Accessibility links

Тасқын суға байланысты Ақтөбе қаласында төтенше жағдай жарияланды


Тасқын су басқан Ақтөбе. Ақтөбе қаласы, 27 наурыз, 2024 жыл
Тасқын су басқан Ақтөбе. Ақтөбе қаласы, 27 наурыз, 2024 жыл

28 наурызда кешкісін Ақтөбе қаласында төтенше жағдай жарияланды. Мұның алдында өңір басшылары шұғыл жиын өткізіп, Елек пен Қарғалы өзені жағалауындағы 906 отбасын қауіпсіз жерге көшіру туралы шешім қабылдаған.

– Ақтөбе су қоймасына бір тәулікте 150 млн текше метрден астам су құйылған. Су қоймасы мұндай көп мөлшердегі суды сиғыза алмайды. Қалаға қауіп төніп тұр. Сол себепті Ақтөбе су қоймасына жиналған суды Елек өзеніне жіберу туралы шешім қабылданды, – деді Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті Елек пен Қарғалы өзенінің жағалауындағы тұрғындарды жұмаға қараған түні эвакуациялай бастады. Тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру үшін бірден 80 автобус жіберілген. Қала әкімдігі Ақтөбедегі 18 мектепте эвакуация орталығы әзірленгенін хабарлады.

«Елек пен Қарғалы өзендерінің бойындағы, Кірпішті елді мекеніндегі бау-бақша ұжымдарындағы тұрғындардың тез арада үйді босатуын сұраймыз. Екі өзеннің жағалауындағы бау-бақша ұжымдарында 906 отбасы бар. Бізге ең алдымен адамдардың қауіпсіздігі керек. Сондықтан түсіністік танытыңыздар» деп хабарлады Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті.

Тасқын басталған екі тәулік ішінде Ақтөбе қаласындағы 73 үйді су басқан. Қарғын су астында қалған үйлерден 155 тұрғын эвакуацияланған.

Қарғын судан Ақтөбе облысындағы 12 ауданның Қарғалыдан өзгесі түгел зардап шеккен. Әсіресе Қобда ауданындағы ахуал қиын. Қобдада жүзден астам үй мен ондаған ғимарат су астында қалып қойды. Бейсенбі күні кешкілік Ақтөбе облысының Қобда, Темір мен Мұғалжар аудандарында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG