаскесіндегі Семей облысы Абай ауданы шаруашылықтарының жері мен су көздеріне келтірілген зиян мөлшері кестемен көрсетілген.

Семей полигонындағы жерасты жарылыстарының көбі осы Дегелең тауының қойнауында жасалған. Сол кезде ауданға қарасты 11 совхоздағы жайылымдар мен егістік жерлердің 58 мың 220 га бөлігі жел эррозиясына ұшыраған. Бұл құжатқа сенсек, аудан аумағындағы 109 бұлақ түгелдей тартылып, тек қазылған құдықтар ғана қалған. 1979-1989 жылдар аралығында 843 құдық қазылса, 1988 жылы оның 288-і істен шыққан.

АХАЖ ҚҰЖАТЫНДАҒЫ АҚИҚАТ

Семей полигоны жабылған соң бірнеше жылдан кейін 1997 жылы Семей облысы да жабылды. Бүгінде Абай облысы құрамындағы Абай ауданы 1997 – 2022 жылдары Шығыс Қазақстан облысына қарады. Сол кезде аудан орталығы Қарауылға барып, азаматтық хал актілерін жазу (АХАЖ) бөлімінде "Адамдардың қайтыс болуы" туралы құжаттармен танысқан едім.

Семей ядролық сынақ полигонында сынақтар жасалған жылдары қайтыс болған адамдар туралы Абай аудандық азаматтық хал актілерін жазу қызметінде сақталған деректер.
Семей ядролық сынақ полигонында сынақтар жасалған жылдары қайтыс болған адамдар туралы Абай аудандық азаматтық хал актілерін жазу қызметінде сақталған деректер.

Жоғарыда айтылған адам өлімі мен мал шығыны туралы хабарламаларда Семей полигонындағы соңғы жарылыстар кезіндегі ахуал сөз болса, азаматтық хал актілері құжаттарында әуеде жасалған алғашқы ашық сынақтар кезіндегі ахуал айтылады.

Онда 1946 жылдан бері аудан бойынша қайтыс болған адамдардың өлу себебі, айы, күні, марқұмның жұмыс, қызметі және сол өлім хабарын кім жеткізгені тіркеліп отырған екен.

АХАЖ бөліміндегі 1965 жылға дейінгі құжаттарды қарап үлгердім. Бұл полигондағы алғашқы жарылыстар кезеңінде сол маңда тұрған халықтың денсаулық жағдайы шамамен қандай болғанын сипаттауға айтарлықтай көмек болды.

Совет өкіметі Семей полигонында алғашқы атом бомбасын жер бетінде сынақтан өткізген сәт. 29 тамыз, 1949 жыл.
Совет өкіметі Семей полигонында алғашқы атом бомбасын жер бетінде сынақтан өткізген сәт. 29 тамыз, 1949 жыл.

Семей полигонында ядролық сынақ 1963 жылға дейін әуеде жасалғаны баршаға мәлім. 1963 жылдан 1989 жылға дейін ядролық қаруды жер астында сынақтан өткізді.

Азаматтық хал актілерін жазу қызметі құжаттарында қазаның себебі ретінде әдетте небір ауру түрлері аталады. Дегенмен 1950-жылдарғы диагноздар назар аудартады.

Арасында көліктен құлағандар, суға кеткендер, өрттен өлгендер, құлап, мал сүзіп жарып тастағандар кездеседі.

СУИЦИДКЕ ДЕЙІНГІ ҚАТЕРЛІ ІСІК КЕЗЕҢІ

1946 жылдан 1950 жылға дейінгі диагноздар сипаты көбіне мынандай болып келеді.

Бұл аралықта адамдардың көбі сүзек, тұмау, қызылша, көкжөтел, қылтамақ, құрт ауруы тәрізді дерттен көз жұмғаны айтылса, 1950 жылдан бері қарай қатерлі ісік ауруы өте жиі кездеседі. 1952 жылдан бері шизофрения мен паралич те атала бастайды. Бұл кезде жиі аталатыны – ас қорыту жүйесіндегі және ішектегі қатерлі ісік.

Семей ядролық сынақ полигонында сынақтар жасалған жылдары Абай ауданы Мұқыр ауылдық советіне қарасты аумақтағы кісі өлімі туралы хабарлама. Хасен Оралтайдың жеке қорынан.
Семей ядролық сынақ полигонында сынақтар жасалған жылдары Абай ауданы Мұқыр ауылдық советіне қарасты аумақтағы кісі өлімі туралы хабарлама. Хасен Оралтайдың жеке қорынан.

Елуінші жылдардың ортасында кейбір адамдардың мезгілсіз ажалының себебі "белгісіз ауру" деп, немесе "аурудан өлген" деп жалпылама жазылған. 1958 жылдан бергі диагноздарда "жетілмей туған" деген сипаттама да кездеседі. 1960 жылдан бергі дерттердің ішінде жүрек-қан аурулары мен тыныс жолдары аурулары байқала бастайды. Ми, өкпе, бауыр аурулары да абайлықтардың осы кездегі өлу себебі ретінде көрсетілген.

Ерекше өлім себептері де кездеседі. Мәселен, 1960 жылы ұлты украин деп көрсетілген 25 жастағы Николай Москаленконың 15 маусымда сүйектің тромбоздық сынуы салдарынан дүние салғаны айтылады.

1960-жылдардан бергі аурулардың ішінде кейбір дерт пен диагноз әлгінде айтылған хабарламалармен сәйкес келіп отырады. Тек сол хабарламаларда аталған суицид түрлері 1964 жылға дейінгі құжаттарда бірлі-жарым болмаса, кездеспейді. Оның өзінде екі фактіде адамның "бауыздалып" өлгені айтылған, кейінгі деректерде айтылғандай "асылып өлді" деген жоқ.

1963 жылдан бастап Абай ауданы тұрғындарының өлімінің жаңа себебі ретінде инфаркт, инсульт және мидағы қатерлі ісік дерті атала бастайды.

"Саржал" күйі. Орындайтын автор – Айбек Бекбосын

"Саржал" күйі
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:02:12 0:00

ЖЕТКІЗБЕЙТІН ЖЕҢІЛДІК, ЖЕТІСПЕЙТІН ЖАЙЫЛЫМ

Семей полигоны маңында тұратын адамдардың қазіргі ахуалы қандай? Бұл туралы "Невада – Семей" қозғалысының жергілікті белсендісі, мамандығы дәрігер Болат Серікбаевтан сұрадым. Ол семейліктердің бір кезде берілген әлеуметтік жеңілдіктерден қағылғанын айтып, Абай ауданындағы – Архат және Жаңасемей ауданындағы бұрынғы Знаменка – қазіргі Көкентау ауылдары мысалында сол төңіректегі түйткілдерді былай сипаттады.

– "Невада – Семей" антиядролық қозғалысы құрылғалы 35 жыл өтсе де Семей халқы жеткілікті деңгейде әлеуметтік жеңілдік ала алмай келеді. Ресейде мұндай жеңілдіктің 22 түрі қолданылады. Бізде полигон жабылған кезде ғана осындай әлеуметтік жеңілдіктер жасалды да, кейін билік сол жеңілдіктерді алып тастады. Қазір бұл төңіректегі адамдардың бірталайы зейнет жасына жетпей дүниеден көшіп жатыр. Зейнет жасына жеткендердің өзін ұзақ өмір сүрді дей алмайсың. Ауылдағы жағдай да осындай. Онда мал жайылымы аз. Өзім туып-өскен Архат ауылына былтыр барғанымда адамдар малын сатып жатты. Өйткені жайылатын өріс жоқ, бар жайылымның өзі аз, "мал арық" деп отырды халық. Мәселен, сол Архат маңынан алтын кеніші ашылып отыр. Жайылым жетпей жатқанда бұл да жақсы емес. Алтын қазғанда оны рудадан ажырату үшін цианид, азотты қолданады. Бұл тағы да сондағы адамдардың денсаулығына зиян. Суы нашар Знаменка маңында да алтын кеніші ашылмақ. Сонда барсаңыз, 45 жастағы жігіттердің аузында бірде бір тіс жоқ екенін көресіз, – дейді Болат Серікбаев Азаттыққа.

"Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының бүгінгі эпизодында Семей полигоны маңындағы ауылдардан жазылған хабарламаларға шолу жасадық, АХАЖ құжаттарын парақтадық. Сол арқылы алғашқы жарылыстар мен соңғы жасалған сынақтардың адам денсаулығына әсерін сипаттауға тырыстық. Әлбетте, бұл сол маңдағы көріністі толықтай дәлелмен жеткізіп береді деп айтуға келмес. Дегенмен одан басқа дерек көздері де кемшін. Ал алғашқы жарылыстан бергі 77 жыл ішінде жер мен топыраққа және жер иесі – жергілікті адамдарға жеткілікті қамқорлық жасалмай келеді. Бұл туралы "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының бүгінгі эпизодында толығырақ айтылады.

Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG