Accessibility links

FT: Ресей БҰҰ санкциясына қарамастан, Пхеньянға мұнай таси бастады


Ресей БҰҰ-ның 2017 жылы Пхеньянға қарсы ядролық қаруды сынақтан өткізуіне жауап ретінде енгізген санкцияларына қарамастан, Солтүстік Кореяға тікелей мұнай таси бастады. Бұл туралы Financial Times газеті жазды.

Басылымның хабарлауынша, 7 наурыздан мұнай тасымалдана бастаған. Бұл — БҰҰ санкциялары енгізілген сәттен бергі құжатталған алғашқы жайт. Спутниктен түсірілген суреттерге сәйкес, наурызда Ресейдің Қиыр Шығысындағы "Восточный" портынан кемінде бес солтүстіккореялық мұнай танкері сапарға шыққан. Кейін екі кеме Солтүстік Кореяның Чхонджин портын бетке алған. Олар мұнайды сол жаққа жеткізген деп жазды Financial Times.

Ұлыбританиядағы Корольдік біріккен қызмет институтының (RUSI) ғылыми қызметкері Джозеф Бирннің айтуынша, бұл кемелердің кейбірі БҰҰ тізіміне енгізілген, бұл олар шетелдік порттарға мүлде кіре алмайды дегенді білдіреді.

Солтүстік Кореяға қарсы санкциялардың сақталуын қадағалайтын БҰҰ тобының бұрынғы үйлестірушісі Хью Гриффитс мұнай жеткізуді "қазір күйреу алдында тұрған санкциялар режиміне толық шабуыл" деп санайды.

Financial Times жазуынша, Пхеньян былтыр тамызда Ресейге оқ-дәрі жеткізе бастады, ал Мәскеу оны Украинамен соғыста қолданған. RUSI мәліметінше, "Восточный" порты қару-жарақ жеткізуге пайдаланылған ресейлік кемелерге жүк тиеу пункті ретінде де пайдаланылған.

"Бұл – "қаруды мұнайға айырбастайтын" бартерлік келісім. Ол Владимир Путиннің өзі қол қойған санкцияларды ашық түрде бұзады", – деді Хью Гриффитс.

Газеттің мәліметінше, Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл жағдайға пікір беруден бас тартты.

  • Ақпанда The New York Times газеті Ресей өзі алған оқ-дәрінің қарымы ретінде Солтүстік Кореяға халықаралық қаржы жүйесінің мүмкіндіктерін пайдалануға рұқсат беріп, БҰҰ санкциясына ілінген Солтүстік Кореяның бірқатар активін бұғаттан босатты деп хабарлады. Дереккөздердің айтуынша, Мәскеу Пхеньянға халықаралық қауымдастық мойындамаған Оңтүстік Осетияның банктерінен есепшот ашуға рұқсат берген. Грузия ол аймақты Ресей басып алған аумақ деп есептейді.
  • 2023 жылы қазанда Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Кирби Солтүстік Корея Ресейге қару-жарақ партиясын жеткізді деп мәлімдеді. Ақ үй Солтүстік Кореяның қоймасынан алынған оқ-дәрі партиясы көрінетін сурет жариялады. Қару-жарақ Ресей туын көтерген кемеге тиеліп, Ресейдің оңтүстік-батысындағы қоймаға жөнелтілген.
  • БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше жеті мемлекет Ресейді Пхеньянмен әскери-техникалық әріптестікке салынған эмбаргоны бұзды деп айыптаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG